• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Наурыз, 2022

Еңбегімен ел құрметіне бөленген

291 рет
көрсетілді

Ондай адамдар көп қой десек те, Солтүстік Қа­зақстан облысының бүгінгі абызы Жақсылық Ысқақовтың елге сіңірген еңбегі тіпті айрықша. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады», деп атап айтты. Осы қасиеттердің бәрі де Жә­кең­нің бойынан табылады. Солтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Қызылжар мен Тимирязев аудандарын ашып, өз қолымен қадасын қағып, одан Шал ақынның бір кезде облыстағы ең үздік аудан болуына өлшеусіз үлес қосқан Жә­кең 10 жыл бойы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып, ауыл ша­руашылығының өсуі мен өркендеуін жоғары деңгейге көтере білген жан. Кеудесіне Кеңестің Ленин орденінен бастап 5 орденді қадауы сол еңбектерінің өтеуі.

Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономия факультетін үздік бітірген, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясында бір жылдық тағылымдамадан өткен, одан партияның осындағы жоғары мектебін бітірген оның білімі де өз заманында озық болды. Ж.Ысқақовтың жұмысқа адалдығы, кез келген істі дөңгелентіп әкететін іскерлігі, бағыныштыларына  жұғымдылығы, бай тәжірибесі мен терең білімі Павлодар облысы атқару комитетінің төрағасы қызметін алты жыл бойы атқарғанда да сүріндірген жоқ. Осы қызметтердің бәрінде ол халыққа қолының тазалығымен, адамдарға деген сергектігімен, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен тұратын кішіпейілдігімен жаға білді. 

Жақсылық Ысқақов 1975-1985 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымында жүріп, ономастикалық комиссияның төрағасы болғанша Петропавлда бірде-бір ғимараттың атауы қазақша болмайтын. «Шолпан», «Раушан», «Жанар» және т.б. дүкен, балабақша атауларын Жәкеңнің жетекшілігіндегі ономастикалық комиссия енгізді. Ал орталықтағы ең үлкен, тоғыз қабатты қонақүйді қалалық биліктегілер «Колос» деп атаймыз деп таласқанда, «Жоқ, «Қызылжар» болады», деп жеңіп берген де осы кісі болатын.  Бұл да ұлттық дүниені қолдай білген, ұлттық мүддені ұмытпаған өз заманының ерлігі. 1988 жылы Павлодарда өткен республикалық айтысқа облыстық атқару комитетінің төрағасы Жақсылық Ысқақовтың өзі келіп, өз қолымен жүлде үлестіргенге дейін жергілікті биліктегілер жоғарыға алақтап, көп уақыт бойы айтысты ашық қолдай алмағанын да қазіргі жұрт біле бермейді. Ол кезде қазақы дүниенің бәрі ұлтшылдықпен байланыс­тырылып, кінә тағуға дайын тұратын... Сол таптаурынды алғаш бұзғандардың бірі де Жәкең болды.

Науан Наурыздың жарқыраған күндерінің бірінде 1932 жылы дүниеге келген оның 90 жылдық мерейтойын облыс қана емес, республика жұртшылығы қуанышпен атап өтті десек, артық емес. Жәкең Дінмұхаммед Қо­наев бастаған Қазақстанның елге адал қызмет етуді ғана ойла­ған үлгілі басшыларының ақырғысы. Ол кешегі Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов, Ніл Болат­баев, Василий Демиденко, Есім Шайкин сияқты саңлақ­тармен қатар қызмет етіп, солармен қанаттас болған жан. Қазақтың нарқасқаларының арасындағы Василий Петрович Жәкеңе тікелей ұстаз болған адам. «Жақсылық, қазақ кеңшарларын ашу керек» деген де сол Бәсекең (Жәкең өзі осылай ғана атайды)  болатын.  Осыдан кейін Ж.Ысқақов солтүстікте 12 қазақ кеңшарын ашқаны белгілі.

Мерейтойды облыс әкімі Құмар Ақсақалов ашып, ардақты ақсақалды құттықтап, облыс тұрғындары атынан шапан жапты және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Алыстан  келген қонақтар қатары кілең қазақтың жақсылары мен жайсаңдарынан еді. Атап айтқанда Ерік Сұлтанов, Болат Жылқышиев, Самат Ескендіров, Қуат Есімханов, Нұржан Әшімбетов, генерал Абай Тасболатов, ғалымдар Ғалымқайыр Мұтанов, Анатолий Башмаков және т.б. болып, бәрі де құттықтау сөздерін айтты. Сенаторлар Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, генерал А.Тасболатов республикалық Ардагерлер ұйымының Құттықтау хатын тапсырды. Қонақтар арасында Жұмабек Тәшеновтің келіні Фатима Тәшенова да болып, мерейгерді құттықтады. Солтүстікте атақты ақсақалдар арасынан бір-ақ кісі Жәкеңнен үлкен екен. Зейнолла Олжабаев есімді 95 жастағы қария Батыр Баянның тікелей ұрпағы. 90-ға келіп жатқан абызды «қарағымдап» құттықтаған бұл ақсақалдың сөздері де ерекше есте қалды.

Мерейтой иесі өзінің сөзінде еліміздің көркейе түскенін көруден әлі де үмітті екенін, Жаңа Қазақстан­ның болашағына сенетінін айтты.