Білім және ғылым министрлігі студенттер мен бағдарламашылар арасында «BILIM Hackathon 2022» алғаш рет IT байқауын өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz аталмыш Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеңімпаздар 1,5 миллион теңге алады. Екінші орынның жүлде қоры 1 000 000 теңгені, үшінші орын үшін 500 000 теңгені құрайды. Жеңімпаздар, яғни студенттер марапаттардан бөлек, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
IT сайыс 26-27 наурызда Astana IT University базасында офлайн форматта өтеді. Бұл байқау білім мен ғылым саласында жаңа IT жобаларды жасауға бастамашылық ету, сондай-ақ қазіргі және болашақ IT мамандарды ынталандыру мақсатында өткізіледі.
«Елімізде түрлі IT жобаларды әзірлейтін дарынды жастар көп. Оларды байқауға қатысуға шақырамыз. Сайысқа университет және колледж студенттері, одан бөлек, басқа да бағдарламашылар қатыса алады. Әр оқу орнынан бір командаға қатысуға рұқсат етіледі. Хакатонға қатысу үшін өтінімдерді monhackathon@gmail.com электронды поштасына жіберуге болады. Өтінімге команданың атауын, қатысушылардың аты-жөнін және ұйымның атауын көрсету қажет», деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.
Сайысқа қатысушыларға түрлі тапсырмалар беріледі. Мысалы, еркін тақырыпта да, берілген тақырып бойынша да білім беру саласындағы цифрлық шешімдер бойынша жоба дайындау.