Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының ерекшелігі – қазақстандықтардың сұранысына сай болғанында және елдегі ахуалды толық ескергенінде жатыр.
Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін қоғамда көкейкесті сауалдар көп болды. Осы жолғы Жолдау сол сұрақтардың жауабы іспеттес. Ел Президенті билік тармақтарына, қоғамға Жаңа Қазақстанды құру стратегиясы аясында саяси реформалардың кезекті топтамасын іске асыру бойынша бірқатар міндет қойды. Маңызды мақсаттарды айқындады. Атап айтқанда, өкілді билік тармақтарын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау институттарын күшейту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру сынды бастамалар көтерілді. Әсіресе атқарушы билік өкілдеріне халықпен жиі кездесіп, қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Жолдауда атап өткендей, «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстанымға сәйкес кез келген мәселе жергілікті жерде шешілуге тиіс. Мәселен, Маңғыстау өңірінде газ бағасына байланысты болған жағдайлар қайталанбауы үшін еңбек шарттарын жақсарту керек, шиеленісті мәселелер жергілікті жерде оң шешімін табуы керек. Бұл болашақта үлкен қақтығыстардың алдын алады.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен қалаларында әскери бөлімдері бар. Батыстық ұландар өңірдің ішкі тыныштығы мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Күн сайын жүздеген ұландық полиция қызметкерлерімен бірге аталған қалаларда қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды. Тәулік бойы жауынгерлік қызмет атқарады. Сонымен қатар өңірдегі қоғамдық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шараларда құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Сондықтан Президенттің бейбіт шерулер туралы айтқаны көңілімізден шықты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Бейбіт митингтер жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын және оның салдары қандай күрделі болғанын білеміз. Мемлекетімізде құқықтық тәртіпті орнату арқылы Қазақстанның конституциялық құрылымын, әр азаматтың құқығы мен бостандығын батыл қорғаған ұландықтар үшін бейбіт жиналыстар туралы заңның сақталуы маңызды. Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп айтқандай, заң үстемдігі салтанат құратын құқықтық мемлекетте ғана даму мен өркендеу болады. «Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс» деп Мемлекет басшысы бекер айтқан жоқ.
Еліміз даму жолында демократиялық өзгерістерге аяқ басуда. Қоғамдық тәртіпті бұзу, елдің шырқын кетіру – өркениетті демократияның көрінісі емес. Толеранттылық, жауапкершілік, өзара сыйластық, кеңесу, азшылықтың пікірі ескерілу арқылы көпшіліктің билік құруы – нақты демократиялық өзгерістердің алғышарты. Жаңа заң белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді.
Елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты. Солай десе де елді арандатқысы келетін, заңға бағынғысы келмейтін «мысық тілеу» адамдардың табылатыны өкінішті. Оларға қатысты «Бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс» деп нақты ескерту жасалды. Ұлттық ұлан әскері өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау көрсетіп, жаңарған болашақты құруға бір адамдай атсалысуға дайын екенін айтқым келеді.
Қайрат ҮМБЕТОВ,
Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы,
Халық қаһарманы және «Отан» орденінің иегері, полковник