Көктемнің алғашқы айы аяқталғанымен қарлы бораннан әлі де болсын арыла қойған жоқпыз. Соған қарамастан, қар еріп, қызыл су жайылып жатқан жағдайлар да аз емес. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірлерде су тасқыны кезеңінің өтуі, сондай-ақ күн райының нашарлауына байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
Елімізде су тасқыны кезеңіне дайындық пен өтудің белсенді кезеңі басталды. «Қазгидрометпен» бірге Төтенше жағдайлар министрлігі ақпарат, болжам алмасу жөнінде жұмыс режіміне көшті. Ю.Ильиннің айтуынша, наурыздың соңғы онкүндігінде «Қазгидромет» болжамы орын алған оқиғаларға толық сәйкес келді. Мәселен, еліміздің көп өңірінде дауыл тұрып, табиғат тосын мінез көрсетті.
– Бүгінгі таңда бізде бар ақпарат бойынша ылғал қорының жинақталу көлемі бірқатар өңірде, ең алдымен Қарағанды облысында, Есіл, Қалқұтан өзендерінде, Ақмола облысының Сілеті, Ақтөбе облысындағы Қарғалыда орташа көпжылдық көрсеткіштен төмен. Ал Ақмола облысындағы Жабай, Шағалалы өзен арналары, Батыс Қазақстан облысындағы Утва өзені қалыпты жағдайда. Норма шегінен біршама жоғары деп Есіл өзенінің бассейнін Ақмола облысының Сергеев су қоймасына дейінгі, тікелей Солтүстік Қазақстан облысы мен Қарағанды өңірінің Нұра көліне дейінгі аралықты айта аламыз. Қазіргі уақытта біз нөлдік фазалардан күндіз және түнде оң температураға ауысуды байқаймыз. Демек, қар еру процесі анағұрлым белсенді болады. Бұл тиісінше, әр оқиғаға дайын болуды қажет етеді, – деді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен су ресурстары комитетінің бақылауындағы барлық су қоймалардың толымдылығы 50%-70%-ды құрайды. Сонымен қатар өзендердің арнасынан асып, бітеліп қалмауы, мұз үйінділері пайда болмауы үшін мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қазақстан аумағы арқылы өткен дауылдың салдарынан бірқатар аймақта, яғни Қызылорда, Алматы, Қарағанды облыстарында, Балқаш көлінде мұз үйінділерінің пайда болуына себеп болды. Сондай-ақ бұл құбылыс Қызылорда облысы аумағында бірқатар жекеменшік демалыс үйлерін бүлдірді. Бақытымызға орай, онда ешкім болған жоқ. Сәйкесінше, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Сондай-ақ Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының таулы аймақтарында қардың қалың түскені байқалады. Ауа температурасы көтерілген кезде таудағы өзендердің бойымен қарқыны қатты ағыс жүріп, қар көшкіні болуы мүмкін екенін алдын ала ескертеміз. Сондықтан алдағы демалыс күндері таулы жерлерде тұратын азаматтардан қар көшкіні аймағында қалмас үшін тауға барудан бас тартуларын сұраймыз. Таулы жерлерге баруға қатысты да тиісті ескертулер мен шектеулер болады, – деді ведомство басшысы.
Бүгінде түрлі әлеуметтік желіде ел азаматтары қар құрсауында қалып, зардап шекті деген сыңайда әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Алайда министр мұндай ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
– Үсіп қалғандар, қайтыс болғандар туралы интернетте тараған фейк ақпараттар шындыққа жанаспайды. Қар құрсауында және мұз үйінділері салдарынан бірде-бір адам зардап шеккен жоқ. Жолда қалған азаматтарды уақытша орналастыру пункттеріне көшіру, орналастыру мәселесіне қатысты көмек уақтылы көрсетілді. Тек, осы жол учаскелеріндегі апатты жағдайға байланысты жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандар болды. Жалпы, мереке күндері және кейінгі уақыттарда өткізу пункттерінде 1 200-ден астам автокөлік тұрып қалды. 1 мыңнан астам адамды біз әртүрлі көлік құралдарынан эвакуацияладық.
Мәселен, жылыту пункттеріне жеткіздік, психологиялық көмек те, жергілікті атқарушы органдардан тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша да уақтылы көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері мен аумақтық бөлімшелерде тікелей орналастырылған штабтардың телефондарына 230-дан астам қоңырау келіп түсті. 7 мыңнан астам түрлі ақпараттық-анықтамалық хабарламалар келіп түсті, деді Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин.