• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2010

АРАБ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖЫЛЫ ЛЕБІ

1145 рет
көрсетілді

Мамырдың 11-і мен 14-і аралығында өткен Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы мәдениет күндері елорданы ислами имандылықтың әуеніне ұйытты. Адамның кеудесіндегі керім сезім­ді түйсінуге көп уақытты сарп етудің қажеті жоқ. Кісінің тыныс-тіршілігіне, арман-мұратына қарап-ақ көп жәйтті аңғаруға болады екен. Арабтың музы­касын тыңдап, биін тамашалап оты­рып, “Керуен” сауда ойын-сауық орта­лығындағы “Әмір­лік ауылы” этно­қа­лашық түріндегі салт-дәстүрлер көрмесін аралап шығып, ұлт­тық тағам­дарын дайын­дау көрініс­теріне, қылқалам, қол­өнер шебер­лері­нің көр­ме­леріне куә бола келе бұл халық­тың өзімізден соншалық бөтен емес екенін, кей тұста ой-мұраттары бір жер­де тоғы­сып, ортақ мүддеге құры­ла­­тынын ұқтық. Араб мәдениеті, ис­лам өрке­ниеті атты құндылықтар адам­герші­лік пен иман­дылық ізгілік­тері үшін қызмет ететі­нін түйсіндірді. Өйт­кені, олар бұрын-соңды мәдениет күндерінің дәстүрін­де кезікпеген үлгімен Қарт­тар үйі мен №61 орта мек­­­тепте өнер көрсетті. Бір кел­генде жалғыз­дықтан жабырқаған шерлі жандар­дың көкірегіндегі мұң мен мұзды бірден жібітіп жібермес, деген­мен де араб өнерпаздарының осын­дай орындарда қайырымдылық саздарын әуелетіп кеткені кім-кімге де үлкен ой салары анық. Араб елінен келген би ұжым­ының ұлттық өрнекке құрылған пластика­лық қимылдары қарттарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жай қалтадан рухани қалтаның бос бол­ғаны қиын. Қазіргі қоғамның бір дерті осы болып тұр. Мейі­рімсіздік пен қатыгездік жайлап бара жатпаса, балалар үйі, қарттар үйі қалай пайда болды? Жүректер­ге жылу жетпей жатыр. Сол жылу әсем ән-би арқылы аз да болса қарт­тар мен сәбилердің жүрегін мейі­рім шуағына қандырсын деген оймен келген араб өнерпаздары мақсат­тарына жеткендей. Қарттар өздеріне арнайы атбасын бұрған Араб елінің би ұжымына тағы да келіңіздер деген қимастық сезімдерін жасырмады. Ал №61 орта мектебінде Бірік­кен Араб Әмірліктерінің шығармашы­лық ұжымы концерт берді. Мә­дениет министрлігі мен “Қазақ­стан хал­қының рухани даму қоры” акцио­нерлік қоғамының қолдауы­мен жүзеге асырылған мәдени шара барысында елорда жұртшы­лығы Араб елінің мәдениеті мен салт-дәс­түрінен біраз мағлұмат алып, “Әмір­­лік ауылы” этноқала­шық түрін­дегі көрмеден араб же­рін мекендейтін халықтың ертедегі тарихы мен өмірі жайлы қызықты деректер тапты деп ойлаймыз. Баспананың түрлі үлгі­лерінің өзі өткен тарихтан көп сыр шертіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Қазақ­стандағы мәдениет күндерінде ұсы­нылған ғажайып нақыштарды бір-бірлеп тамашалағанша төрт күндік шараның көзді ашып-жұмғанша қалай өте шыққанын байқамай қалған жандар да бар. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.