Алматы-Өскемен тас жолында жантүршігерлік жол апаты орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Апат салдарынан 4 адам қайтыс болып, біреуі зардап шекті. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті мәлім етті.
«Алматы-Өскемен тас жолында Toyota Windom мен Lexus LX 570 көліктері соқтығысқан. Бірі бұрылып жатқанда қарсы бағытта келе жатқан екінші көлік келіп соғылған.
Оқиға орнында Toyota Windom көлігінің 21 жастағы жүргізушісі мен үш жолаушы қайтыс болды.
Сондай-ақ, Қапшағай ауруханасына түрлі жарақатпен 50 жастағы әйел жеткізілді», делінген ведомство таратқан хабарламада.
Алдағы уақытта тергеу Қылмыстық кодекстің 345-бабына сәйкес, яғни жүргізушінің абайсызда екі және одан көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін сақтамауы бойынша жүргізілетін болады. Қажетті сараптамалар белгіленді.