Өскеменде өрмекшілер көрмесі өтті. Әдетте буынаяқтылардың қимыл-қозғалысына мән бере бермейді екенбіз, сөйтсек әр қозғалысынан әлденені аңғаруға болады екен. Оны көрермендерге араханология, яғни өрмекшілерді зерттейтін маман көрсетіп, айтып берді.
Көрмеге Қазақстан аумағында кездесе бермейтін улы өрмекшілер қойылды. Ауылдық жерде бау-бақшаларда жүретін бүйілерден бөлектеу. Қызылды-жасылы, үлкенді-кішісі бар. Шыны жәшіктердің ішінде тұрса да, жылтыраған көздеріне, жыбырлаған буынды аяқтарына, түкті арқасына қарап, тіксініп, тітіркеніп қаласың. Улы болғанымен, адамды албаты шақпайды. Өзіне төнген қауіпті сезгенде ғана шабуылға көшеді екен. Көздері көп болғанымен, бұл жәндіктердің көруі нашар, есту қабілеттері де жоқ. Маңайын дауыстың толқындары арқылы ғана сезеді.
Араханология маманы, көрмені ұйымдастырушы Рүстем Есен көрермендерге өрмекшінің өздіктерінен шақпайтынын тәжірибе жүзінде көрсетіп, көздерін жеткізді. Алдымен өрмекшінің түкті арқасын сипап көрді. Ондайда өрмекші зу етіп қаша жөнелді. Содан соң қолындағы затты сермеп еді, өрмекші айбат шегіп, шағып алуға ыңғайланды. Демек, бұл тіршілік иесінің өздігінен адамға деген зияны жоқ екендігін көрмеге барған көпшілік түсінді.
Жалпы, жер бетінде өрмекшілердің 42 мың түрі бар екен. Статистикалық деректерде мыңға жуық түрі жойылып кеткендігі көрсетілген. Дегенмен көбеюі тез секілді. Ұрғашы өрмекші бір салғанда, 3 мыңға жуық жұмыртқа салатын көрінеді. Қоректенуі де қызық. Бірі азығын тор құрып ауласа, енді бірі жыртқыш аңдай аулап алады. Сөйтіп тіршілігі жалғаса береді. Міне, тіршілігі табан астындағы өрмекшілердің өмірімен айналдырған бір сағатта-ақ танысып шықтық.
ӨСКЕМЕН