Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров алдағы екі апта ішінде кездесуі мүмкін. Мұндай мәліметті Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу хабарлады.
Түркиялық дипломаттың айтуынша, осы аптада Ыстанбұлда өткен келіссөздерінің қорытындысы бойынша Д.Кулеба және С.Лавров телефон арқылы сөйлескен. М.Чавушоғлу ресейлік миллиардер Роман Абрамовичтің Украина мен Ресей басшылары арасындағы байланыс орнатуда пайдалы рөл атқарғанын жеткізді.
Сонымен қатар Түркия Сыртқы істер министрі Ыстанбұлда қол жеткізілген уағдаластықтар барысында айтылған міндеттемелер орындалмай жатқанына назар аударды. Ресей тарапы М.Чавушоғлының сөзіне байланысты пікір білдіріп, Мәскеудің С.Лавров пен Д.Кулеба кездесуінен бас тартпайтынын айтқан.
АҚШ барлау агенттіктері Ресей Президенті Владимир Путин шынайы ахуалдан хабарсыз деп есептейді. Олардың келтірген баяндамасына сүйенсек, Кремль басшысының айналасындағылар оған не болып жатқаны туралы нақты және толық ақпарат бермейтін көрінеді. «Путинге ресейлік әскерилер қате ақпарат беретіні туралы ақпарат қолда бар. Бұл Путин мен әскери басшылық арасындағы шиеленістің жалғасуына әкеліп соғады. Путинге кеңесшілер Ресей әскерінің сәтсіздігі және ел экономикасының санкциялардан қаншалықты зардап шеккені туралы қате ақпарат беріп отыр деп санаймыз», деді Ақүйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд журналистерге берген сұхбатында.
К.Бедингфилдтің айтуынша, Д.Байден әкімшілігі Украинамен қарулы қақтығыстың Ресейге қаншалықты стратегиялық зардап әкелгенін көрсету үшін мұндай ақпаратпен бөлісуге шешім қабылдаған. Кейт Бедингфилд АҚШ барлау қызметі мәліметтерді қалай жинағаны, кімнен алғаны құпия деп мәлімдеді.
GCHQ ұлыбританиялық электронды барлау басшысы Джереми Флемингте осындай пікірді ұстанып отыр. Оның айтуынша, Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға әскер аттандырмас бұрын өзінің әскерінің де, қарсы тараптың да күшін дұрыс бағаламаған. Енді Кремль басшысының айналасындағылар нақты жағдай туралы есеп беруге қорқатын көрінеді. «Путин жағдайды бағалауда өте үлкен қателік жіберді. Біздің ойымызша, Путиннің кеңесшілері қазір оған шындықты айтудан қорқады», деді Д.Флеминг.
Украина президенті Володимир Зеленский әлем елдеріне арнаған бейнеүндеулерін жалғастырды. Бұл жолы Украина басшысы Нидерланд парламентінде сөз сөйлеп, қару-жарақ беруді және елді қалпына келтіруге көмектесуді сұрады. В.Зеленский Ресейге қатысты бүкіл іскерлік байланыс пен сауда-саттықты тоқтатуға, санкцияларды қатаңдатуға шақырды.
Сондай-ақ ол Аустралия парламентшілері мен сенаторларына бейнеүндеу жариялап, Украина әлемдік қоғамдастықтың қолдауына сенетінін, Ресейге қарсы соғыста жеңілмейтінін мәлімдеді.
Украина Президенті аустралиялықтардан Bushmaster бронетранспортерлерін жіберуді сұрады. Бір қызығы, дәл сол күні Аустралия Ресей мен Беларусьтен келетін кез келген тауарларға қосымша 35 пайыз баж салығын енгізетінін хабарлады.
Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі Ресей Чернигов облысында әскери белсенділікті азайтамыз деп мәлімдегеніне қарамастан, бомбалауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Кейбір бөлімшелерді шығарғанымен ресейлік әскерилер Киевтің шығысы мен батысындағы позицияларын әлі де ұстап тұр. Ұлыбритания тарапы жақын күндері қаланың шетінде ауыр шайқастар басталады деп есептейді. Ресей армиясының басты нысанасына айналған Мариупольде ауыр шайқастар жүріп жатыр. Украин әскері қала орталығын әлі де бақылауында ұстап отыр.
АҚШ тарапы өткен аптада Ресей Чернобыльдегі сарбаздарын әкетіп жатқанын хабарлаған. Кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарында олардың сәуле ауруына шалдығып, ауруханаға жатқызылғаны айтылды. Бұл мәліметті әзірге нақты тексеру мүмкін емес.
Рейтер агенттігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, ресейлік жауынгерлер қорғаныс құралдарынсыз радиоактивті «Қызыл орман» деп аталатын жерден броньды көліктерімен өткен, сөйтіп улы шаң көтерілген.