Халықаралық театр күніне орай Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық академиялық драма театрында «Қаллеки тынысы» атты премьералық спектакльдер апталығы өтті. Кәсіби театртанушылардан құралған сарапшылар бір апта бойы 2021-2022 жылдары сахналанған жаңа спектакльдерді тамашалап, қойылым соңында пікірлерін ортаға салып, талқылау өткізді. Апталық соңында жүзден жүйрік шыққан мықтылар арнайы аталымдар бойынша марапатталды.
Додадаға түскен спектакльдер қатарында Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» (режиссері – Болат Ұзақов), Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» (режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы), Роза Мұқанованың «Бопай ханым» (режиссері – Жұлдызбек Жұманбай), Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» (режиссерлері – Олжас Жақыпбек пен Шырын Мұстафина), Халифа Алтай, Хасен Оралтайдың «Алтайдан ауған ел» (режиссері – Фархат Молдағали), И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» (режиссері – Нұрлан Жұманиязов), Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» (режиссері – Әлібек Өмірбекұлы), Айвон Менчелдің «Күзгі іңір» (режиссері – Ұлан Қарыпбаев) қойылымдары бар. Аталған премьералар театрдың бүгінгі шығармашылық келбетін, драматургиялық туындыларды сахналаған режиссерлердің қиял қарымын һәм сонымен қатар актерлік шеберлік пен жарық қою, грим, сценография, би, музыка және тағы да басқа театр өнерінің өзге де салаларының шығармашылық ізденістерін бағалауға мүмкіндік жасады. Сол арқылы театр труппасының деңгейі анықталып, тудырған өнері кәсіби біліктілік биігінде бағаланды. Осыған орай апталыққа төрелік жасаған сарапшылардан «қаллекиліктердің» қарымы турасында пікір сұраған едік.
Нартай ЕСКЕНДІРОВ,
PhD докторы, Қазақ ұлттық
өнер университетінің доценті:
– «Қаллеки тынысы» апталығы шын мәнінде театр әлеміне үлкен қуаныш сыйлаған өнер жаңалығы болды десек, артық айтпағанымыз. Біздің олжа – бір апта бойы театр репертуарындағы премьералық спектакльдерді тамашалап, содан рухани ләззат алғанымыз. Сонымен апталықтың бірінші көрсетілген спектаклі – 2021 жылдың үлкен жаңалығына айналған Т.Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасының қазақ театрында алғаш рет сахналануы. Бұған дейін Құнанбай бейнесін Абайға арналған спектакльдерде жиі кездестіргеніміз рас. Алайда елі үшін аянбай игі істер жасап, шариғат жолын ұстанған қажы Құнанбайды жеке тұлға ретінде сахнаға шығаруға кез келген режиссердің қарымы жете бермейтінін айтқымыз келеді. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Ұзақов. Ол бұған дейін ірі-ірі туындыларымен көрермендер есінде қалғаны мәлім. Осы жолы да көп ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде «Құнанбай» спектаклі өзіндік пәлсапалық мазмұнымен баурады. Құнанбайдың келбетін актер Ерлан Малаев көңіл толқытар терең ізденістерге бармай, өз деңгейінде алып шыққан. Рөлдің эволюциялық дамуындағы ішкі толқыныстарын жан-жақты ашуға талпынысы аса байқалмады. Оған Құнанбай мінезіндегі иірімдерді тереңдікпен жеткізу үшін әлі де іздене түскені абзал. Мәселен, спектакльден бір ғана қарапайым деталь келтіріп өтсек, Құнанбайдың тарих бойынша сол жақ көзіндегі тыртықты білеміз, ал Е.Малаевтың бейнелеуіндегі Құнанбайдың оң жақ көзіндегі тыртыққа көзіміз түсті. Осы спектакльдің екінші құрамында ойын көрсеткен актер Н.Сауданбектің Құнанбайында сол жақ көзінің тыртығын көрген болатынбыз. Тарих бойынша болған оқиғаны, детальды өмірдегідей, шынайы жасалғаны дұрыс деп ойлаймыз, осы жағын ескеруіміз керек.
Қ.Қуанышбаев театрындағы өткен жылдың тағы бір үлкен жаңалығы – «Қаллеки» театр лабораториясының ашылуы. Бұл лабораторияның жастарға беретін мүмкіндіктері өте мол. Лаборатория жетекшісі – Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Шах-Мұрат Ордабаев. Елімізде лабораториялық театрлардың құлашын кеңге жайып, көптеп ашылып жатқандығы қуантады. «Қаллеки» театр лабораториясы О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасымен тұсаукесерін жасады. Спектакльдің режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы. Бәзіл режиссерлік білімі болмаса да мұндай лабораториялық жұмысты алып, қойылымды көркемдік деңгейі жоғары туындыға айналдырғаны құптарлық. О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасының аты айтып тұрғандай бірден өзіне баурап әкетеді. Спектакльде жас актерлердің бүкіл жан дүниесімен беріліп ойнайтын жанкештілігі көзге бірден түседі. Қойылым оқиғасында жастық албырттықпен бозбалалық жасаған бас кейіпкердің балалық қателіктері, яғни ойланбай жасалған әрекеттері үлкен қасіретке әкелгені шынайы жеткізіле отырып көрерменге үлкен ой салады. «Ұйқым келмейдіні» алу арқылы режиссер жасөспірімдердің санасына сіңетіндей ой айтып, жастардың бүгінгі заманауи тілінде сөйлеген актерлер әзіл-қалжыңмен, бимен көптеген терең мәселені ашып көрсеткен. Болашақта «Қаллеки» театр лабораториясында көркемдік сапасы жоғары осындай шығармалардың көбейетініне сеніміміз мол.
М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының премьерасы 2010 жылы 18-19 қараша күндері өткен болатын. 2021 жылы 6-7 қараша күндері жаңартылған нұсқасы сахналанды. Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков. Жаңа ғимараттың үлкен сахнасына қарай икемделіп жаңартылған нұсқасында (О.Жақыпбек, Ш.Мұстафина) музыкалық партитураларға көп көңіл бөлініп, комедияның жанры жан-жақты терең ашылмағанын байқадық. Атап айтқанда, Айман мен Шолпанның музыкалық ән айту, би билеу сахналарына көңіліміз толғанымен, қойылымда бір-бірінен аумай қалған қос аруды ажырата алмай дал болдық. Бас кейіпкерлердің өздеріне тән образын, ерекшеліктерін даралай түсетін қою мінез, нәзіктік, сабырлылық, еркелік жетпей қалған. Жарық беру жөніндегі суретші А.Бекбембетовтің актерлердің мизансценаларындағы жарықтың сәтті қойылуына, жалпы спектакль атмосферасын шынайы жеткізуде жемісті жұмыс істегені көрініп тұр. Сондай-ақ қоюшы суретші Қ.Мақсұтовтың жасаған жұмыстары да ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
М.Сервантестің «Дон Кихотын» қазақ сахнасында алғаш сараптаған режиссер Ә.Өмірбекұлының есімі «Дон Кихотқа» дейін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театры сахнасында қойылған «Қораз» спектаклі арқылы театр көрермендеріне жақсы танылған болатын. Оның жастық максимализмі мен ешқандай цензурадан қорықпайтын батылдығы басқа режиссерлерге үлгі болды. Ол ГИТИС-те оқып жүріп осындай кесек жұмыстар атқарды. Режиссер бұл қойылымда да қазақ елінің бүгінгі жағдайына салмақты сараптама жасай отырып, қоғамдық күрделі мәселелерді шынайы көрсете білген. Спектакль басталғанда «Кім Дон Кихот болады?» деген өткір мәселе қойылады. Яғни Дон Кихот болу оңай емес және одан да қиыны өзіңдегі Дон Кихотты өлтіріп алмаудан бастау алады. «Дон Кихот» арқылы қоғамдағы өткір мәселелерді ашық сынаған режиссер ізденісі мен сахналық тосын да тың шешімдері көңілге құрмет орнықтырады. Қазақ театрларына осындай батыл қойылымдар керек. Бұл «Дон Кихоттың» қазақ сахнасындағы ғұмырының ұзақ болатындығына сеніміміз кәміл.
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
театртанушы:
– Апталық барысында 8 спектакль тамашаладық. Отандық драматургтердің – 5, шетелдік қаламгерлердің 4 шығармасы репертуар қоржынын толықтырыпты. Әйгілі испан классигі Сервантестің «Дон Кихот» романы Әлібек Өмірбекұлы мен Мирас Әбілдің инсценировкасымен сахнаға қазақтың «Дон Кихоты» болып жол тартты. Төрт сағатқа жуық уақытта өтетін қойылымда қазіргі қоғамның айқын бейнесін көрдік. Аталған туындыда мәдениет, әлеуметтік ахуал, қауіпсіздік, жұмыссыздық, отбасы құндылықтары, сыбайлас жемқорлық тағы сол сияқты заманның өткір мәселесі көтерілді. Әлібек Өмірбекұлының режиссурасымен сахналанған бұл «Дон Кихот» ащы шындықтың бірін қалдырмай жайып салып, қазіргі дәстүрлі театр спектакльдерінен оқшау, ерекше формада, тың режиссерлік ізденістермен өз көрерменін «ә» дегеннен баурап әкетті. Қазақ театрына осындай қойылымдар өте қажет. Сахнада Дон Кихот рөлін кескіндеген Ержан Нұрымбеттің актерлік шеберлігі, ойынның сан қырлылығы, тапқырлығы спектакльдің өн бойын сәулелендіре түсіп, ал оның досы Санчо Панса рөліндегі актер Нұркен Өтеуіл бұл жолы көрерменге озық актерлік шеберліктің өзге қырынан танылды. Әртістердің ойын ерекшелігіне лайықты киім дайындауда суретшісі Шынар Елембаеваның еңбегін атап өткіміз келеді.
Х.Алтай мен Х.Оралтайдың «Алтайдан ауған ел» спектаклі режиссер Фархад Молдағалидың қолтаңбасымен сахналанған жаңа туындылардың бірі. Инсценировака авторы – Мирас Әбіл. Жиырмасыншы жылдардың қасіретті парағын көз алдымызға айқара ашып, еркіндікке ұмтылған, бодандыққа бағынбай өткен ұлтымыздың өр мінезі мен ерік-жігерін көрсететін бұл қойылымның тағылымы терең. Бір айта кететіні, спектакль барысында тарихи хронологиялық деректерді баяндай беру қойылымның көркемдік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соққан. Спектакль бірнеше финалмен аяқталады. Спектакльдің нүктесін қою жұмысын әлі де пысықтау қажет-ақ.
Қаллеки театрының камералық залынан заңғар жазушы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасын тамашалау бақыты бұйырды. QALLEKI театр лабораториясының сахналауында көрерменге жол тартқан бұл драманың жас режиссері Бәзіл Сұлтанғазының сахналық шешімдері мен қойылымға лайықты музыка таңдауы көңілге көп үміт ұялатты. Қойылымның реңін аша түскен жас актерлердің бет алысы да жаман емес. Спектакль көрерменге әсер етті. Кей сәтте көзге жас үйірді, күлдірді, сағындырды. Сахналық туындының басты миссиясы да сол ғой. Көңілге әсер ету яки сананы селт еткізу. Жас өнерпаздардың лабораториясына сәттілік тілеймін.
Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасын тамашаладық. Қойылымның атауы «Құнанбай» болған соң театрға келген көзіқарақты көрерменнің сахнадан әуелі өз Құнанбайын іздейтіні заңдылық. Режиссер Болат Ұзақов басты кейіпкердің бейнесін ашуда Құнанбайдың ішкі дүниесіне көбірек үңілгендігі байқалды. Иә, біз білетін Құнанбай өз заманының билеушісі, өктемдік өкілі еді. Тіпті М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында оның озбыр, қатыгез мінезін сипаттайды. Бірақ бұл жолы сахнадан біз Құнанбайдың да пенде екендігін, Құдайдың алдында дәрменсіз құл екендігін, қателесіп, қия басқан тұстары үшін өкінетіндігін, өзінің айналасында туғандарының итжығыс боп жаға жыртыспауы үшін жанталасқанын, бітімгершілікке шақырғыш тұлға екендігін байқадық. Сахнада тарихи шындықтан бұрын, көркем шындықты іздеген дұрыс. Әр суреткер өз «Құнанбайын» сахналайды. Актер Ерлан Малаевтың Құнанбайы кей сәттері қаһарсыз Құнанбай болып көрінді.
Америкалық драматург А.Менчелдің «Күзгі іңір» трагикомедиясының жарыққа шығуы театрдың үлкен буын әртістерінің өнеріне кең тыныс, тың ізденіс сыйлады десек, қателеспейміз. Қойылымның негізгі кейіпкерлерін бейнелеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Күлия Қожахметова, Айман Аймағамбет, Майра Омар бастаған талантты актерлер шоғыры сахнаның сәнін келтірді. Жылдың төрт мезгіліндей жылыстап жатқан өмірдің соңғы кезеңі жайлы сыр шертіп, жүректің нәзік сезімін қозғайтын қойылым атауын «Күзгі іңір» деп қазақшалаған аударма авторы Н.Сауданбектің шеберлігі атап өтуге тұрарлық. Сахна декорациясы әсем безендіріліп, қойылымның айтар ойын дөп басқан. Дейтұрғанмен, екі сағатқа жуық созылған спектакльде бірсарындылық басым екендігі байқалады. Актерлерде шынайылық тапшы. Кейіпкерсындылықпен емес, кейіпкержандылықпен ойнаса, жүректерге жетер ме еді...
Жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Бопай ханым» тарихи трагедиясын Қаллеки театрының репертуарын түрлендірген, жаңа леп сыйлаған үздік туындыға жатқызуға болады. Бопай ханымды сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназар-Ханинга күрделі кейіпкердің болмысын ашуда қателеспеген. Біз сахнадан ақсүйек болмысты Бопайды көре алдық. Әбілқайыр хан бейнесіндегі Ержан Нұрымбеттің ойынындағы хан мінезіне тән қайсарлық, күрескер тұлғаның бет бейнесі спектакль шырайын енгізді.
Ұлы жазушы М.Әуезовтің әйгілі «Айман-Шолпан» комедиясы заманауи үлгіде қайтадан жанданыпты. Комедия жанрының жүгі әлдеқайда ауыр. «Жаңартылған қойылым езуге күлкі үйірді ме?» деген заңды сұрақ ойға оралады. Осы сұрақ тұрғысынан алып қарағанда негізгі кейіпкерлерді кескіндеген жас буын актерлерге әлі де көп ізденіс қажет. Күлдіре білу – үлкен өнер. Спектакль жанры музыкалық комедия болғаннан соң, жанды дауыста ән салып, ырғақты биге ілесіп, комедияның негізгі миссиясы қалтарыста қалып қойғаны белгілі.
И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы» – комедиясы репертуардан түспей келе жатқан үздік комедиялардың бірегейі. Отбасылық өмірдің қиындығы мен қызығын қатар суреттейтін нәзік комедия өзінің көңілді динамикасымен, көрерменге оңай қабылданатын әуезді әнімен тартымды спектакль түзе білді. Жаңартылған нұсқасы кең сахна төрінде жарқырай түсті. Бұл ретте қоюшы суретші Қанат Мақсұтовтың, киім суретшісі Шынар Елембаеваның елеулі еңбектері сәтті туындыны жарыққа шығаруға зор үлес қосқан. Спектакль барысында жарқ етіп, ерекше есте қалған эпизодтық бейне – актер Дастан Әлімовтің «Зындан күзетшісі» екені сөзсіз.
P.S. «Қаллеки тынысы» апталығы – театрдың соңғы бір жылда жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін сараптауға жол ашқан жақсы жоба болғаны анық. Бастысы, шығармашылық ұжым кәсіби мамандар пікірін тыңдап, еркін пікірталас арқылы шығармашылық жаңа белеске қадам басты. Ал апталық қорытындысы бойынша, «Дон Кихот» спектакліндегі Сүт ана бейнесі үшін театрдың жетекші актрисасы Айнұр Бермұхамбетова «Үздік актриса», Дон Кихот рөлі үшін Ержан Нұрымбет «Үздік актер», Санчо Панса рөлі үшін Нұркен Өтеуіл Шәміл Жүнісов атындағы «Екінші пландағы үздік әртіс» аталымында топ жарса, аталған қойылымның режиссері Әлібек Өмірбекұлы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы «Үздік режиссер» жүлдесін иеленді. Сонымен қатар апталық аясында Әшірбек Сығай атындағы «Сахна саңлағы» сыйлығы «Бопай ханым» спектакліндегі Бопай бейнесі үшін Лейло Бекназар–Ханингаға, Қадыр Жетпісбаев атындағы «Сахна саңлағы» жүлдесі «Күзгі іңір» трагикомедиясындағы Ида рөлі үшін Күлия Қожахметоваға табыс етілді. Мұрат Насипов атындағы «Эпизодтағы ер адам бейнесі үшін» және Шолпан Мұқышева атындағы «Эпизодтағы әйел адам бейнесі үшін» аталымдарында театр әртістері Дастан Әлімов пен Инабат Әбенова марапатталды. Шолпан Елгезекова атындағы «Шығармашылық ізденісі үшін» сыйлығы «Ұйқым келмейді» спектаклін қойған режиссер Бәзіл Сұлтанғазының, Жақып Омаров атындағы «Спектакльге музыка жазған жыл композиторы» аталымындағы жүлде Олжас Жақыпбектің мерейін үстем етті. «Үздік гримдеуші» – Ләйлә Сқақова, «Үздік жарық қою бойынша суретші» – Азамат Бекбембетов деп танылса, «Үздік инсценировка» аталымында театртанушы Мирас Әбіл марапатталды.