Көзге елеусіздеу тұрған «Музей үйді» баяғыдан байқап жүргенмін. Ауласының есігі шалқасынан ашық жатса да, осыған дейін табалдырығына табаным тиіп көрмепті. Менің ғана емес, сол музейді көрдік деп ауыздарының суы құрып әңгіме айтқан жан баласын да білмейді екенмін...
Ұмытпасам, 2015 жылы ғой деймін, Өскеменнен түстік жердегі Сібе көлінің жағасында дүркіреген фестиваль өтті. Суасты балықшыларының сайысы. Күн күйіп тұр. Ырду-дырду ел... Сол кезде ғой, шатыр астында ұйымдастырылған көрмеде ағаштан ойылған ерекше мүсіндер көзді арбаған. Ерекше деп отырғаным, ергежейлілер мен мультфильм кейіпкерлері еді. Жасаған шебер кім екенін сұрағанымда, Өскемендегі «Музей үйде» жұмыс істейді дескен. Аңсарым ауған музейге әне барамын, міне барамын деп жүргенде, жеті жыл уақыт өтіпті. Дәм ғой, жуықта ғана сол музейдің қожайынымен жолығысып қалдық. Қазақ хандығына арналған экспонаттар әзірлеп жатқанын айтты. «Адам айдаса, бармаймын, дәм-тұз тартса, қалмаймын» демекші, ертесі алаң-елең уақытта алып-ұшып жетіп бардым...
Оюлы ағаш есікті ашып, ішке кіре бергенде музейге емес, бөгде бір әлемге еніп бара жатқандай күйге түстім. Мүлдем бөлек атмосфера. Әдеттегі барып жүретін музейлердей емес, сөзбен айтып жеткізе алмайтындай тылсым әсері бар. Тіл күрмеліп, ой сан саққа жүгірді. Қолданбалы өнердің нағыз шебері, осы үйдің иесі Юрий Кастаняцпен есендескен соң әңгімені неден бастарымды білмей састым. Кіреберіс есіктің тұтқасынан бастап, іштегі әр бұйымға дейін ағаштан ойылған. Қос қабатты ғимараттың ішкі қабырғаларын жалпақ таспен жымдастыра қаптап, беткі қабатын жылтыратып, майлап қойған. Бәрі-бәрі табиғи. Дәл мұндай музейді классицизм өнерінің іргетасы қаланған Римнен, Петербордан таппайтын шығарсыз.
Шаңырағы биік кең сарай. Ортадан әскери жорыққа аттанғалы тұрған кейіптегі Шыңғысханның мүсіні қасқаяды. Астындағы аты ауыздығын қарш-қарш шайнап, ойнақшып келе жатқандай. Ханның өзі сұсты, қаһарлы. Алдынан шыққан жауды жайратып салардай. Ала шұбар барыстың терісін ердің үстіне жапқан Шыңғыс ханның кескін-келбеті мінез-құлқын ашып тұр. Зер сала қарасаңыз, өмілдірік, құйысқан, қанжығадағы еспе арқанға дейін ағаштан жонылған. Тіпті хан басындағы дулығасының әр қабыршығына дейін ерінбей, еппен ойып шыққан соң Ю. Кастаняц хас шебер емей кім?! Мүсіндерінен иненің жасуындай мін таппайсыз.
Алакөлеңке үйдің ішінде үздік-создық ыңылдаған әуен ойнайды. Санадағы артық-ауыс ойды сылып тастап, ағаш фигураларды көзбен шолып ұзақ жүрдім. Юрий шебер де үндеген жоқ. Музейдің төргі жағына жақындағанда, шымылдықты түріп, қап-қараңғы бөлмеге бастады. Кіре бере қолындағы әлсіз ғана жарық шашатын шамын қосты. Тақта тәкаппарлана хандардың бірі отыр.
– «Орта ғасырдағы Азия» жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл Шыңғыс ханның немересі Батый. Алтын Орданың негізін қалаған. Көрерменге сол заманның рухын сезіндіру үшін Шыңғыс ханның әулетін осындай, қараңғылау бөлмеге орналастырамыз. Олардың бәрін барыстың терісін жамылған кейіпте жасаймыз, – деп өз өнеріне өзі тамсана қарады Юрий шебер. – Ал мынау Қайыр хан, анау Кенесары, – деп дәлізде қаз-қатар тұрған хандар мен батырларды таныстыра бастады. Олардың тарихын, жасалу әдісін әңгімеледі.
Қазақ балаларына алғаш мектеп салған Жәңгір хан, қасқыр ерткен Малайсары, Бөгенбай батыр, Қасым хан, Әбілқайыр хан, 16 жасында екі қабанды сұлатқан Қабанбай батыр, тағысын тағы... Әйтеуір қазақтың хандары мен батырларын түгендеп жүр екен. Тарихи тұлғаларымызды Ю.Кастаняцтің үйінен көру – қазақ тарихына, қазақ еліне деген зор құрметтің белгісі дер едім. «Рухани жаңғыру» деген осындай болса керек-ті.
Әр мүсін өзінше ерекше. Қабанбайды қараңыз, композициясы қандай?! Тұғырда найзалы батыр, төменгі жағындағы қамыс арасында қос қабанмен арпалысқан жас жігіт. Жігіттің қабанға қараған отты жанарына дейін бейнеленген. Жо-жоқ, бояумен емес, жұмыстар тек пышақтың жүзімен ғана жүзеге асады екен. Мұндағы шеберлер зыр еткізіп, тіле салатындай станок пайдаланбайды. Егер фигураларды станокпен жасар болсақ, өнер өледі деген пікірде Ю.Кастаняц. Ертегілер елінде жүргендей мен:
– Мұндай шеберлікпен жасалған дүниелер Эрмитажда жоқ шығар, деймін ғой Юрий шеберге.
– Эрмитаж дейсің бе? Хабарласқан ол жақтан. Петербордан бір суретші келіп, таңғалып кетті. Мұндай музейді алғаш көруіміз дейді. Бәрінен де қолданбалы өнерді оқымағаныма сене алмай басын шайқады.
– Сонда сіздің мамандығыңыз не? – дедім. Иә, суретші болмаса, бұл деген көлденең көк аттыға дари бермейтін өнер.
– Ұшқышпын, – деп мырс етті. – Отыз екі жылдан бері зейнеткермін. Жасым жетпісте. Туған жерім – Баку. Мектепті тәмамдаған соң екі жыл институтта оқып, әскер қатарына аттандым. Келген соң ұшқыштың оқуына түстім. Дипломымды алған соң Қазақстанға жіберді. 1976 жылдан бері осы Өскеменде тұрамын, – деп шешіле сөйлей бастады. – Ұшқыштың оқуында жүргенде-ақ ағаш ойып жүретінмін. Ешкім қолыма қашау, пышақ ұстатып, ағаш оюды үйреткен жоқ. Өнердегі бағытым тарихи тақырып болғандықтан, ағаш жонудан бөлек кітап көп оқимын, тарихшылармен кеңесемін. Жасаған дүниелерім тарихи шындыққа сай болуы керек қой.
– Сонда бір мүсінге мөлшермен қанша уақыт жұмсайсыз? – дедім. Ондағы ойым – саны жоқ мұншама жұмысты жасау үшін жүздеген жыл немесе қажырлы еңбек қажет.
– Мен «бір картинаны алты жыл, он жыл жаздым» дейтін суретшілерге таңым бар. Демек, ол еңбек етпейді немесе суретке икемі жоқ. Мысалы, мен тақтай бетіне рельефті портретті үш-ақ күнде ойып беремін. Ал анау Шыңғыс ханның мүсініне үш ай уақыт жұмсадық.
– Жұмыстарыңызды сатасыз ба? – дедім.
– Күн көруім керек қой. Бірақ мен материалдық байлықтан гөрі рухани байлықты жоғары қоямын. Мен үшін өнер маңызды. Тапсырыспен жасалған бірде-бір дүние жоқ. Баяғыда бір экстрасенс келіп, «төрдегі екі бағанаң таза энергияға толып тұр. Мұндай энергияны басқа жерден көрмедік» деген. Себебі дедім мен, «мұндағы әр бұйым шынайы махаббатпен, жүрекпен жасалған. Мұнда келген адамның ойы да тазарады». Рас, солай. Тағы бірде орта жастағы әйел адам келді. Тылсым күш барын ол да сезді ме, «ұлымды алып келейін бе?» деп рұқсат сұрады. Сөйтсем ұлы арнайы әскери жасақта қызмет еткен бе, әйтеуір қызмет бабында қылмыскерге оқ атып, мерт еткен көрінеді. Соның әсерінен арыла алмай ұзақ жыл жүріп осында келді. Мынау музыка, атмосфера әлгі жігітті стрестен алып шықты, – деп төбе жақтағы пошымы бөлектеу кейіптегі мүсіндерге қарады.
Музей үйдің қарауылдарындай қарулы мүсіндер ұзыннан-ұзақ балконның өр жағында жуан шынжырмен ілулі тұрған секілді. Көмескіленіп, көзге анық көрінбейді. Айтса, айтқандай-ақ. Аурасы басқа бұл үйдің. Арт-терапия деген осы ма деймін. Өскеменге келген туристерді алып келетіндей жер. Қаламызға келген меймандар мұнда ат басын бұрса, Юрий шебер шайын демдеп, тәтті-дәмдісін алдарына тосып, қарсы алатынын да айтып қалды.
– Жетпісінші жылдардан бергі өнеріңізді өзге елде көрсете алдыңыз ба? – дедім екінші қабатқа көтеріліп бара жатқанымызда. Қос қабатты ғимарат іші толған қолөнер. Үй салуды қойып, бір шеге қағып көрмеген жігіттеріміз бар. Олардың қасында Юрий Кастаняц бұл үйді іргетасынан бастап өзі қалап, музей ретінде ұстап отыр. Алдыңғы жылдары екінші қабатынан өрт шығып, бірталай жұмыстары отқа оранған. Соның өзіне сабырмен қараған ол бәрін қайтадан қалпына келтірді.
– Мақтанғым келмейді. Жасаған дүниелерім халықтың көз алдында. Есігім ашық. Келіп көрсін. Менің көрмем жыл көлемінде өтіп жатыр. Жұмыстарым 1990 жылдары Кеңес Одағында бірінші орын алған. Ал 2014 жылы Парижде, Эйфель мұнарасының түбінде «Еуропа» салонында жеке көрмемді өткіздім. Оның өзі әуре болды. Жұмыстарымды Парижге дейін жүк көлігімен апардым. Ол жақтың халқы өнерді шын көңілмен бағалады. Мәдениеті де жоғары. Бірақ сата алмадық. Себебі құжатты дұрыс жасамадық. Құжаттары дұрыс болған күннің өзінде де сатып алмаушы еді. Неге дейсің ғой. Мысалы, еуропалықтарға Абылай хан керек пе?! Мүмкін Рим батырларын жасап апарсам, өтер еді, – дейді Юрий шебер.
Рас, жұмыстарының бірқатары қазақ тарихына, қазақ хандығына, қазақы дәстүрге арналған. Ара-арасында жеңіл тақырыптарға да ерік берген. Қожанасыр, Алдар көсенің образына қарап бір жымиясың. Романтикалық мүсіндер де жоқ емес. Әскерилерге ұқсатып қашаған шахмат фигуралары мен тақтасының өзі қандай?! Адамата мен Хауананы да әр қырынан мүсіндепті. Анималистік жанр да басты тақырыптарының бірі екен. Қабырғаларда қасқыр, аю, арқар, жолбарыс сияқты жыртқыштардың бастарын горельеф жанрында жасапты. Шынайы. Көз жанарлары от шашып, шытынап тұр. Міне-міне бас салатындай.
Музейде орыс ұлтының тарихына байланысты жасаған жұмыстары да аз емес. А.Невскийдің өзі менмұндалайды. Шіркеудің алдында қылышына сүйеніп тұр. Шіркеудің етек жағына қалың қол бекінген. Күмбезінде ағаштан ойып жасалған 5 мың қабыршық бар екен. Бұған қарап, неткен шыдамдылық дедім. Орыстың тарихына байланысты көзге түскен тағы бір мүсін – кемеге мінген майор И.Лихарев. Кеменің желкенінде «1720. Усть-Каменогорск» деген жазуы бар. Яғни И.Лихаревтың Өскемендегі Ертіс пен Үлбінің қосылған тұсына келіп, бекініс салған кезіне арнап жасалған композиция.
– Мынандай шұқыма жұмыстар жалықтырмай ма? – деймін ғой жанашырлық танытқандай.
– Мен ағаш ойып отырып демаламын. Оның үстіне ойыма келген идеялар маза бермейді. Алдағы уақытта күрделі жоба бастағым келіп жүр. Жуықта ғана Рюриктен кейінгі князь – Олег Вещий туралы оқыдым. Заманында бүгінгі Ыстанбұлды басып алған екен. Суреттеп жазылған бір эпизод қатты әсер етті – О. Вещийдің әскері үлкен кемені дөңгелекке қойып, қақпаға алып келген. Сөйтіп, Царьград қаласын басып алған. Қазір композиция көз алдымда тұр: Қоршау. Ішкі жағында күмбезді шіркеу. Қақпаға қағылған алтын қалқан. Уралаған жауынгерлер... Міне, осыны жасағым келеді, – деп ағынан жарылып, жоспарын жайып салды.
Сондай-ақ Құдай қуат берсе, алдағы уақытта қазақтың тарихына қатысты экспонаттарды жеке бөлмеге, орыс халқымен байланысты мүсіндерді жеке бөлмеге топтастырмақшы. Дәл қазіргі уақытта «Ұлы даланың ұлылары», «Қазақстан тарихы», «Ресей тарихы», «Орта ғасырдағы Азия» сынды ауқымды жобалармен жұмыс істеп жатқандығын да баяндады. Юрий Кастаняц жалғыз емес әлбетте, қасында тағы екі шебер бар. Алайда қолданбалы өнерге шынайы қызығатын суретшілер жоқ көрінеді.
Бәрін айт та, бірін айт, мұндай бекзат өнер Юрий шеберге қайдан дарыған десек, атасы Эдуард Казарян микроминиатюраның негізін қалаған екен. Әу бастағы мамандығы скрипкашы Эдуард Казарян кейіннен микроминиатюра жасай бастаған. Ол дегеніміз – көзге көрінбейтін микромүсін. Ондай жұмысты көбінесе микроскоп немесе лупа арқылы ғана көруіңіз мүмкін. Эдуард ақсақал тырнақалды туындысын Сталинге сыйлаған екен. Немересінің айтуынша, иненің жасуына скрипка жасап, симфониялық оркестрде ойнатқан екен. Сонда дейді, кәдімгі скрипканың үні шыққан екен.
Әлемде теңдесі жоқ микромүсіндер жасаған Эдуард Казарян осыдан он жыл бұрын туған жері Арменияда өмірден озыпты. Оның өнер туындылары әлі күнге ұрпақтарының қолында сақтаулы. Сенесіз бе, білмеймін, кәдімгі бір тал шашты ойып, Мұхамед Әли мен Чарли Чаплиннің рингтегі микромүсінін жасап, көпшілікті таңдай қақтырған деседі.
Міне, әлемді тәнті еткен микромүсіншінің немересі Юрий Кастаняц Өскеменде өнермен айналысып жүр. Үндемей ғана үлкен өнерді өлтірмей келе жатқан Юрий шеберге Құдай денсаулық берсе, әлі талай тың туындылар жасап шығарары сөзсіз.
ӨСКЕМЕН