Бұл күндері Италияның Кьеза-ин-Вальмаленко қаласында фристайл-могулдан жасөспірімдер арасында әлем біріншілігі өтіп жатыр.
Былтыр Алматыда жалауы желбіреген әлем чемпионатында қола медальды иеленіп, биыл Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарында бақ сынаған Анастасия Городко Апеннин түбегінде өте тамаша өнер көрсетуде. Жекелеген сайыста кенді Алтай өңірінен келген 16 жастағы қызымыз күміс медальды мойнына ілді. Аса тартысты бәсекеде ол америкалық Элизабет Лемлиден ғана қалып қойды. АҚШ-тың тағы бір спортшысы Элли Макгуй қола жүлдені қоржынына салды.
Параллельді могулдан өткен аралас командалық жарыста Федор Бугаковпен жұп құрған Анастасия Городко тағы да екінші орынды еншіледі. Бұл жолы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына Американың өрендері көтерілді.