Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының 10 млн теңге сомасындағы ең төмен мөлшері енгізілгенін хабарлады.
Еске салайық, коллекторлық агенттіктердің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін 2021 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» Заңда коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері туралы норма белгіленген.
«Нарықты шоғырландыру және коллекторлық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылғы 22 ақпанда жұмыс істеп тұрған коллекторлық агенттіктер үшін жарғылық капиталдың мөлшерін кезең-кезеңмен арттыруды көздейтін агенттік басқармасының №8 қаулысы қабылданды: 2022 жылғы 1 шілдеден бастап – 30 млн теңге, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 50 млн теңге. Бұл ретте жаңадан ашылған коллекторлық агенттіктер үшін жарғылық капиталдың ең төмен мөлшері 50 млн теңгені құрайды», делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта жарғылық капиталға қойылатын ең төмен талаптарды орындамаған коллекторлық агенттіктерге қатысты Агенттік олардың қызметін тоқтату бойынша жұмыс жүргізуде.