• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2022

Металлургия комбинаты іске қосылды

2872 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысында жалпы құны 250 млрд теңге болатын жүзден астам инвестициялық жоба іске қосылады деген жоспар бар. Іс нәтижелі болса, аймақтағы 4 мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Қолға алынған бастамалардың дені минералды шикізат өндіру мен өң­деуге қатысты. Қазірдің өзінде жемі­сін бере бастаған жобалар да бар. Мысал­ға, жақында Қаратал ауданында метал­лургиялық кремний өндіретін зауыт ашылды. «МК «KazSilicon» серіктес­тігінің жоғары маркалы металлургиялық кремний өндіретін зауытын іске қосуға 3,9 млрд теңге инвестиция тартылып отыр. Ал кәсіпорын толық қуатында жұ­мыс­қа кіріскенде 200 адам тұрақты еңбек­пен қамтылады. Мұнан бөлек, ком­бинатқа қажетті маман даярлауға ерекше мән беріліп, осы аудандағы Бастөбе ауылындағы мамандандырылған колледжде электромонтер мен электр газ дәнекерлеуші кәсібін игеруге 48 маман арнайы даярланып жатыр. Яғни дуалды оқыту аясында комбинаттың базасында техник-механиктер мен көпірлі кран операторларын қайта даярлауға мүм­кіндік жасалады.

Бұған дейін облыс әкімі Қанат Бозым­баев жаңа инвесторлармен кездесіп, осы жобаның жай-жапсарын талқылаған болатын. Соның нәтижесінде біршама жыл тоқтап тұрған кәсіпорынға аз уақыт ішінде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қысқа мерзімде іске қосылды. Жаңғырту барысында құрылыс-жөндеу, жабдықтар мен пешті қайта іске қосу жұмыстары жүргізілді.

– Біз біршама жыл тоқтап тұрған KazSilicon металлургия комбинаты­ның қалпына келтіріліп, қайта іске қосыл­ға­нына куә болып отырмыз. Жаңа инвес­торлар комбинаттың екінші тынысын ашып, қысқа мерзім ішінде жаңғыртудан өткізді. Комбинатқа қажетті мамандар осы Қаратал ауданының өзінде даярланады. Жергілікті мамандар даярлау ісі басталып та кетті. Осы шаралардың барлығы Президенттің халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

KazSilicon металлургия комбинаты Қаратал ауданының Жылыбұлақ ауылы­на таяу жердегі «Сарыкөл» кен ор­ны­нан алынатын желілік кварц түрін­дегі шикізатпен өзін қамтамасыз етеді. Жалпы, кремний әлемде металлур­гия саласында, сол сияқты жоғары дәлдік­тегі электр құрылғылары өндірі­сінде пайдаланылатындықтан үлкен сұраныс­қа ие. Бұл комбинатта жылына 6 мың тонна металл өндіріледі. Қазақстандық мазмұнның үлесі 80 пайыз болатын да­йын өнімдер әлемнің жиырмаға жуық еліне экспортталмақ.

Инвестиция демекші, биыл Панфилов ауданында да құны 4,6 млрд теңгені құрайтын 19 жобаның негізі қаланбақ. Оның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 3 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде Жібек жолын дамыту жөніндегі халықаралық компания жылына 450 мың дана аяқ киім мен арнайы киім шығаратын кәсіпорын құрылысын бастады. Ал «КАЗ-АКВА» кәсіпорны 300 тонна балық өнімдерін дайындайтын және «Арыстан и Ко» компаниясы тәулігіне 25 тонна жүгері дәнін кептіретін өндірісті дамытуды жоспарлап отыр.

 

Алматы облысы