• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 30 Наурыз, 2022

«Барыс» маусымды қорытындылады

179 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) биыл 14-ші маусымын өткізген елорданың «Барысы» Гагарин кубогы жолындағы плей-офф кезеңінің алғашқы раундында сүрініп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Қатарынан үш жыл плей-оффтың алғашқы кезеңінде Магнитогорскінің «Металлург» клубымен күш сынасып, кейінгі екі жылында сәтсіздікке ұшырады. 2019/20 жылғы маусымда екі клуб арасындағы бәсекеде «Барыстың» мерейі үстем болғанымен, қазақстандық ұжым коронавирус пандемиясына байланысты жарысты жалғастырудан бас тартқан еді.

ҚХЛ-дың «Шығыс» конференциясында өнер көрсеткен «Барыс» биылғы тұрақты бірін­шілікте жалпы саны 47 ойын өткізіп, соның тек 14-інде ғана өз жанкүйерлерін қуантты. Төрт ойында қарсыласынан овертаймда басым түссе, тағы төрт кездесуде буллит сериясында бағы жанды. Ал екі реттен овертаймда және буллитте жеңіліске ұшырады. Сондай-ақ 21 матч­та қарсыластарына жол берді. «Барыс» хоккейшілері осы 47 ойында қарсылас команданың қақпасын 127 мәрте дәл көздесе, 138 рет өз қақпасынан шайба алып шығуға мәжбүр болды.

Бұл – «Барыстың» осы мау­сымда көрсеткен нәтижесінің қысқаша статистикасы. Ал жуырда команданың президенті Борис Иванищев пен бас жаттық­тырушы Юрий Михайлис маусымды қорытындылап, өз ойларын ортаға салды.

– Биылғы маусым біз үшін сәтті өтті деп айта алмаймын. Өкініш­ке қарай, кейінгі екі жылда жарқырап өнер көрсетуімізге әр­түрлі сыртқы факторлар өз әсерін тигізбей қоймады. Міне, осы жолғы маусым барысында ел ішінде де, халықаралық аренада да өте маңызды оқиғалар болды. Сол оқиғалардан кейін аздап ес жию қиынға түскені жасырын емес. Бірақ біз туын­даған барлық қиындықты өз пайдамызға қарай шештік деп ойлаймын. Бұл үшін клубтың барлық қызметкеріне алғыс айтқым келеді. Мүмкін, басты мәселе – маусымның бірқалыпты деңгейде өткенінде болса керек. Әрине, бұл жерде екі жылдан бері жалғасып жатқан пандемия­ны да ескеру қажет. Маусым барысында хоккейшілеріміз бен қыз­меткерлеріміз вирус жұқ­тырып, командаға көмектесе алмай қалған кездер болды. Бұл жат­тығу процесіне де, тікелей жұ­мысымызға да кері әсер етті. Жаңа жылға қарай бізде бәрі қалпына келгендей болған еді. Ойыншылардың физикалық жағдайы мен жеңіске деген ұмтылысы зор болған-ды. Біз жүйелі түрде әр ойында жеңіске жетіп, мейлінше жоғары орын үшін күресуге дайын болдық. Бірақ жаңа жылдан кейін тұрақты біріншіліктің қалған бөлігі әуелі вирусқа, кейіннен Олимпия ойындарына байланысты тоқтатылып, ақыр соңы мерзімінен бұрын аяқталып тынды. Осы уақыт аралығында хоккейшілер ойын тәжірибесінсіз қалды. Плей-офф ойындары басталғанға дейін үш бақылау кездесуін өткізуге мүмкіндік алды. Бұл да командаға сәл де болсын ойын тәжірибесін жинақтауға жақсы көмегін тигізді, – деді «Барыстың» президенті.

Сондай-ақ Борис Иванищев бапкерлер құрамының жұмысына көңілі толатынын және оларға тағатын ешқандай кінә жоқ екенін жеткізді. «Себебі биылғы маусым алдында командаға және бапкерлер құрамына плей-офф кезеңіне дейін жету міндеті қойылған болатын. Команда бұл міндетті толығымен орындады. Бірақ плей-офф кезеңінің бірінші

раун­д­ы­­нан арыға аса алмағанымыз өкінішті. Өйткені бірқатар ойыншы жарақатына байланысты командаға көмектесе алмады. Дегенмен, плей-офф бәсекесінің өз мұзайдынымызда өткен ойындарында жақсы ойын көрсетуіміз керек еді. Жанкүйерлер де, мен де ойыншылардан соны күттік. Бірақ бұл – хоккей. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді ғой», деді ол.

Борис Иванищев алдағы мау­сымда Михайлис-Волк-Лилья үштігі мен барлық қазақстандық ойыншыларды командада сақтап қалғысы келетінін жеткізді. Алайда ҚХЛ маусымы әлі өз мә­ре­сіне жетпегендіктен және әзірше лига басшыларының талабы мен легионер санын қыс­қарту-қысқартпауы да белгісіз болғандықтан, барлық сұрақтың жауабы тек маусым соңында ғана белгілі болмақ.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды қысқарту туралы тапсырмасынан кейін команда бюджеті біраз қысқартылды. Доллардың теңгеге қатысты баға­мының өсуі де бізге әсер ете­тіні сөзсіз. Еларалық ұшулар, қонақүй, киім-кешек барлығы шарт­ты бірліктермен сатып алы­нады. Маусым толығымен аяқ­талған соң алдағы жоспары­мызды, команда бюджетін тал­қылайтын боламыз. Бюджет туралы айтылғанда, ҚХЛ-дің ережесін ескеру керек болады. Мәселен, жарыс ережесінде ойыншылардың төменгі, орташа және жоғары жалақысы қанша болу керектігі нақты көрсетілген. Біз әзірге ең төменгі жалақыға жақынбыз, бірақ келер жылы біз осы минимумнан төмен жалақы қоятын болсақ, онда бізді лигадан шығарып жіберуі мүмкін, – деді Борис Иванищев.

Сонымен қатар команда бас бапкері Юрий Михай­лис те биылғы маусымды қоры­тын­дылап, жеке ойыншылардың шеберлігі мен маусымның үздік хоккейшілерін атап өтті.

– Тұрақты біріншіліктің соңғы ойындарында «Металлургтен» де, «Автомобилистен» де басым түстік. Маусымның соңында хок­кейшілер жоғары эмоционалды және физикалық күйде болды. Бізде турнир кестесінің бұдан да жоғары орындарына көтерілетін мүмкіндік бар еді. Өкінішке қарай, чемпионат бел ортасынан ауғанда тоқтатылды. Тұрақты біріншіліктің екінші бөлігінен кейін жігіттерде өз-өздеріне деген сенімділік пайда бола бастады. Бәлкім, жаңадан келген ойыншылар сол кезде бір-біріне үйреніскен болуы керек. Сондай-ақ Альсинг пен Орехов бір-бірін тамаша толықтырып отырды, Мартинссон бірінші бестікке ауысып, Морроумен жұп құрап сәтті ойнады деп айта аламын. Көп сәттерде өте сенімді ойнап, жанкүйерлердің қошеметіне ие болдық, – деді бас бапкер.

Юрий Михайлистің пікірінше, биылғы маусымының жаңа есімі – 20 жастағы шабуылшы Аңсар Шайхмедденов. Ол бұл маусымда мұзайдында жиі бой көрсетпесе де, өзінің еңбекқорлығының арқасында бапкерлердің көзіне түсе білді. Сондай-ақ ол плей-офф кезеңінде өзін жақсы қырынан көрсетті деп айта аламыз.