2016 жылғы Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов медалінен айырылуына және ұзақ мерзімді дисквалификацияға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Спортшының сөзінше, оның ұсынған дәлелдері мүлде қабылданбаған.
«Достар, Наурыз мерекесі күндері допингке қарсы CAS департаментінің 2016 жылы алынған бақылау сынамасына қатысты шешімі көңілімді түсіріп жіберді. Былтыр тамыз айындағы тыңдаулар кезінде ол жағдайға еш қатысым жоқ екенін айттым. Өкінішке қарай арбитр дәлелдерімді қабылдамапты», деп жазды Instagram-дағы парақшасында Нижат Рахымов.
Спортшы сынама алған мамандардың әрекетіне құқықтық баға берілмегенін де жеткізді.
«Осы жұмысқа жауапты болған адамдардың әрекетіне баға берілмегені өкінішті. Негізі сұрақтың бәрі соларға және олардың басшыларына қойылуы керек. Олардың қолы таза емес екенін уақыт көрсетті ғой. Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ. Сондықтан мен осы шешімге үзілді-кесілді қарсымын», деп жазды спортшы желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, Олимпиада ойындары кезінде алынған сынамаға қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. Соған қарамастан, алтын медальді алып қоюға шешім шығарылды.
«Сол себепті мен бұл шешімге арыздануға мүдделімін», деп жазды Нижат Рахимов.
Айта кетейік, ауыр атлет Нижат Рахимов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының алтынынан айырылып, 8 жылға спорттан шеттетілді.