Соңғы он жылда әлемде болып жатқан өзгерістер адам капиталын, әсіресе жастардың инновациялық әлеуетін тиімді пайдалана білген елдер стратегиялық басымдыққа қол жеткізіп отырғанын көрсетеді. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, интеллектуалдық дамуға серпін беретін әлеуетті ресурс.
Биыл республикадағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады. Finprom мәліметтеріне сүйенсек, ауылға қарағанда (5–4,7 пайыз) қаладағы жұмыссыз жастардың үлесі, әсіресе қыз балалар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші жоғары (4,1 пайыз). Сарапшылар пікірінше, ішкі миграцияның жүйесіздігі, ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген жастардың тұрақты жұмыс таба алмауы сияқты әлеуметтік мәселелердің уақытында шешімін таппауы мемлекеттік органдар жұмысының дұрыс жүйеленбеуін білдіреді.
Осы орайда Мемлекеттік басқару жоғары мектебінің профессоры, саяси ғылымдар докторы (Назарбаев Университет) Дина Шәріпованың айтуынша, жастар мемлекеттіктен гөрі жеке секторда жұмыс істегенді қалайды. Мысалы, мемлекеттік секторда істейтіндер саны – 21, жеке секторда – 62,9, ҮЕҰ – 4,2 пайыз. Жастардың 41,9 пайызы алған білімінің жеткіліксіздігінен өз мамандығына сай жұмыс істемейді. Қазіргі кезде білім алып, жұмыс істеп жүргендер арасында шетелде оқып, сонда тұрғысы келетіндер бар.
Мысалы, бөтен елге кеткісі келмейтіндер 61,6 пайызды құраса, кетуге шешім қабылдағандар – 11,5, ал 17,1 пайызы болашақта кетуді жоспарлайды. Жастар таңдаған елдер қатарында АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ елдері мен Канада бар. «Адам құқығы, қауіпсіздік, демократия мәселелеріне алаңдаушылық білдіретін жас буынның пікірінше, мемлекеттік органдар жастар мәселесін шешуге тырыспайды. Бұл мемлекеттік саясат, бағдарламалар мен жастар үміті арасындағы алшақтықты көрсетеді.
Қауіпсіздік жас ұрпақ үшін басты құндылық. Олардың басым көпшілігі білім алуды өмірінің маңызды бөлшегі ретінде санайды әрі 41 пайызын алған білімінің сапасы қанағаттандырады. Ф.Эберт атындағы қор тарапынан жүргізілген бұл зерттеуге қатысқандардың 24,1 пайызы алған біліміне қанағаттанбайды. Ал жастардың 52 пайызын білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың және оқу орындарындағы «бағаны сатып алудың» жиі кездесетіндігі алаңдатады. Алған білімдері әлемдік еңбек нарығының талаптарына сай емес дейтіндер 48,5 пайыз. Ал жастардың 45 пайызы шетелдерде білім алғысы келсе, 27,5 пайызы Қазақстандағы білімді қанағат етеді», деп атап өтті Д.Шәріпова. Профессор атап өткендей, жастар арасында патерналистік көңіл күй басым. Олар мемлекеттен әлеуметтік қолдау және жеңілдік (79 пайыз) күтеді. Ал 36,7 пайызы қажырлы еңбек ету өмірді жақсартады десе, 37,5 пайызы бұл пікірмен келіспейді. Жас буын үшін қоғамдағы байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтық, онымен күрес мәселесі де маңызды. Басым көпшілігі адам құқығы мен бостандығына (88,5), жас буынының жағдайына (88,4), әлеуметтік әділеттілік пен баршаға арналған әлеуметтік жеңілдіктің болуына (87,9), қоршаған ортаны сақтауға (88 пайыз) назар аудару қажет деп санайды. Ал саяси апатия жастардың ерекше назар аударатын мәселесі. Олар туыстары және достарымен саясатты талқыламайды. Жастардың 69,2 пайызы Қазақстанның саяси өмірінде өзін-өзі көрсету үшін болашағының әлдеқайда жақсы болғанын қалайды. Қалай айтсақ та, жастар Қазақстанның азаматы болғанын мақтан тұтады. Ал 14–24 жас аралығындағы қазақстандықтар «әлем азаматтарымыз» деген қағиданы ұстанады.
Бүгінде елімізде 22-23 жастағылардың басым көпшілігі жоғары, кәсіптік-техникалық оқу орындарында білім алады. Осы тұста олардың жұмыссыз қалуына әсер ететін бірқатар факторды ой таразысына салып көрейік. Зерттеулер көрсеткендей, жастардың дені оқу бітірісімен алған біліміне сай табысы жоғары жұмыс істегісі келеді. Алайда жұмыс берушілер жас түлектер үшін қомақты жалақы ұсынбайтыны анық. Заманауи жұмыс беруші моральдық, рухани құндылықтардан гөрі өнімді еңбекке басымдық береді. Көптеген түлекке мұндай талаптар тиімді емес, сондықтан олар өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр. Жастар көп жағдайда менеджмент, заң, экономика, банк ісі сияқты мамандықтарды таңдайды. Алайда қоғамның жас мүшелерінің қажеттілігі мен еңбек нарығының талаптары сәйкес келе бермейді. Ал еңбек нарығында бұл мамандықтарға сұраныс төмен. Осылайша, көптеген жас қолында дипломы бола тұра өз мамандығымен сәйкес келмейтін салаларда жұмыс істеуге мәжбүр.
Осы орайда мамандар Қазақстанға экономикалық трансформация қажеттігін айтады. Өйткені алдағы төрт-бес жылда еңбек нарығында ахуал күрделене түсіп, 2025 жылға қарай Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларға жұмысшылар жетіспеушілігі туындайды.
Бүгінде республикада 20-28 жас аралығындағы экономикалық белсенді топ 2 млн-нан асады. Олардың дені (76,1) жалдамалы қызметкерлер болса, 23,9 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі айтарлықтай төмен өңірлерде өзін-өзі жұмыспен қамту жұмыстың балама түрі ретінде тиімді. Жастар сонымен бірге білім деңгейі тұрғысынан да айтарлықтай ерекшеленеді. Жұмыспен қамтылған жастардың 42,9 пайызының жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар болса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың арасында жоғары білімділер 25,2 пайызды құрайды. Ал 15-28 жас аралығындағы жастардың 7 пайызға жуығы не оқуда жоқ, не тұрақты жұмысы жоқ.
Бұл ретте тиісті министрлік бірқатар өңірде дамыту бағдарламалары аясында оқуға, жұмысқа құлқы жоқ NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуды мақсат етеді. Сарапшылар жастардың қоғамда әлеуметтенуіне өткен ғасырдың 90-жылдарындағы дағдарыстың себеп-салдарының да әсері бар деген пікірде.
Бүгінде көптеген ата-ананы баласының қауіпсіздігі алаңдатады. Отбасының қолына қарап, ата-анасының ығынан шыға алмай қалған жастардың көпшілігі өмірлік қиындықтарға бейімсіз келеді. Қиналып жұмыс істегеннен гөрі ата-анасының табысын пайдаланғанды тиімді көретін жастар бар. Осыған ұқсас себептерден жастардың белгілі бір бөлігі қоғамдағы жалпы үрдістерден шет қалуда. Мамандардың пікірінше, мұның салдарынан жастардың маргиналды әдеттерді бойына сіңіріп, әлеуметтік тұрақсыздыққа, тіптен қылмысқа баруы жиі кездеседі.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда жас буынның әлеуметтенуіне қатысты кешенді шаралар толыққанды жемісін беруі үшін отбасы, мектеп, оқу орындары мен тиісті органдар ықпалдастығын күшейту қажет. Әсіресе ауылды жерден қалаға оқуға, жұмыс істеуге келген жастардың әлеуметтік жағдайы алаңдатады.
Алматы, Нұр-Сұлтан, т.б. қалаларда бейімдеу орталықтарының жұмысын жетілдіру уақыт күттірмейді. Осы орайда заманауи қоғамға бейімдеу, болашаққа деген сенімсіздік жетегінде жүрген жастармен жұмыс істейтін психологиялық ресурсты орталықтар қызметін арттырудың маңызы зор.
АЛМАТЫ