• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 29 Наурыз, 2022

Үкімет Жалпыұлттық даму жоспарын бекітті

294 рет
көрсетілді

Қазақстан Үкіметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық даму жоспарын бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жоба 10 бағыт бойынша жүзеге асырылатын 36 іс-шарадан тұрады.

Осылайша, президенттік өкілеттіктерді шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында ел заңнамасына келесі түзетулер енгізіледі:

Президенттің президенттік өкілеттігін орындау мерзіміне Президенттің саяси партияға мүшелігін тоқтатуы; Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшылары лауазымдарына орналасуға тыйым салу; Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау, сондай-ақ Президенттің аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері қызметінен алу құқығын жою.

«Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады», деді Әлібек Қуантыров.

Бұдан басқа, ҚР Парламенті Сенатының құрылу тәртібі мен бірқатар функциялары қайта қаралатын болады.

Атап айтқанда:

Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарады, олардың бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясына ұсынылады;

ҚХА квотасы Мәжілістен Сенатқа беріледі; ҚР Парламенті Сенатының Мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы көзделген; ҚР Парламенті Сенатының өкілеттігі Конституциялық Кеңестің және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығымен толықтырылды; ҚР Парламенті Мәжілісі Заң қабылдау құқығына ие болады; Есеп комитеті жоғары аудиторлық палатаға қайта құрылатын болады.

ҰЭМ басшысының айтуынша, елді одан әрі саяси жаңғырту мақсатында мәжілісті қалыптастырудың аралас жүйесін көздейтін сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізілетін болады.

«Саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату, оның ішінде тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету көзделуде. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылады. Партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны 1000-нан 700 адамға дейін қысқарады», деп қосты Әлібек Қуантыров..

Сонымен қатар Қазақстанда конституциялық сот пайда болады. БАҚ туралы заң қайта қаралады.

Үш жаңа облыс - Абай, Жетісу және Ұлытау пайда болады. Ұлттық экономика министрі атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті.

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қойылған міндеттерге толық жауап беретінін және келісудің барлық қажетті рәсімдерінен өткенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысы оны жүзеге асыруға кідіріссіз кірісуді тапсырды.

«Барлық Бірінші басшылардың назарын аударамын – сіздер жоспардың әрбір іс-шарасының сапалы және уақтылы орындалуына дербес жауап бересіздер. Орынбасарларыма жоспардың бағыттарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын», деді Әлихан Смайылов.