• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2022

Бір күртенің бағасы – 1 670 143 теңге!

218 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру туралы Жол картасы жасалған.

Осы Жол картасының 22 тар­мағына сәйкес агенттіктің Қызыл­орда облысы бойынша депар­таменті­нің қызметкерлері қоғам бел­сен­ділерімен бірлесе отырып мем­лекеттік сатып алу бағасын қол­дан көтергендерді анықтап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анық­тау­ға мүмкіндік беретін «Бірың­ғай са­тып алу терезесі» веб-порталы ар­қылы облыс көлемінде жарияланып жатқан немесе жоспарланып отыр­ған мемлекеттік сатып алуларға тұрақ­ты түрде мониторинг жүргізіп келеді.

Өткен жылы мемлекеттік сатып алу жоспарларына жүргізілген мониторинг қорытындысымен 80-нен аса мемлекеттік мекемеге ұсыныс жолданып, 3,3 млрд теңге мемлекет қаржысы үнемделіпті. Осы бағыттағы жұмыстар барысын баяндаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызыл­орда облысы бойынша департа­менті басшысының бірінші орын­баса­ры Ғалия Әлімқұлова биыл да мемлекеттік сатып алуда заң шегінен аттап кеткендер азаймай отырғанын жеткізді. 

Мысалы, мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өт­кізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағалар белгілеу туралы Энер­гетика министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы №361 бұйрығына енгізілген өзгерістер негізінде 1 литр дизель жанармайы 230, АИ-92 маркалы бензин 182 теңгеден аспауы қажеттігі көрсетілген. Осыған қа­рамастан облыстағы 11  мемлекеттік мекеме дизель жанармайының 1 литрін 280 теңгеге дейінгі бағада, ал АИ-92 маркалы бензинді 205 теңгеден сатып алуды жоспарлап, мұнай өнімдеріне кететін шығынның жалпы сомасы 110 865 522 теңгеге жеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу лоттарын қайта қарау туралы ұсыным жолдап, бюджеттің бақандай 38 243 349 теңгесін үнемдеуге қол жеткізді.

Мониторинг барысында Қар­мақ­­шы ауданындағы №275 орта мектебі мемлекеттік сатып алу пор­талында балаларға алынатын 1 күр­тені 1 670 143 теңгеге бағалап, 125 күр­тені 208 767 875 теңгеге сатып алуды жоспарлағаны белгілі бол­ды. Бұл кемшілік бойынша да ұсы­ныс жолданып, 1 күртенің бағасы 16 701 теңгеге түсіріліп, 206 680 197 теңге мемлекет қаражаты кері қайтарылды.

Шиелі аудандық білім бөлімі қармақшылық әріптестерінен де асыра сілтеп жіберіпті. Олар 1 литр табиғи сүтті артық-кемі жоқ 14 577 000 теңгеге бағалаған. Бағаларды қайта қарау кезінде артық нөлдер азайтылып, баға 223 теңгеге түсті.

Департаменттегілер осы жыл­дың 2 айында 17 мекемеге жол­данған ұсыныстардың нәтижесінде, жалпы сомасы 351 230 304 теңгенің үнемделгенін айтып отыр.

Оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде пікір айтушылар көбейе бас­таған соң облыстық білім басқар­масы мәселенің мән-жайын түсін­дірген жазба жариялады. Басқарма жауабында екі бөлім тарапынан да техникалық қате кеткендігі айтылады. Сонымен қатар олар көтеріңкі баға бойынша ешқандай мемлекеттік сатып алу жүргізілмегенін ескерте кетіпті.

 

ҚЫЗЫЛОРДА