Биылғы наурыз айында Алаштың ардақтысы, жазушы, ақын, тарихшы, тілші-ғалым, этнограф, аудармашы, қоғам қайраткері Нығымет Мыңжанның туғанына 100 жыл толады.
Нығымет Мыңжан қазақтың сөз өнері мен көне тарихы үшін жанкешті еңбек еткен айтулы тұлға ғана емес, ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, халқының есе-теңдігін түгендеу үшін тәуекелге бел буған соқталы қайраткер де бола білді. Әсіресе XX ғасырдың 40-жылдарындағы тарихи Шығыс Түркістан өлкесіндегі қым-қуыт, күрделі саяси күрестерде жас Нығымет туған халқының мүддесін жоқтап, от пен суға кезек түсті. Бұл кезеңдегі Нықаңның қайраткерлік еңбегі құпия ұйым «Сәуленің» қызметтерімен тығыз байланысып жатты.
Нықаң 1941 жылы Үрімжідегі полиция училищесінен оқу тауысып, сол кездегі Шыңжаң провинциясының Қоғамдық қауіпсіздік басқармасында аудармашы, тергеуші жұмыстарын атқарады. Жергілікті биліктің тұрғылықты халықтарға қарсы жасаған сан қилы сұмдығы мен жауыздығына куә болған жас маман 1943 жылы Үрімжідегі тілеулес, жақтас қазақ зиялыларының басын қосып, тәуелсіз «Сәуле» ұйымының құрылуына бас болады. Қытайдағы қазақ интеллигенциясының көшбасшыларының бірі, 1946 жылы желтоқсан айында «Сәулеге» мүше болған марқұм Қабимолла Мәнжібаев ұйымның құрылтайшылары қатарында Сәліс Әміреұлы, Зәкәрия Әшеұлы, Әбдікәрім Ынтықбаев, Мәжит Әбузаров, Халық Қари сияқты тұлғаларды атайды. Қ.Мәнжібаевтің берген куәлігі бойынша, «Сәуленің» жарғысында (Н.Мыңжан дайындаған) «Қазақтың мәдениетін, ағартуын, шаруашылығын дамытуға түрткі болатын ұйым, ешқандай саяси топтармен байланыс орнатпайды», деп ашық жазылған. Оңаша әңгімелерінің бірінде Н.Мыңжан Қ.Мәнжібаевке «Сәуле» тыңшылық ұйым да, феодалдардың қолшоқпары да емес, бұл ұйым Гоминьданнан да, Шарқидан да жасырын, құпия ұйым, тіпті демеушілеріміз Жанымхан қажы мен Қадуан ханым да бұл ұйымды білмейді» деп ескертеді.
Мұндай сақтықтың жөні жоқ емес еді. Өйткені сол кезде өлкеде қалыптасқан жағдайға сәйкес Кеңес Одағының жәрдемімен құрылған Шығыс Түркістан Республикасы (Шарқи) мен жергілікті Қытай әкімшілігі (Гоминьдан үкіметі) арасында күрделі күрестер жүріп жатқан. Осыған байланысты Үрімжідегі қазақ оқығандары да екіге жарылып, бір тобы Шарқиды қолдаса, енді бір бөлігі Гоминьданның сойылын соғады. Ал Н.Мыңжан бастаған үркердей қауым көріністе Гоминьдан жағына шыққанымен, іс жүзінде ұлттың ұпайын түгендеу жолында қиян-кескі саяси күрестің бел ортасында жүреді. Міне, осындай алмағайып кезеңде қазақтың есе-теңдігін, өте-мөте саяси құқығының іске асуын көздеген құпия ұйымның зәрулігі мен қажеттілігі айтпасақ та түсінікті.
Шарқи мен Гоминьдан арасындағы бітімге сәйкес 1946 жылы қыркүйек айында коалициялық үкімет құрылудың қарсаңында «Сәуленің» қызметі жандана түседі. 1945 жылдың аяғына қарай жергілікті билік болашақта құрылуы мүмкін коалициялық үкіметтің құрамына енетін қазақ кадрлары туралы қазақ зиялыларының пікірін сұрағанда, сәулеліктердің ортақ шешімімен белгілі тұлғалар Жанымхан Тілеубайұлы, Қадуан ханым, З.Әшеұлы, С.Әміреұлы мен Н.Мыңжанның кандидатурасы ұсынылады. Соның нәтижесінде, Ж.Тілеубайұлы Қаржы департаментінің басшысы, С.Әміреұлы Үкімет хатшылығы жетекшісінің орынбасары, Қадуан ханым Үрімжі аймағының губернаторы, Н.Мыңжан Қаржы департаментінің жетекші хатшысы қызметтеріне тағайындалады.
Сәулеліктер жергілікті саяси жүйедегі қазақ мүддесін қорғауды басты мақсат етеді. Бұл сөзімізге Тайвань Мемлекет тарихы академиясындағы Президент Чан Кайшидің жеке архивтері коллекциясында сақталған, 1947/10/19 рәсімделген құпия жеделхат куә. Жеделхаттағы деректер бойынша, Хатшылық жетекшісінің орынбасары С.Әміреұлы («Сәуле» құрылтайшыларының бірі) 1947 жылы 13 қазан күні Үрімжідегі қазақтарды жиналысқа шақырып, жергілікті билікке «Коалициялық үкіметтің төрағасының орынбасары қызметінен қазаққа бір орын бөлу; мемлекеттік мекемелердегі қазақ қызметкерлердің үлесін көбейту; қазақ мектептерінің санын молайту; қазақтардың шаруашылығын дамытуға қаржылай жәрдем беру және қазақ малшыларының мойнындағы несиені жою; қазақ малшыларына тиесілі жер телімін арттыру; өлкелік дәріхананың директоры қызметін қазаққа беру; іс-қағаздар жүйесіне қазақ тілін енгізу» секілді талаптар қояды. Сондай-ақ 1946-1947 жылдары Шарқи тарапынан Үрімжідегі қазақ зиялыларына шабуыл жасалып, Н.Мыңжан таяққа жығылып, Үрімжі аймағы губернаторының орынбасары Түркістан Ноғайбаев өлтірілгеннен кейін, «Сәуленің» бастамасымен 1947 жылы сәуір айында Үрімжі төңірегіндегі қазақтар шеруге шығып, Үкіметке өз талаптарын қояды. Сол жылы күзде сәулеліктердің астыртын жұмысының нәтижесінде, қазына қаражатымен қамтамасыз етілген сегізінші қазақ полкі және қаруланған қазақ жасақтары құрылып, Үрімжі аймағындағы қазақтардың қауіпсіздігін қорғауға міндеттеледі.
«Сәуленің» ұсынуымен 1948 жылдың қаңтар айында жасы отызға толмаған Н.Мыңжан бүкілқытайлық заң шығарушы Юаньнің депутаты болып сайланады. Нықаң бұл қызметте де қазақтың саяси мүддесін кеңейтуді басты мақсат етеді. Мысалы, Тайвань Мемлекет тарихы академиясының архивінде сақталған құжатта көрсетілуінше, Ұлттық конгресс депутаты ретінде Нықаң Шыңжаң провинциясы төрағасының орынбасары қызметіне бір қазақ сайлау туралы бастама көтеріп, қолдау табу үшін қытай, дүнген, сібе депутаттарымен байланысқа шығады. Әрі үміткер ретінде Әлен мен Ж.Тілеубайұлының кандидатурасын ұсынады. Сөйтіп, Қытайдағы қазақ мәселесі тағы бір мәрте жоғарғы биліктің назарына ілінеді, Нықаңның белсенді әрекеттері Қытайдағы қазақтың саяси мәдениетінің қалыптасуына да үлкен әсер етеді.
«Сәуленің» қаулысымен ұйым мүшесі, Құтыби ауданы әкімінің орынбасары Оразбай Қалиұлы 1949 жылы көктемде Қытайдың Цинхай провинциясындағы қазақтардың халін білу, оларға жансауға сұрау үшін, Солтүстік-Батыс Қытайдың әскери-әкімшілік басшысы, дүнген милитарист Ма Буфанға елші болып барады. Сол жылдың жазында Гоминьданның әкімшілік қызметкері Кәрім Әкірами де «Сәуленің» тапсырмасымен Ма Буфанға жолығып, сол аймақтағы қазақтардың хал-жағдайынан хабар алып қайтады.
«Сәуле» ұйымы қазақтың шаруашылығы мен мәдениетін дамыту мәселесін де қаперден шығармайды. Сәулеліктер «Ырыс» дейтін компания құрады. Белгілі қайраткер-ғалым Хасен Оралтайдың куәландыруынша, «Ырыс» компаниясының мақсаты қазақтың қолындағы жүн, тері секілді шикізаттың құнын көтеру болған. Компанияны С. Әміреұлы басқарған, алайда көлденең себептерге байланысты компания небәрі бір-ақ жыл жұмыс жүргізіп, жабылып қалады.
«Сәуленің» тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі 1947 жылы «Сәуле» баспасының құрылуы деп сеніммен айта аламыз. Баспаның жұмысына сәулеліктерден өзге белгілі қазақ зиялылары тартылады. «Сәуле» журналы жарық көріп, оған Н.Мыңжан бас редактор болады. Х.Оралтайдың еске алуынша, журналдың алғашқы санында баспа мен басылымға демеуші болған 35 тұлғаның тізімі беріледі. тізімнің ең басына Оспан батыр, Жанымхан қажы, Қалибек Хакім, Қадуан ханым есімдері берілген. «Сәулеге» қосымша әдеби-көркем «Шаншар» басылымы да шығарылады. Осы баспадан «Абай өлеңдері» (алғы сөзін Н. Мыңжан жазған), «Иман-шарт», «Әліппе» т.б кітаптар мен Н. Мыңжанның «Тұрмыс тілшісі» (Қытайдағы қазақ әдебиетіндегі алғашқы повесть), «Қазақ тарихының деректері» еңбектері басылып шығады. Айта кетерлік бір жайт, Нықаң осыған дейін жергілікті басылымдарда «Жауынгер семья» (1942 ж.), «Қыз Жібек жайында» (1943 ж.), «Сегіз бересі борыш» (1944 ж.), «Білім – өмір шырағы» (1945 ж.), «Құныкерлер» (1946 ж.), «Қазақтың ағарту-тәрбие жағдайы» (1947 ж.), «Тінейдің сары құсы», т.б. дастан, пьеса, әңгіме, зерттеулерімен қуатты қалам иесі ретінде танылып үлгерген еді. 1947 жылы «Сәуленің» тапсырмасымен Нықаң Үрімжідегі «Дәрнек» конференциясында қазақтың ата тарихы туралы ұзақ баяндама жасайды. Баяндама мәтіні көп ұзамай қытай тіліне аударылып, Шанхайда шығатын «Ханьхайчао» журналының 1947 жылғы сандарында жарық көреді. Қазақтың бай аңыздарынан сыр шертіп, нақты жазба деректермен түйінделген бұл еңбек жас ғалымның ғылыми ортадағы беделі мен мәртебесін көтереді.
1947 жылдың күзінде «Сәуленің» мұрындық болуымен және жергілікті биліктің бекітуімен Үрімжіде қазақ театры ашылып, жетекшілігіне Х.Қари тағайындалады. Кейінірек театрдың жұмысын белгілі жазушы Бұқара Тышқанбаев жүргізеді. Қытайдағы қазақ өнерінің алғашқы қарлығаштары осы алтын ұяда қанаттанып, топшысын бекітеді. Шығыстағы қазақ өнерінің көшін бастаған осы өркениет ошағы бүгінгі күнде Іле қазақ автономиялы облыстық ойын-сауық үйірмесі (ән-би ансамблі) деген атпен жұмысын әлі жалғастырып келеді.
1948 жылы Үрімжіде ашылған Тіл мектебіне қазақ балаларының қабылдануы да сәулеліктердің құлшынысының арқасы екенін Қ.Мәнжібаев өз естелігінде атап көрсетеді. Осы мектепте білім алған қазақ жастарының қатарында Әзімқан Тішанұлы, Меллатқан Әленұлы, Нариман Жабағытайұлы сынды болашақ сөз зергерлері де болды.
Қ.Мәнжібаевтің куәландыруынша, «Сәуле» ұйымының қызметіне Н.Мыңжан басалқа болған. Сірә, шешімдердің барлығы Нықаңның қатысуымен, қадағалауымен жасалып отырған. Бұған оның қазақ-қытай зиялыларының арасындағы биік беделі және белгілі саяси тұлғалармен, мысалы, Бұрһан Шаһидимен дос-жарлығы мүмкіндік берсе керек.
Құжаттық деректердің тапшылығына, әсіресе 1950 жылдан кейінгі «Сәуле» ісіне» байланысты тергеу материалдарының әлі күнге құпия сақталуына байланысты «Сәуленің» тарихы және ондағы Н.Мыңжанның қайраткерлік қызметі туралы әңгімені осымен доғаруға мәжбүрміз. Дегенмен осы ұсынылған деректердің өзі жас Нығыметтің күрделі тағдыр жолындағы қайраткерлік қызметінің біраз қырларын ашуға көмектеседі деген ойдамыз.
Ерлан МАЗАН