Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы саяси және экономикалық өзгерістердің дәйекті әрі батыл жүргізіліп жатқанын айғақтайды.
Мемлекет басшысы нақты тапсырмалары арқылы Қазақстанның саяси ауысулар жүйесін кезең-кезеңмен қалыптастырды. Оның ішінде, әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыруға, әскери қызметтің беделін көтеруге және жеке құрамның жауынгерлік рухын қолдауға бағытталған Қарулы Күштерді жаңғырту іске асырылуда.
Айтылған реформалардың мазмұны және әкімшілік-аумақтық жаңалықтар шын мәнінде тарихи тұрғыда маңызды. Бұл ретте Жолдау азаматтарды Жаңа Қазақстанды құруға тарту үшін көп мүмкіндіктер беретінін айрықша атап өтуге болады.
Сайлау заңнамасындағы, парламенттік және партиялық құрылыстағы, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы, Президент пен әкімдерді саяси партиялардың қызметінен алшақтатудағы өзгерістерді атап өтудің өзі жеткілікті. Халықаралық нормаларға сәйкес азаматтардың құқықтарын сақтау жөніндегі жұмыс күшейтіліп, Конституциялық сот қайта құрылатын болды.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси инновациялар, бір жағынан, демократиялық бастауларды нығайтса, екінші жағынан, мемлекеттің тұрақтылығын арттыруға жұмыс істейді.
Қаңтар оқиғасы азаматтардың бостандықтары мен ұлттық қауіпсіздіктің басымдықтары арасындағы тепе-теңдіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берді. Бұл құндылықтар мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын қорғаудан және халықтың түпкі мүдделерін қамтамасыз етуден тұрады деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл тұрғыда бүгінде Қарулы Күштерде де реформалау процесі жүргізілуде. Гибридті қауіптер көбейіп жатқан уақытта ұйымдық, техникалық және технологиялық деңгейлер өзгеруде. Әскерлердің жауынгерлік даярлық жоспарларына түзетулер енгізіледі. Бұл ретте стандартты емес міндеттерді орындауға, шешімдерді жедел қабылдауға және ведомствоаралық үйлестіруге ерекше назар аударылатын болады.
Президенттің Жарлығы бойынша Қорғаныс министрлігіне қарайтын Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оларға аса күрделі міндеттерді орындау, соның ішінде терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген.
Әскерлерді ақпараттандыру және роботтандыру деңгейін арттырып, мемлекеттік органдармен интеграцияланған әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін дамытуға қатысты жұмыс істейміз.
Президент жариялаған реформалардың нәтижелі болуы қоғамның бірлігі мен тұтастығына байланысты екені сөзсіз. Әскерге арналған жобада біздің күшіміз – кәсіби білікте, жауынгерлік машық пен қатаң тәртіпте деп айтар едім.
Міне, осындай жағдайда ғана қасиетті Отанымыздың негізі берік, ал мемлекетіміз беделді болары анық. Мемлекет басшысының бұл маңызды Жолдауын әр қазақстандық жылы қабылдады деп ойлаймын.
Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі