• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Наурыз, 2022

Халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор

332 рет
көрсетілді

Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің салтанатты отырысы өтті. Ауқымды жиын ұйымның 30 жылдық мерейтойына арналды.

Мазмұнды басқосудың Ал­маты қаласында өтуінің тарихи мәні бар. Себебі осыдан отыз жыл бұрын дәл осы Алматы төрін­де Қазақстан, Армения, Бела­русь, Қырғызстан, Ресей, Тәжік­стан және Өзбекстан парламент­терінің төрағалары ТМД Пар­ла­ментаралық Ассамблеясын құру туралы келісімге қол қойған болатын. Араға уақыт салып беделді ұйым құрамына Әзербайжан мен Молдава парламентшілері де қо­сылды.

Мемлекеттер арасындағы сая­си, әлеуметтік-экономикалық ортақ мүддені көздейтін маңызды мәселелерді талқылау алаңына айналған шараға ұйымға мүше елдер парламенттерінің төрағалары бастаған делегациялар қатысып, бүгінгі күннің басты сауалдарын ортаға салды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенатының Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев, ТМД ПАА Кеңе­сінің Төрағасы, Ресей Федера­циясы Федералдық жина­лысы Федерация Кеңесінің төр­ағасы Валентина Матвиенко, Әзер­байжан Республикасы Милли Мәжілісінің Төрағасы Сағиба Гафарова, Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонян, Беларусь Рес­пуб­­ликасы Ұлттық жиналысы Рес­­пуб­лика Кеңесінің Төр­ағасы Наталья Кочанова, Қыр­ғыз Рес­публикасы Жоғарғы Кеңесінің Төр­ағасы Талант Мамытов, Мол­до­ва Республикасы Парламентінің өкі­летті өкілі Ион Липчиу, Тәжікстан Республикасы Оли Мә­жілісі Милли Мәжілісінің Төр­ағасы Рустами Эмомали және Өзбек­стан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева қатысты.

ТМД ПАА-ның ұлттық заңна­ма­ларды жетілдіруге үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өткен жөн. Бүгінге дейін Ассамблея 600-ден астам модельді заң мен басқа да құжаттарды қабылдады. ТМД елдерінің Парламенттері оларды өз мемлекеттерінің құ­қық­тық базасын қалыптастыру кезінде белсенді пайдаланып келеді. Тату достықты тұмар еткен ұйымның жұмысына сәттілік тіле­ген Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшім­баев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеу хатын оқып берді.

Ел Президенті өз үндеуінде осы жылдар ішінде бірегей инс­титут Достастық кеңістігіндегі көпжақты ынтымақтастық жүйе­сінде ерекше рөл атқарғанына назар аударған. Әсіресе парла­ментаралық диалог экономи­калық, әлеуметтік және гума­ни­тарлық салалардағы өзара іс-қи­мылды одан әрі кеңейтуге ықпал ететінін, сондай-ақ қазіргі заман­ғы сын-қатерлермен күресу және қауіпсіздікті нығайту үшін құқықтық негіз қалыптастыруға үлкен үлес қосатынын айтқан. «Ассамблея ұлттық заңнамаларды жетілдіруге және демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. ТМД аясындағы сайлау процестері бойынша тәжірибені жақсартуға және азаматтарымыздың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге парламентшілердің белсенді қатысуы жоғары бағаға ла­йық. Бірлескен заң шығару жұмы­сы жаһандық күн тәртібі шең­берінде орнықты дамудың, декар­бонизацияның және цифр­ландырудың маңызды жаңа мін­деттерін іске асырудың теңге­рімді тәсілдерін әзірлеуге мүм­кіндік береді. Қазақстан Ассам­блеяның көпжақты қызметін толық қолдайды. Сондай-ақ ТМД Төрағасы және Парламентаралық Ассамблеяның негізін қалау­шылардың бірі ретінде осы біре­гей әрі пайдалы институтты жан-жақты ны­ғайтуға қолдау көр­сетуге ниетті», делінген Прези­денттің үндеуінде.

Өз кезегінде ТМД ПАА Кеңе­сінің Төрағасы, РФ Федералдық жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Қазақ­стан Президентіне Ассам­б­леяға арнаған лебізі үшін алғыс айтты. «Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ұзақ жылдар бойы ТМД Пар­ла­ментаралық Ассамблеясы Кеңе­сінің мүшесі ретінде біздің жұ­мысымызға белсенді қаты­сып, парламентаралық ынтымақ­тас­тықты дамытуға зор үлес қосқа­нын білесіздер», деп атап өтті басқосу тізгінін ұстаған  Вален­тина Матвиенко.

Сенат Спикері Мәулен Әшім­баев Ассамблея аясында халық­аралық конференциялар мен фо­румдар тұрақты түрде өтіп келе жатқанын, ондай ауқымды жиындарда көші-қон, экология, терроризм және экстремизммен күрес салалары, сондай-ақ басқа да маңызды бағыттар бойынша бірлескен шаралар талқыланып, әзірленетінін, сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясын ең тиімді парламентаралық бір­лестіктердің бірі деп есептейтінін айтты.

Ол «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде Қазақстан халқына қол­дау танытып, алаңдаушылық біл­дір­гені үшін ТМД елдерінен келген әріптестеріне алғысын жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстан Сенатының Төрағасы еліміздің ТМД-ға төрағалық етіп жат­қанын сөз етті. Оның айтуынша, біздің еліміз өзінің төрағалық кезе­ңінде пандемиядан кейін қайта қалыпқа келу, цифрлы техно­логияны енгізу, азық-түлік қауіпсіздігі, мәдени-гумани­тарлық және білім беру саласын­дағы ынтымақтастықты арттыру мәселелеріне басымдық беріп отыр. Сондай-ақ Мәулен Әшім­баев қоршаған ортаны қорғау, «жасыл» технологияны енгізу, табиғатты тиімді пайдалану салалары да басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды.

Өз сөзінде ТМД ПАА-ның мерей­тойлық отырысы әлемде бұрын-соңды болмаған геосая­си жағ­дайдың шиеленіскен тұсында өтіп жатқанын айт­қан М.Әшімбаев жаһандық қауіп­сіздік мәселесіне қатысты да пікір білдірді. «Біздің еліміз қауіп­­сіз­діктің бөлінбейтіндігі және халық­аралық құқық пен БҰҰ Жарғы­сының қағидаттары негізінде ха­лықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа ба­лама жоқ екендігі туралы ұстаным­ды құптайды. Осыған орай біз келіссөздер процесін ілгеріле­туге арналған кез келген әрекетті қол­даймыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол ТМД парла­мент­шілеріне елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды реформалар жөнінде кеңінен айтып берді. «Қаңтар оқиғасы көптеген бағыт бойынша белсенді реформалар жүргізу қажеттігін көр­сетті. Осыған байланысты біздің еліміз әлеуметтік, әділетті және демократиялық мемлекет қа­лыптастыру мақсатымен Жаңа Қа­зақстан құруды қолға алды. Осы бағыттағы конститу­циялық реформалардың негізгі нәти­желерінің бірі ретінде Қазақстанда парламентаризмді одан әрі дамыту және Парламенттің елдің сая­си жүйесіндегі рөлін арттыру көзделіп отыр», деді М.Әшімбаев.

Басқосуда сөз алған тараптар халықаралық ынтымақтастықтың маңызды тетіктерін саралап, қазіргі күрделі заманда бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнын ешбір құндылық алмастыра алмайтынын атап өтті.

 

АЛМАТЫ