• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Наурыз, 2022

Қарағандыда бір тәулікте 22 жол апаты болды

158 рет
көрсетілді

23 наурыз күні Қарағанды қаласында ауа райының қолайсыздығынан 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теміртау қаласының аумағынан өтетін республикалық маңызы бар «Алматы-Екатеринбург» тас жолында 31 жастағы Hyundai автокөлігінің жүргізушісі 33 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасынан кейін аталған автокөлік 37 жастағы азаматтың басқаруындағы Renault автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орынында қаза тауып, Hyundai автокөлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. 

«Аталған факті бойынша Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескі қалалық Полиция бөлімінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 бабы 3 тармағына сәйкес тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде», деп мәлімдеді Полиция Департаментінің баспасөз қызметі. 

Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерден сақтық шараларын қатаң ұстанып, ауа райы күрт өзгерген жағдайда алыс сапарларға шықпауларын ескертеді.

Мұндай қолайсыз ауа райында төтенше жағдайлар қызметі мамандарының да жұмысы қауырт. Құтқарушылар Қарағанды облысында бір тәулік ішінде қар құрсауында қалған 68 адамды құтқарып, 114 адамды эвакуциялады.