Таяуда Солтүстік Корея ең үлкен құрлықаралық баллистикалық зымыранын ұшырды. Бұл туралы Жапония мен Оңтүстік Кореяның әскери шенеуніктері хабарлады. Аталған елдер басшылығының пікірінше, бұл кейінгі жылдарда жасалған арандатушылық әрекеттердің бірі.
Оңтүстік Кореяның бірлескен штабы бейсенбіде Солтүстік Кореядан «белгісіз снарядтың» ұшырылғанын анықтаған. Сеул тарапы оны ұзақ қашықтыққа ұшатын зымыран деп есептеп отыр. Yonhap ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, ол жоғары траекторияға атылған құрлықаралық баллистикалық зымыран болуы мүмкін.
Егер бұл мәлімет расталса, КХДР-ның 2017 жылдан кейін үлкен көлемде жасаған сынағы болмақ. Демек АҚШ-тың кез келген жеріне ядролық оқтұмсықтарды жеткізуге қабілетті қару жасауда айтарлықтай жетістікке жеткен. Жапонияның премьер-министрі Фумио Кишида КХДР-ның бұл әрекетін айыптады. Жапонияның мемлекеттік қорғаныс министрі Макото Оники зымыран құрлықаралық баллистикалық зымыранның жаңа түрі болуы мүмкін екенін алға тартады.
М.Оникидің айтуынша, зымыран Жапонияның солтүстіктегі басты аралы – Хоккайдодағы Ошима түбегінен батысқа қарай шамамен 150 шақырым жерде, жергілікті уақыт бойынша 15:35-те құлаған. Зымыран Жапонияның ерекше экономикалық аймағына жеткенге дейін шамамен бір сағат бойы ұшқан. Ондағы ұшақтар мен кемелерге зақым келгені туралы ақпарат жоқ.
«Әлем Ресейдің Украинаға басып кіруіне бас қатырып жатқанда Солтүстік Корея халықаралық қоғамдастыққа қарсы арандатушылық әрекетке барды. Бұл арандату әрекет, мұны мүлдем кешіруге келмейді», деді М.Оники.
Сарапшылардың пайымдауынша, Солтүстік Кореяның биыл бұрын-соңды болмаған деңгейде зымыран сынақтарын жиі өткізуі Ким Чен Ынның КХДР-ны ядролық державаға айналдыруға бел байлағанының айқын белгісі. Осылайша, келешекте АҚШ-пен ядролық келіссөздер кезінде өз позициясын сақтап қалуға мүмкіндік береді деп есептейді. «Экономикалық қиындықтар мен техникалық сәтсіздіктерге қарамастан, Ким режімі зымырандарының мүмкіндіктерін арттыруға бел байлағаны байқалады. Халықаралық қоғамдастық пандемияға және Ресейдің Украинаға басып кіруіне бас қатырып жатқанда Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыранды сынақтан өткізуді күн тәртібінен алып тастады деп ойлау қателік», дейді Сеулдегі Ewha Womans университетінің халықаралық зерттеулер профессоры Лейф-Эрик Эсли The Guardian газетіне берген сұхбатында.
Киодо агенттігінің хабарлауынша, зымыран ұшырылған жерден 1100 шақырым қашықтыққа 71 минут бойы ұшқан. Ракета 6000 шақырым биіктікке көтерілген көрінеді. Жапония қорғаныс министрлігі бұған дейін Солтүстік Кореяның бірде-бір зымыраны осыншама ұзақ ұшпағанын, мұндай биіктікке жетпегенін мәлімдеді.
Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі сынақтың құрлықаралық баллистикалық зымыранға қатысы бар-жоғын бірден растамады. Әскерилер ракетаның Солтүстік Кореяның шығыс жағалауынан Жапон теңізіне қарай атылғанын айтып отыр.
Осы оқиғаға байланысты Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақырды. «Президент Солтүстік Кореяны шиеленісті тудыратын әрекеттерді дереу тоқтатуға және келіссөздер арқылы мүмкіндігінше тезірек дипломатиялық шешім қабылдауға шақырды», делінген Көк үй таратқан мәлімдемеде. КХДР-ның бұл әрекеті мамыр айында президенттік қызметке кірісетін Юн Сук Ёлға айтарлықтай қиындық туғызбақ.
Жалпы, биыл Солтүстік Корея 13 рет зымыранын сынақтан өткізді. Соңғы рет 16 наурызда ұшырылған ракета көкке көтерілмей жатып ел астанасы Пхеньянның үстінде жарылды. Сарапшылар Ким Чен Ынның АҚШ-қа жететін ракета әзірлеуге кірісіп кеткенін айтады.
АҚШ тарапы КХДР 27 ақпан мен 5 наурызда екі мәрте құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізгенін хабарлаған еді. Ақ үйдің пайымдауынша, бұл Хвасонг-17 баллистикалық зымыранының қабілет-қуатын анықтау үшін жасалған көрінеді.