• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Наурыз, 2022

Балық өсіргеннің байлығы көл-көсір

410 рет
көрсетілді

Былтыр Үкіметтің қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген болатын. Онда аталған жылдар аралығында қолдан өсірілген су маржандарының көлемін 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Ал өткен жылы Алматы облысында 6 мың тоннаға жуық тауарлы балық өсірілді.

Биыл Жетісудың өзен-көлдерінде өсі­рі­летін балық көлемін 8 мың тоннаға жет­кі­зу жоспарлануда. Оның ішінде аймақта Арал бекіресін қолдан өсіруге басымдық беріліп отыр. Мұнымен Шелек тоған шар­уа­шылығында осы жылдың сәуірінен бастап айналыспақ. Жалпы, бұл су жәндігі 1996 жылы ерекше қорғауға алынып, Қазақ­станның «Қызыл кітабына» енгізілді. Қазір Арал-Сырдария су бассейнінде бұл балық түрі жойылып кеткен. Бірақ жерсіндірілген Балқаш-Іле су бассейнінен ауланады. Сөйтіп шаруашылықта оны қолдан әрі қарай өсіруге бейімдеп, уылдырығы мен шабағын табиғи ортаға қайтадан жібереді. Қазір оған рұқсат алуы үшін сала комитеті осы айдың соңына дейін қаулы шығаруды жоспарлауда.

– Біз түрлі сараптамадан өтіп, аулауға рұқсат алуы үшін биологиялық негіздемені Балық шаруашылығы комитетіне жібердік. Қаулы шыққан соң сәуір айында табиғи ортадан аулап, қолда өсіруге бейімдейміз. Ересек аналықтардың уылдырығынан шабақтарды шығарып, қайтадан табиғи ортаға жібереміз. Бұл өз кезегінде жойылып бара жатқан ба­ға­лы балық түрін сақтап қалуға сеп болады, – дейді Шелек тоған шаруашылығы дирек­торының орынбасары Мейрамбек Пазылбеков.

Бүгінде облыста балық өсіретін 22 шаруа­шылық бар. Солардың бірі, Марлен Тұр­сынәлінің балық шаруашылығы. Кәсіп­кер былтыр 50 тонна тауарлы бақтақ балығын өсірсе, биыл оның көлемін 160 тоннаға көбейтпек. Қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында балық өсіретін тоғандар салып жатыр. Алдағы екі айда құрылыс жұ­мыс­тары аяқталмақ.

– Жылына 220 тонна форель балығын, 50 тонна бекіре балығын, 100 тонна африкалық клариви балығын өсіреміз. Шаруашылықта 50-ге жуық адам еңбек етеді. Алда жаңа жобаны іске қосамыз. Сол кезде қуаттылығы 120 тонна болатын су тоғандарында қосымша тағы да бақтақ балығын өсіреміз. Әрі қарай ішкі нарыққа сатылымға шығарамыз, – дейді кәсіпкер Марлен Тұрсынәлі.

Жалпы, Алматы облысының өзге өңір­лер­ге қарағанда балық өсіруге әлеуеті жо­ғары екені белгілі. Сондықтан болар, ба­лы­қты қолда өсіруге ниет білдірушілер көп. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес.

– Алматы облысында су және жасанды су көзі көп, табиғи көлдер де баршылық. Биыл сол табиғи көлдерді балық өсіру үшін бекітіп, жылдың соңына қарай 8 мың тоннаға дейін балық өсіруді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы Алматы облысының бюджетінен тауар­лық балық өсіруді субсидиялауға 32,1 млн теңге қаражат бөлінді, оның 16,2 млн тең­гесі игерілді. Биыл да облыс бюджетінен тауарлы балық өсіруді субсидиялауға 38 млн теңге бөлу жоспарлануда, – дейді Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Ринат Кумашев.

 

Алматы облысы