• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 01 Сәуір, 2022

Саяси реформалардың тұжырымдамалық негізі

270 рет
көрсетілді

Жұртшылықты біраздан бері елеңдетіп отырған ел Прези­дентінің Жолдауы қоғамдық-саяси өміріміздің аса күрделі мәселелеріне арналған бағдарламалық тарихи құжат болды деуге болады.

Сөзінің әлқиссасын «Қаңтар қасіретінің» себептері мен салдарына арнаған Мемлекет басшысы біраз түйінді ойларын ортаға салды. Одан арғы ойларын осы қасіреттен сабақ ала отырып, Жаңа Қазақстанды құрудағы саяси реформалар­дың тұжырымдамалық негізде­ме­лерін сала-салаға бөліп тарата айтты. Бұл реформаның жү­йе­лі кешенді сипатта жүзеге асырылатынын ескертті. Еліміздегі басқару жүйесі президенттік билікке шоғырланып қалғанын тілге тиек ете келіп, бұдан былай «Күшті президент – Ықпалды парламент, Есепті үкімет» деген үш тармақты билік жүйесіне жедел көшу қажеттігін көрсетті. Бұл дегеніңіз президенттік би­лік­тің біраз бөлігі Парламент пен Үкіметке берілетіндігін біл­діреді. Өкілетті биліктің бар­лық сатысының пәрмені күшейіп, қоғамдық ұйымдармен байланыс нығаяды. Орталық биліктің біраз қызметі өңірлерге беріле отырып, жергілікті жердің бел­сенділігін арттыруға да баса мән беріледі деген сөз.

Әрине, Жолдаудан талай ас­тар­лы ойларды суыртпақтауға болады. Ең бастысы, осы реформаларды дайындауда халық пен қоғамдық институттар­дың ұсы­ныс-тілектері барынша ескерілгендігін Президент атап көрсетті. Соның нәтижесінен болар, Жолдауда көрсетілген көп­те­ген нақты іс жұртшылық көңілі­нен шыққанына дау жоқ сияқ­ты. Мәселен, өзімізге ұна­ған оның бірқатар тұжырымда­масы мыналар: «Президент өкі­леттігін барынша шектеу», «Пре­зи­денттің саяси партия­ны басқаруын тоқтату», «билік­те отыр­ған Президенттің туған-туыс­қандарының саяси билік­ке араласпауы, тіпті квазимем­лекеттік мекемелерді басқаруға да қатыспауы», «кәсіби және мажоритарлы сайлау жүйесін енгізу», «Мәслихаттардың рөлін көтеру», «Саяси партияларды тіркеуді жеңілдету», «Сайлау жүйесін жетілдіру», «Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің пәрменін арттыру», «Конституциялық Кеңестің  Конституциялық Сот болып өзгеруі», «Ұлттық Құрылтай» институтын құру», т.б осындай толып жатқан жақсы жаңа­лықтар бар. Солардың ішінде баршаның жүрегіне жылы тиген жаңалық Абай облысы, Жетісу облысы, Ұлытау облысы сияқты тарихи санамызға таңбаланған, қазақы рухымызға серпін беретін киелі өңірлердің жаңаша өркен жаюы болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Мем­лекет басшысының бұл Жол­дауының әрбір тарауы арнайы әңгіме жасай отырып сара­лайтын, ел болашағы үшін бағ­дарламалық маңызы бар тарихи құжат деуге болады.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері