• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Наурыз, 2022

Киік қырғандар құтылмады

309 рет
көрсетілді

Жақында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында браконьерлікке қатысты қылмыстық іс тіркелді. Осы өңірдің табиғатты қорғау полиция қызметкерлері «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың мүйізін сатумен айналысып келген топты әшкерелеген.

Жедел алдын алу операциясы кезінде тәртіп сақшылары 29 жас­тағы жүргізушінің Ресейде есепте тұрған ВАЗ 2114 автокөлігін тоқ­татып, тексеру жүргізеді. Көлікті тінту кезінде ішінен 844 киіктің мүйізі табылған. Бұл дегеніңіз браконьерлер ақша үшін 422 түз тағысын қырып тастаған деген сөз.

Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оның екі серігінің үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Ал мүйіздер арнайы сараптамаға жіберілген.

Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-тармағына сәйкес бұл қылмыс үшін айыптының бүкіл мүлкі тәркіленіп, өзі үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, қара­ғандылық полиция қызмет­керлері өткен жылы осы Жаңаарқа ауданында киік мүйіздерін сатумен айналысып келген топты ұстап, олардан 274 мүйізді тәркіленген. Сот шешімімен олардың бірі 4,5 жылға, үшеуі 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді.

Ішкі істер министрлігі Әкім­шілік полиция комитеті табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Әлішер Жармағамбетовтің мәлімдеуінше, жыл басталғалы бері елімізде табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 80-нен астам қыл­мыс тіркелген екен. Оның ішінде заңсыз аң аулау және сирек кез­десетін жануарлардың мүйізін сату фактілері көп.

«Екі айдың ішінде Қылмыс­тық кодекстің 335-бабы – ба­лық ресурс­тарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу бойынша 19 қылмыс анықталса, заңсыз аңшылық фактісі 26-ға жеткен. Ал «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» деп аталатын 339-баппен 20 дерек тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, елімізде қара бақыр үшін киелі аңдарға қастандық жасайтындар азаймай тұр. Осыған орай ішкі істер органдары браконьерлікке жол бермеу, мұндай заңсыздықтардың алдын алу мақсатында ұдайы жедел іс-шараларды жүзеге асырып келеді», дейді полиция капитаны.

Жалпы, заңсыз айналымнан 5,8 тоннадан астам балық, оның ішінде бекіре тұқымды балықтың 320 килосы, 350,4 текше метр заңсыз дайындалған орман ағашы, 14 су кө­лігі, 274 құқық бұзушылық құ­ралы, оның ішінде 114 отатқыш аң­шылық қару тәркіленді. Ал та­биғатқа келтірілген шығын көлемі 2,5 млрд теңгеге жеткен. Тергеу барысында оның тек 13,1 миллион теңгесі өндірілді.