• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Наурыз, 2022

Жаңа өңір Қонаев облысы деп аталса…

854 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауы жұртшылықтың көкейінде алаңдаушылық туғызып жүрген көптеген сұраққа берілген нақты жауап болды.

Əлемдегі саяси ахуал асқынып, экономикалық дағдарыстың салқыны сейілмей тұрған қазіргідей тұрақсыз кезеңде өзін Отанының патриотымын деп санайтын əрбір азамат елінің ертеңі мен өзінің болашағын ойлап, мемлекеттің бəсекеге қабілеттілігін арттыруға барынша атсалысуға тиіс. «Отанын сүйген отқа жанбайды, суға батпайды» дегендей бүгінде еліміз тəуелсіздігінің берік, болашағының жарқын болуы үшін атқаратын қыруар істердің, алатын асқар белестердің алдымызда тұрғаны белгілі. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауы халыққа үлкен сенім мен серпіліс берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа Қазақстанның іргетасын берік орнықтыру кезеңінде саяси жəне экономикалық реформалар нəтижелі жүргізіліп, елеулі өзгерістердің бəрі сөз жүзінде емес, нақты істермен түйінделуге тиіс екенін баса айтты. Осыған орай көпшіліктің көңілінен шығатын бірқатар бастамаларын ұсынды. Демократиялық құндылықтарға негізделіп, қоғамның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл іргелі шараларды іске асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына түзетулер енгізіліп, биылдың өзінде 20-дан астам заң қабылданады деп көзделіп отыр.

Президент əрбір бастаманың қоғамда жиі көтеріліп, кеңінен талқыланып жүрген мəселелерден туындағанын айтты. Əрине, жұртшылықтың барлық ұсыныс-тілегін бірден ескеріп, іс жүзіне асыру оңай шаруа емес. Олардың əрқайсысын қазіргі мүмкіндіктер тұрғысынан жанжақты зерттеп, сараптап, терең ой елегінен өткізу қажет. Жол дауда айтылған бастамалардың осындай талқылаудан өткені анық.

Соның ішінде отандастарымыз жаңадан үш облыс құру туралы идеяны үлкен ықыласпен қабыл алды. Осы орайда, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұрынғы Алматы облысының орнына Жетісу жəне Алматы облыстары құрылып, Қапшағай қаласы соңғысының орталығы болатынын айтты. Одан əрі сөзін сабақтап: «Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын», деді. Мемлекет басшысының бұл бастамасы қоғамда, оның ішінде əлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік азаматтар, оның ішінде Қапшағай қаласының тұрғындары қала атауын сол күйінде қалдыруды да қалайтынын айтуда.

Бəріміз білетіндей, 1970 жылдары Д.А.Қонаевтың бастамасымен Іле өзенінің бойында жаңа су қоймасы тұрғызылып, жаңа үлгідегі қала салынды. Қапшағай су қоймасы сол өңірдегі ауыл шаруашылығын өркендетуге кеңінен ықпал етті. Ал Қапшағай су электрстансасы аймақтың экономикалық, энергетикалық əлеуетін арттыруда əлі күнге дейін зор рөл атқарып келеді. Жаңа қалаға «Қапшағай» деп атау берудің өзі сол кезде жан-жақты ойластырылып, Дінмұхамед Ахметұлының қолдауына ие болған.

Сондықтан Қапшағай қаласының атауын өзгертпей, жаңадан құрылатын облысты (Алматы облысын) «Қонаев облысы» деп атаса, тарихи шешім болар еді. Елімізде тұлғалардың атымен аталатын елді мекендер, əкімшілік-аумақтық бірліктер аз емес. Мысалы, Семей өңірі Абай облысы деп аталатын болды. Оның үстіне, адамдар, əсіресе шетелдіктер Алматы қаласы мен Алматы облысын үнемі шатастырып жүреді. Алматы қаласы – тарихы тереңге кеткен үлкен мегаполис, қаржы, бизнес жəне мəдениет орталығы. Сол себепті «Алматы» атауын сол қаланың атымен шектесек қате болмас.

Ал жаңа өңір Қонаев облысы деп аталса, Қапшағай қаласы бойынша көп өзгерістер жасаудың қажеті жоқ, əрі қаржылық шығындар да азаяды. Бұл жағын да ескергеніміз жөн.

Сөз реті келгенде айта кетейін, Қапшағай қаласының төңірегі бұрыннан туристік əлеуеті мол демалыс орны ретінде белгілі. Жазғы маусымда алматылықтардың көпшілігі сол маңнан табылады. «Қайда бара жатырсың?» деген сұраққа «Қапшағайға демалуға бара жатырмыз» деп жауап береді. Ал оның атауын «Қонаев» деп өз гертсек, жөн сұраған адамға «Қонаевқа шомылуға не күнге күюге бара жатырмыз» десе, ыңғайсыз естілмей ме... Əлеуметтік желілерде осы жағы да баса айтылуда.

Оның үстіне, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Алматы облысының аумағында туып-өскен, сол өңірге ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ тұлға. Оның есімін бір облысқа берсек, артық болмас.

Жалпы, Қапшағай қаласын облыс орталығы ету дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім деп санаймын. Ол да Түркістан қаласы сияқты күні ертең-ақ жан-жақты өркендеп-өскен сəулетті шаһарға айналады. Бүгінде оның тұрғындары 60 мыңнан сəл асатын болса, жаңа кəсіпорындар құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылған соң халық саны да көбейіп, жаңа экономикалық өсу орталығы болатынына сенемін.

Президент «Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын» деді. Қалаға таяу жерде, Іле өзенінің жағасында əйгілі «Тамғалы тас» ескерткіші бар. Ендеше, Қапшағай қаласы облыс орталығы ғана емес, тарихи туризмді де дамытуға жол ашатын аймақ болатыны жəне жаңа өндірістер, жұмыс орындары ашылып, Алматы қаласына түсіп тұрған ауырлықты көтеруге үлес қосары сөзсіз.

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері