• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2022

Өмір мен vip нөмір

4642 рет
көрсетілді

Кейде даңғазалық пен дарақылыққа келгенде біздің ел алдына жан салмайтын сияқты көрініп кетеді. Мынаны қараңыз, пандемия мен дағдарыс алқымынан алып тұрған 2021 жылы 20 мың қазақстандық көліктерге арналған «әдемі нөмір» үшін жалпы сомасы 6 млрд-тай теңге жұмсапты. 2020 жылмен салыстырғанда бұл екі еседей артық көрсеткіш. Демек әлемді тығырыққа тіреген экономикалық қиындықтың өзі қазақстандықтардың «өзгелерден дараланамын» деген ниетіне кедергі бола алмапты.

Адамды сүйкімсіз көрсететін мінездің бірі – мақтаншақтық, мақтансүйгіштік. Кісімсіну, өзін өзгелерден жоғары қою, жасандылыққа жол беру – қазақтың басты «дертіне» айналғалы қашан?! Оның мысалдары баршылық. Жағдайы келмесе де несие­ге ақша алып, ұлан-асыр той жасау, тойға келген қауымға мақтан үшін ақша, қымбат телефон тарату, 179 мың доллардың тортынан ауыз тигізу – тек біздің қазаққа тән «понт» мінез.

Ол ол ма, айлығы шайлығына жетпей, әрең күн көріп жүрсе де қарызданып-қауғаланып жүріп, айфон сатып алатындар бар. Басында баспанасы жоқ болса да кредитке қымбат джип көлігін алып мінетіндер бар. Джип демекші, баяғыда бір халықаралық жиындардың бірінде Франциядан келген әріптестеріміздің бірі: «Астаналарыңызда үлкен джип көлігін мінетіндер көп екен. Былай қарасаң, қалада тау жоқ, жазық дала, бірақ неге үлкен көлік мінеді? Бізде мысалы, таулы, тасты аймақтарда тұратындар ғана мұндай машинаны тізгіндейді. Көбіміз шығыны аз шағын көлікті тәуір көреміз», деген еді. Енді шетелдік қонаққа «біздікілер үлкен көлікті қажеттіліктен гөрі «понт» үшін мінеді»деп қалай айтасың?

Бірақ астындағы көлігінен де қымбат нөмір алатындар бұлардың қасында түкке тұрғысыз болып қалды. Қазір елімізде нөмірге өмір деп қарайтындар көбейді. Жыл сайын ерекше нөмірге деген сұраныстың өсуі – соның көрінісі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, былтыр 20 мың азамат көлігіне VIP нөмір сатып алса, алдыңғы жылы 12 616 адам ерекше нөмірдің иесі атаныпты. Бағасы қымбат «бақытты нөмірді» иеленгендердің көбі – Алматы қаласының тұрғындары. Мұнда былтыр 6 882 көлік VIP-нөмірлі болған. Екінші орында – Шымкент. Шымқалалықтар өткен жылы 3 190 ерекше нөмір сатып алған. Ал үшінші орында елордалықтар тұр. Олар барлығы 667 млн теңгеге 2 мыңнан астам ерекше нөмірді еншілеген.

Жалпы, «паң» нөмірдің ең арзаны – 174 591 теңге болса, қымбаты 872 955 теңге тұра­ды. Алайда 001, 002, 777 сынды бірдей цифр­лы немесе бірдей әріптері бар нөмірлер бұдан да қымбат, орта есеппен – 1,7 мың доллар көлемінде. Ерекше нөмір тағып жүргенді мақтан көретіндерді бұл қымбат баға да тоқтата алар емес.

Айтпақшы, көлігінің нөмірі ғана емес, қолында ұстап жүрген телефонының нөмірі де ерекше болғанын қалайтындар бар. «Нөмірі қандай керемет?» деген сөз үшін олар да аянып қалмайды. Өткенде ұялы байланыс операторы орталығына бас сұғып, ондағы ең қымбат нөмір 2 млн 200 мыңға дейін баратынын білдік. Бірақ дәл сол бағадағы нөмірдің қандай екенін біле алмай, арманда кеттік, Есесіне, 450 мың теңгенің нөмірін көзбен көрдік. Кәдімгі нөмірлерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ, біздіңше. Ерекшелігі – нөлдері көп екен. Бұл нөмірлерге де қызығушылық танытып, сатып алу үшін тұрғандар бар.

Жалпы, ерекше нөмірлерді сату – шет мемлекеттерде бар тәжірибе. Бірақ бұл үрдіс көбіне бай мемлекеттерде кездеседі. Әсі­ре­се Біріккен Араб Әмірліктерінде ерекше нө­мір үшін талас көп. Сондықтан нөмір­лер аук­цион арқылы сатылады.

Бай-қуатты мемлекеттердің жайы түсі­нікті. Ал біз нөмірге дейін ерекше­ленетіндей жағдайға жеттік пе? Әл-ауқаты­мыз соған сай ма? Мәселені осыдан бастау керек. Тіпті әліне қарамай, дарақылыққа жол беріп жүрген азаматтардың әрекетін заңмен шектейтін шаралар қолға алынуы керек. Әйтпесе, дүние жағынан бәсекеге түсетіндер өзінің ғана емес, өзгенің де санасын улап жатыр.

Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары да өздерінің пайдасы үшін бей-берекет несие беруін тоқтат­қан жөн. Өйткені әл-ауқатын бағамдамай, қызығып несие алып қойғандардың ішінде оны төлей алмай қиналып жүргендер көп...