Астанада 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында «Туберкулезбен күреске инвестиция салыңыз. Өмірді құтқар» атты айлық өтті. Айлық аясында қала тұрғындары аурудан сақтану, уақтылы тексерулерден өтудің маңызы туралы жан-жақты мәліметке қанықты.
Кейінгі 5 жылда Нұр-Сұлтан қаласында туберкулезбен ауыру 30,1%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштің жақсаруына аурудың алдын алу шаралары әсер етіп жатыр. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемованың айтуынша, қазір тұрғындарға профилактикалық флюорографиялық тексеру жүргізу үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында 16 стационарлық және 5 жылжымалы флюорографиялық аппарат жұмыс істейді. 2022 жылы тағы да осындай 3 аппарат сатып алу жоспарланып отыр.
«Туберкулезді диагностикалауды гендік-молекулалық әдістердің көмегімен тексеру үшін Нұр-Сұлтан қаласында 4 аппарат бар: үшеуі – МСАК ұйымында (4, 5, 7-емхана) және біреуі – қалалық фтизиопульмонология орталығында. Аталған зерттеу 2-3 сағат ішінде қоздырғыштың бар-жоғын анықтап қана қоймай, дәрілік сезімталдықтың бар-жоғын анықтауға, яғни емдеудің тиімді схемасын тағайындауға мүмкіндік береді», деді Ә.Рүстемова.
Елордада туберкулезден емделіп жатқан науқастарға үнемі әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұрын азық-түлік себеттері мен жол жүру карталары берілетін, ал 2019 жылдан бастап 10 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлем түрінде көмек көрсетіледі.
«Қаупі жоғары» топтарда туберкулезді анықтау бойынша әріптес ретінде үкіметтік емес ұйымдарды тарту маңызды. Бұл ведомствоаралық және сектораралық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. 2022 жылдан бастап елордалық мәслихат әлеуметтік тапсырыс аясында туберкулездің алдын алу бойынша жұмысқа ҮЕҰ тартуды қолдады.
Жақында өткен «Туберкулезбен күреске инвестиция салыңыз. Өмірді құтқар» атты айлықты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында қала әкімдігінің қолдауымен өзіне қарасты ұйымдармен, барлық серіктесімен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл айлық тұрғындардың профилактикалық тексерулерден уақтылы өтудің маңызы жөнінде хабардар болуына, әрбір азаматтың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл сайын қалалық денсаулық сақтау басқармасымен, қалалық фтизиопульмонология орталығымен, білім басқармасымен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп іс-шаралар, акциялар өткізеді. Департаменттің әлеуметтік парақшаларында туберкулездің алдын алу бойынша мақалалар, жадынамалар жарияланады. Медициналық ұйымдарда семинар-тренингтер өткізіледі. Айлық аясында қала мектептерінде, жоғары және орта оқу орындарында қазақ және орыс тілдерінде ашық сабақтар, туберкулездің алдын алу тақырыбында сынып сағаттары өткізілуде. Ойын-сауық орталықтарында хабарлама арқылы дәрістер өткізіледі», деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева.
Ол дұрыс тамақтанбау ағзаны әлсірететінін атап өтті. Ішімдікке және есірткіге тәуелді, сондай-ақ туберкулезбен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болғандар ауру жұқтыру қаупіне жақын болады. Дененің әлсіреуінен болатын өткір және созылмалы аурулар ағзаның күресуін төмендетеді. Бұл туберкулездің пайда болуына немесе өршуіне және оның ауыр ағымына әкелуі мүмкін.
«Ересектер мен жасөспірімдер үшін ерте диагноз қою жолы – флюорографиялық тексеру. Туберкулездің алдын алу жүйесіндегі флюорография аурудың ерте кезеңінде жылдам емделіп, сауығып шығуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ балалар арасында туберкулездің алдын алудың тиімді жолы – БЦЖ екпесі мен 6-7 жастағы ревакциналау. Сондықтан ата-аналарды баласына туберкулезге қарсы екпені уақтылы қабылдауға шақырамын. Себебі әр баланың денсаулығы өз қолымызда», деді Ж.Пірәлиева.