Ақпанның соңғы күні. Алматыға тағы да қар жауып өтті. Біз тұрған үй артындағы ағаштардың сидам бұтақтарында аппақ қар тұрып қалған.
Таңертең төртінші қабаттағы терезеден биік ағаштың ашасындағы ұяда жұдырықтай бір құсты көріп қалдым. Әлгі құс ұяға бауырын басып жайғасып алған. Алғашқыда аса мән бергенім жоқ. Түстен кейін оны тағы көрдім. Ұясынан тапжылмапты. Кенет қасына сол секілді тағы бір құс ұшып келді де, ұядағының аузына жем салды. Қасында аз-кем тұрды да тағы ұшып кетті. Сонда ғана ұшқан құстың аталық, ұядағының аналық екенін аңғардым. Байқаймын, күнұзаққа орнынан қозғалмаған аналық жұмыртқа басып жатқан секілді. Бірақ мені таңғалдырғаны әлі май тоңатындай беймезгіл салқын кезде құстың күрік болғаны.
Фотоаппаратымды алып, терезеден суретін тартып алдым. Наурыздың он екісі күні әлгі құстың қанатының астынан үш сарыауыз балапанның басы қылтиып көрінді. Өмірге келген жыл құсы ма дерсің. Аталық құс ауық-ауық ұшып келіп оларды жемдеп жатыр. Наурызың 22-сі күні аналық құс тез жетілген балапандарын ұясынан бірінен соң бірін шығара бастады. Балапандар әлі бүр жармаған бұтақта қанаттарын қағып ұшуға талпынуда.
Ертеңіне қарасам ұя бос қалыпты. «Күн жылымай жатып, жұмыртқалап, балапан ашқан бұл қандай құс?» деп орнитологтердің жазбаларын ғаламтордан іздестіре бастадым. Орнитологтер бұл құсты Майна сауысқаны деп атапты. Латынша атауы – Acridotһeres tristis. Елуінші жылдың басында Өзбекстанның оңтүстігі мен Түрікменстанның солтүстік бөлігінен әкеліп жерсіндірілген екен. Әзірге жалпы саны 3 мыңдай ғана көрінеді. Сол жылы жақтарда осы кезде-ақ балапан шығаратынын хабардар етіпті. Құс екеш құс та болмыс-табиғатына тартып, біздің жақтағы күннің салқындығына қарамай жыл басы Наурызда балапан ұшырғанын қарашы! Енді таңданып, таңырқамай гөр!