Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы Жаңа Қазақстанды құрудың жарқын үлгісін айқындап берді. Қуантарлығы, әр ұсыныс халықтың өтініш-тілегінен туындағаны байқалады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де сол емес пе?! Әсіресе ауылдағы ағайынның мәселесі биік мінберде көтерілгені қажет-ақ. Бұл ретте, ел Президенті ауылдарды жаңғырту жұмыстары қалдық қаражатпен атқарылатынын алға тартып, елді мекендерді көркейтуді мықтап қолға алу керек екенін айтты.
Маңызды міндет ең әуелі жаңа сайлау жүйесі арқылы іріктелген ауыл әкімдеріне жүктелетіні сөзсіз. Шыны керек, қазір бұрынғыдай аудан бюджетіне алақан жайып отыратын кез емес. Төртінші деңгейлі бюджеттің қаржысын дұрыс игеріп, уәде етілген шаруаны сапалы тындыруға мүмкіндік бар. Бұған дейін ауылды жандандыруға бағытталған жобалар тасада қалып қоятын. Себебі «жарық, жол мәселесін шешу керек еді», деп тек ауызша ғана айтылып жүрді. Қазір ауылдық бюджет есебінен жобалардың тиісті құжаттарын әзірлеуге жол ашылды. Сәйкесінше, аудандық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігі зор. Қысқасы, ауыл әкімі іскер болса, бюджет молайып, сәйкесінше үлкен шаруа тындырылатыны анық.
Әкім сайлауы демекші, Мемлекет басшысы өз Жолдауында пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Жаңашылдық барлық азаматтың құқығын ескеруге мүмкіндік бермек. Әйтпесе, соңғы уақытта тұрғындар сайлауға атүсті қарап, қоғамда «менің дауысым не шешер дейсің» деген түсінік қалыптасқаны белгілі. Мұны ел Президенті де атап өтті. Сайлау жүйесін жаңғырту арқылы азаматтардың белсенділігін арттырып, билікке деген сенімді бекітуге жол ашылатыны сөзсіз.
Санира ЖҮСІПОВА,
Amanat партиясы Павлодар облыстық филиалы жанындағы
Jas Otan жастар қанатының төрағасы