Қазақстанда 1921-1954 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, 25 мыңнан аса адам ату жазасына кесілген. Осындай ауыр айыптан тұтас әулеттер де жапа шекті. Сталиндік саясаттың қасіретін шеккен қазақ зиялыларының қатарында Қаратаевтар әулеті де бар.
Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобы 2021 жыл бойы көптеген архив қорын ақтарып, маңызды, құнды тарихи құжаттарды анықтады. Солардың қатарында Арон Қаратаевтың отбасылық 2 суреті табылды. Табылған суреттің бірінде – Арон Қаратаевтың өзі жеке түскен, екінші суретте отбасы – отағасы А.Қаратаевтың өзі, зайыбы Хұсни-Жамал Нұралыханова, қызы Шахзада мен кішкентай ұлы бар.
Бұл – үлкен тарихи жаңалық. Тарихи дейтін себебіміз, Арон Қаратаев – белгілі қоғам қайраткері, әскери комиссар, ХХ ғасырдың 20-жылдары «бай-жартылай феодал» деген айып тағылып, жер аударылған қазақ зиялыларының бірі. Сонымен бірге белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған заңгер Бақытжан Қаратаевтың туған інісі.
Арон Қаратаев – «Алаш» қозғалысына да, кеңес құрылысына да еңбегі сіңген тұлға. Алайда «Алашорда ұйымымен байланыста болғаны, Алашорданы қолдағаны үшін» айыпталғанына қарамастан «Алаш. Алашорда», «Алаш қозғалысы» энциклопедияларында А.Қаратаев туралы еш мағлұмат айтылмайды. Ал 1918-1985 жылдардағы Қазақстан тарихы жазылған «Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» атты бестомдық жинағында да А.Қаратаевтың әскери комиссар ретінде мемлекеттілікті сақтап қалу жолындағы көпжылғы адал қоғамдық-саяси қызметі туралы да бір ауыз сөз жоқ.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнайы архивінде Арон Ахметұлы Қаратаев туралы П-4290 айыптау ісі сақталған. Онда Арон Қаратаевтың 1874 жылы бай отбасында дүниеге келгені және руы «төре» екендігі жазылған. А.Қаратаев патшалық Ресей тұсында Орынбор гимназиясында білім алып, жоғары қызмет істеген зиялы азамат. Ол қарапайым әскери қызметкерден бастап Орал қаласының полиция бастығы (обер-полицмейстер) лауазымына дейін көтерілген. Патша құлаған соң қызметтен кетіп, жеке шаруашылығымен айналысқан. 1928 жылы атақты бай және бұрынғы патша қызметкері ретінде Жымпиты ауданы №24 ауылынан тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қаласы маңы) деген жеріне 1929 жылдың 2 ақпанынан бастап 5 жылға жер аударылған. Полиция архивінде ҚазОАК-тің 1928 жылғы 27 тамыздағы декретіне сәйкес Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы «Талды-бұлақ» деген жерге жер аударылғаны жазылған.
Батыс Қазақстан облысы мұрағатының №992 қорында 1928 жылғы қыркүйек айында жүргізілген тәркілеу шараларының құжаттары сақталған. Солардың біріне көз салайық:
«Арон Қаратаев, Орал қаласының бұрынғы полицмейстері. Әлеуметтік жағынан қауіпті элемент. Шығу тегі қырғыз-қазақ, 56 жаста, руы төре, сұлтан тұқымы. Бұрынғы Қарашығанақ болысының №8 ауылында туған, Орал округі Шалқар ауданы №24 ауылда тұрады. Үйленген, орта білімді.
Төңкеріске дейін Жетпісов Ғаббаспен және басқа ұлтшылдармен бірге рулық қақтығыстарға белсене араласып, биік мансапқа ұмтылды. Сөйтіп барлық күш-жігерін салып, алдымен шаруа бастығының орынбасары, кейін шаруа бастығы лауазымына ие болды. Ақпан төңкерісі кезінде А.Қаратаев Орал қаласының полицмейстері болды. Патша қызметінде жүрген Қаратаев 1916 жылы майданға жігіт алу кезінде көтерілісшілерге оқ атты. Қазан төңкерісі тұсында аққа да, қызылға да көмектесіп, өз қара басын қорғады. Патша құлаған соң қазақ интеллигенциясы Қазақ революциялық комитетін ұйымдастырған кезде Қаратаев ұйым жұмысына қызу қатысып, комитет құрамына кірді. Бірақ кейін кедей қазақтар мен бай-төрелер арасында араздық туып, соңғылары қызметтен шеттетілді...» деп жазылған.
Сонымен Арон Қаратаев бұрынғы атақты бай, патша қызметкері болғаны үшін мал-мүлкі тәркіленіп, қудалауға ұшырады. Тәркілеу кезінде оның 5 жылқысы, 8 сиыры, 2 қойы, 1 киіз үйі, 1 жертөлесі және ауыл шаруашылығына қажетті бірнеше құралы болған екен.
Арон Қаратаевқа тағылған айыптың бірі – алашордашылармен ымыралас болуы. Осы іске қатысты бірнеше адам тергеуге алынған. Атап айтқанда, Ғаббас Жетпісов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Шайхы Жантілеуов, Батырбек Әлжанов, Уәли Забиров, Ғұбайдолла Әлібеков және басқалар тергеліп, сотталған.
Арон Ахметұлы Қаратаев 1929 жылы 14 желтоқсанда Алматы ОГПУ алқасының шешімімен 5 жылға сотталған. Оның кейінгі тағдыры, қай жерде қашан қайтыс болғаны белгісіз. 1993 жылы 14 сәуірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы жарлыққа сәйкес ақталған.
Арон Қаратаевтың зайыбы да осал жан емес еді. Хұсни-Жамал – Нұралы ханның шөбересі, әкесі Зұлқайнар Шөкіұлы Нұралыханов. Хұсни-Жамал Зұлқайнарқызы Нұралыханова 1894 жылы Бөкей Ордасында қазақ қыздарына арнап мектеп ашқан, талай талантты шәкірт тәрбиелеген ағартушы ұстаз. Хұсни-Жамалдың алдынан білім алған шәкірттер қатарында қазақтың қайраткер қыздары – Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова болған.
Хұсни-Жамалдың тағдыры не болды? Кезінде Жәңгір ханның ақсүйектік тәрбиесін көрген, Астрахань губернаторымен тартысып-таласа жүріп, Бөкей Ордасында қазақ қыздары үшін мектеп ашқан Хұсни-Жамал... Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин шығарған «Қазақстан» газетін қолжазба күйінде Оралдан жасырып алып келіп, Астраханьда тұратын туған ағасы Сейіткерейдің үйіне тығып, баспаханадан газет бастырып жүрген Хұсни-Жамал... Сол әрекеті үшін Хұсни-Жамалдың соңына Астрахань мен Орынбор жандармериясы құпия аңду қойдырған. Қазақ қыздарының оқып-білім алуы, қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен Хұсни-Жамалдың қайратты мінезін, сұлулығы мен парасатын Кеңес өкіметі сындырды.
Қызы Шахзада мен күйеуі Телжан Шонанов «оқу комиссары Темірбек Жүргенов басқарған диверсиялық топтың құрамында ҚазМУ ғимаратын өртемек болды» деп ұсталғанда, қартайған Хұсни-Жамал Алматыда көшеде қаңғып қалды. Телжан мен Шахзада түрмеде, дүние-мүлкі, үйі тәркіленген. Сол жылдары Бақытжан Қаратаевтың немере қарындасы Зияда апай Алматыда киім тігіп, нанын әзер тауып отырған екен. Сондай ауыр күндерде Хұсни-Жамал кешқұрым уақытта Зияда туысы паналап отырған қуықтай үйіне қаңғалақтап келеді екен. Күйеуі ұсталып, қызы атылған Хұсни-Жамал жұрт көзіне түрткі болып, тумалары милициядан қорқып үйіне кіргізе алмаса, ал таныстары сырт айналып кеткен. Шахзададай қайратты да білімді қыздың анасы Хұсни-Жамал осылайша көшеде қаңғып қалып, 1945 жылы Алматыда көз жұмды. Оны «аштан өлді» деген де сөз бар. «Оралда да қуғын-сүргінге ұшырап жатқан төрелеріне кете алмай, Алматыны қимай жүргені, бәлкім Шахзадасынан бір хабар болып қалар деген ана көкірегінің үміті болар» деп жазады Б.Сәрсембина «Қаратаевтар қасіреті» мақаласында. («Жас алаш», 2010, 17 маусым, №48).
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызының қыздарға арнап ашқан алғашқы мектебі жөнінде мәліметтер, шәкірттерінің фотосуреттері сақталған. Қайраткер Арон Қаратаевтың, зайыбы Хұсни-Жамал Нұралыханова мен қызы Шахзаданың ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Батыс Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенді қызмет атқарғаны жөнінде соңғы жылдары тың ақпараттар табыла бастады.
Отбасылық фотода ортада тұрған кішкентай қыз бала – Арон Қаратаевтың жалғыз қызы Шахзада Шонанова (Қаратаева). Ол 1903 жылы 5 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданында дүниеге келген. Кеңестік қуғын-сүргін жылдары саясаттың жазықсыз құрбанына айналып, 1938 жылы 9 наурызда ату жазасына кесілген жалғыз қазақ қызы. Ол қазақ тарихында қоғам қайраткері, ұстаз, «Алаш» қозғалысының өкілі ретінде танымал болатын.
Фотосуреттегі төртінші адам – Арон Қаратаевтың ұлы болса керек. Бір қызығы, архивтерде сақталған қылмыстық істерде, тұтқын анкетасында айыпталушының отбасы туралы деректер жазылмаған. Тергеу ісін өзі де жетік білетін А.Қаратаев отбасын қудалаудан сақтау үшін осындай әрекетке барды деп ойлаймыз. Орал округінен Жетісуға жер аударылатын қазақ байларының тізімінде Қаратаев отбасында 4 адам барлығы ғана көрсетілген.
Жоғарыдағы суреттер жасалған фотоателье туралы да аз-кем мәлімет табылды. Орал қаласында 1884 жылы ашылған Петр Львович Поляковтың фотоательесі өз заманындағы ең озық фотосалонның бірі болған екен. Бір қызығы, бұрынғы Крест, қазіргі Ғұмар Қараш көшесінде сол тарихи ғимараттың тамтығы әлі де сақталған.
Арон Қаратаев отбасының бұл суретке қай жылы түскені белгісіз. Дегенмен «П.Поляков и сын» фотоательесінің фирмалық белгілеріне, паспарту үлгісіне қарап, 1911-1913 жылдары жасалған деп болжауға болатындай. Фотосуреттегі Шахзаданың да жас шамасы осы кезеңге сәйкес келіп тұр.
Міне, сарғайған қылмыстық іс арасынан табылған суреттердің сыры осындай.
P.S. Арон Қаратаевтың ағасы Бақытжан Қаратаев – ХХ ғасыр басында ірі қоғам қайраткері, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты ретінде танылған. Оның екі баласы Орал реалды гимназиясын, Орынбор әскери училищесін бітірген. Мұрат Қаратаев «Алаш» қозғалысына қатысып, Батыс Алашорда милициясы құрамына шайқаста қаза тапса, Шәміл Қаратаев кеңестік қазақ қосыны сапында Батыс Қазақстанды ақтардан азат етуге қатысып, көп жыл Қазақ ұлттық атты әскер полкінің комиссары болды. 1929 жылы осы ұлттық әскери қосынның Қазақстанның ескі астанасынан (Қызылорда) жаңа астанасына (Алматы) дейінгі жорығын басқарды. Бірақ большевиктік қызметіне қарамастан ол да кейін шыққан тегіне қарай саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Арон Қаратаевтың інісі Мағзұм Қаратаев Императорлық Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, төңкеріске дейін Қазанда, Оралда құқық қорғау саласында қызмет еткен. Алайда кеңес дәуірінде ол да қуғын-сүргін құрбанына айналады.
Алфия БАЙБОЛСЫНОВА,
М.Өтемісов атындағы БҚУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты,
БҚО өңірлік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс тобының мүшесі