• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Сәуір, 2022

Тағдырлы тума талант

1719 рет
көрсетілді

Өнер – керемет құдіретті күш. Шынында да, өнер бізді әсемдік әлемінің заңдарын түсінуге жетелейді, адамға рухани күш береді, ерекше қуаныш, сүйініш, толқу сезімін оятады, өмірге деген құштарлықты арттырады.

Ата-бабаларымыз әлімсақтан бері өнерді ерекше қадір тұтқан. Әсіресе, қазақ халқының тасқа қашап, өрнек салу өнері бағзы замандардан бастау алса керек. Оның ішінде сурет салу немесе кескіндеме өнері көп таралғаны күні бүгінге жеткен сан ғасырлық тарихымыздан белгілі. Сурет салу ермек емес, адамды, табиғат көріністерін, маңайымызды қоршаған неше түрлі оқиғаларды бейнелеу, шым-шытырық өмір, жайнаған табиғат құбылыстарын қылқалам арқылы кескіндеме сұлбасын түсіру екінің біріне бұйыра бермейтін киелі өнер десек қателеспеген болар едік. Сызық, жарық пен көлеңке, түс, бояу тағы басқа тәсілдерді пайдалану арқылы суретші болмыстағы сан алуан оқиғаларды тізбек-тізбек етіп көз алдымызға келтіреді, ерекше эстетикалық толқу, ой-сезімін туғызды.

Ұлы суретші И.Репин: «Кескіндеме жаны бояу емес, идея, тек идея!» деген пікір айтқан екен. Адамды бейнелеу, оның ішкі сырын ашып, рухани өмірін көрсету, қоғамдағы тартысты, күресті сипаттау – сурет өнеріндегі басты тақырып. Қай суретші де көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай образдар жасауға тырысады. Сондай дарынды да талантты суретшілеріміз қасиетті Нарын өлкесінде де аз болмаған. Солардың ішінен Атыраудың абзал ұлдарының бірі, белгілі қылқалам шебері, дарынды суретші, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, тума талант иесі Шаймардан Тілемісұлының есімін ерекше атар едік. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміздің өмір жолы қиын да қилы бұралаң жылдарға толы десек біреу сенер, екіншісі сенбеуі мүмкін.

1937 жылы Атырау облысының Но­вобогат ауданының (Исатай ауданы) За­бурын ауылының Амангелді елді м­е­ке­нінде дүниеге келген ол 1954 жылы Н­о­вобогат ауылындағы Амангелді (Ғ.Мәсә­лі­мов атындағы) орта мектепті бітір­геннен кейін, комсомолдық жолдамамен Арқа жеріндегі Қарағанды қаласына аттанады. Бойында жастыққа тән қызбалық та, өршілдікте қатар өрбіген жас жігіт қо­лы­на қайла алып, шахтаға түседі. Сонда жүріп ол өмірдің мәні нағыз еңбекте екенін түсінеді. Содан кейін Шалқия кен барлау экспе­ди­циясында (Жезқазған облысы) жұмыс істейді. Осылайша, өміртану мектебінің алғашқы дәрістерінен сабақ алып, қара еңбекке шыңдалған ол әскери өмірдің де дәм-тұзын татып үлгереді. Осында оның бала жастан армандаған суретке деген құштарлығы оянады. 1961 жылы Украинаның Харьков қаласындағы көркемсурет институтына түсіп, оны 1965 жылы бітіріп шығады.

Сол кезден-ақ Ш.Сариевтің тотали­тар­лық жүйе мен кеңестік қоғамға деген өзіндік көзқарасы мен ойлау пайымы өзгеше қалыптаса бастаған болатын. Оған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары да тұспа-тұс келді. Бұл жылдарда жер шарында мәдени дүмпулер жүріп жатқан кез еді. Космосқа адам баласы аяқ басып, музыка мәдениетінде де төңкерістер болып жатыр еді. Бұл өзгерістер тек осы салаларды ғана шарпыған жоқ, поэзия, бейнелеу өнерінде де төбе көрсеткен-ді. Поэзияда атақты М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза Әлі, О.Сүлейменов, Т.Айбергенов, М.Отаралиев, Ө.Нұрғалиев сынды «бунтарьлар» бой көрсетсе, бейнелеу өнерінде де С.Айтбаев, Ш.Сариев, А.Сыдыханов, С.Ғұмаров, Т.Тоғысбаев, т.б. осы сықылды үркердей топ реформаторлық деңгейге көтерілген-ді.

1962 жылы Алматы қаласына барған Шаймардан «Өнер» комбинатында жұмыс істеп, бүкілодақтық, рес­публикалық көр­ме­лерде алғашқы жұ­мыстарын көрсете бастайды. Оның қыл­қаламынан шыққан алғашқы туындылары астана жұртшылығы арасында зор ілтипатпен бағаланады. Ш.Сариевтің 1967 жылғы «Тұрар», 1969 жылғы «Шопан», 1971 жылғы «Гурьев балықшылары» және басқа да құнды туындылары Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының қорында сақталып, жиі-жиі көрмелерге қо­йылып отырған. Тіпті оның «Сары киімді әйел» мен «Қыздар» атты туындыларын Париж бен Мәскеу көрмелері қайта-қайта сұратып алған көрінеді. Елден ерек жа­ра­тыл­ған шын талант иесінің өнердегі мінезі мен өмірдегі мінезін жаратпаған қызғаншақ, өркөкірек билік басындағылар мен аяқтан шалушылар оны қоғамнан алас­татуды ойластырады. Ақыры өршіл талант иесін «КСРО Суретшілер одағы мүшесінің ары мен атағына кір келтіретін қоғамға жат қы­лықтар жасағаны үшін» деген сылтаумен Шаймардан Тілемісұлын КСРО Суретшілер одағы мүшелігінен шығарып тастайды. Өнер адамына бұдан артық қорлық бар ма еді?

Әйтсе де бояу мен қылқалам суретшінің қолынан түскен жоқ. Ол өз әлемінің ортасында қалды. Бұл әлемнен Сариевті ешкім де алыстата алмасы анық. Оның жазған картиналары, графикалық серия­лары көрмелерден көрінуге құқы болмай, шеберханаға айналған аядай ғана қоржын пәтерінің бір бөлмесіне жиналып, қатталып жатты. Кенепке, қағаз-қатырмаға зәру болған сәттердегі мұқтаждық пен дәрменсіздікке тап болған хас шебер, шабыты буырқанған шақтарда суреттерін бұрынғы картиналарының екінші жағына салды. Ал «Әлем» атты картинасын Шәкең бір аяулы суретші досының мекенжайының қабырғасына естелік ретінде жазып қал­дырған. Шаймардан аға ұлттық кескіндеме мектебін құруды армандаған ғой. Сол арманының орындалғанын көре алмай кеткені өкінішті, әрине. Әр суретшінің өз бояуы бар. Шәкең сары бояу, қызғылт сары, қоңыр сары, ақсары, күрең сары, тобылғы сары, шым сары бояуларды живопись пен графикада көп қолданған екен. Ол сонымен бірге портреттік шығармаларға да ден қойған. Оның портреттерінен, әсіресе әділеттілікке ынтызар адамдарды бірден жазбай танисың. Адамның ішкі жан дүниесін сол қалпында мөлдіретіп бе­ре­тіні таңғалдырады. Мысалы, «Лебіз» портретін алайық. Балалық кіршіксіз бейнеде тіршіліктің күнәдан пәк рухы бар, күн мен ауаның нұры жаныңызды аялап, шуақ пен жылы самалға кеудеңізді тосып тұрғандай сезінесіз. Таланттың құді­реттілігіне бас иесіз.

Тағдырлы суретші өмірінің соңғы ке­зінде туған ауылына келіп, бірнеше құнды картиналарды дүниеге әкелген. 1988 жылы халық жүрегінен ойып тұрып орын алған ерекше дара тұлға мәңгілікке көз жұмды. Бірақ туған жері еш ұмытқан емес. 1988 жылы Алматыдағы ғалымдар үйінің фойесінде Ш.Сариевтің алғашқы дербес көрмесі өткізілді.

Осы жерде айта кетуіміз керек, Шаймар­дан аға жұбайы Күлпаш Сариева жеңгеміз екеуі – Ертас, Лебіз, Қуаныш, Жайдары, Нұрдәулет деген бес ұл-қызды өмірге әкелген абзал әке. Жеңгеміз Күлпаш аға­мыз­дың артында қалған мұраларын сары майдай сақтап, оны ел арасына наси­хат­тауда көп еңбек сіңіріп жүр. Педа­го­ги­ка ғылымдарының кандидаты, доцент К.Са­риева қазір Алматы қаласынан 2003 жыл­дан бері үш айда бір шығатын «Әдіскер-Методист» атты республикалық ғылыми-педагогикалық журналға басшылық жасауда.

Дарынды ұлының есімін есте қалдыру мақсатында Исатай, Х.Ерғалиев ауылының бір көшесіне есімі берілді. Ғ.Мәсәлімов атындағы мектеп жанынан Ш.Сариевтің өнертану бөлмесі ашылды. Атырау қала­сында Ш.Сариев есімімен аталатын об­лыстық өнер мұражайы бар. Жыл сайын аудан мектептерінде жас суретшілердің байқауы өткізіліп тұрады. Тек бір «әттеген-айы» ағамыздың мерейтойы ешбір жерде аталып өткен емес. Мұны жергілікті басшылар ойлануға тиіс деп есептейміз.

Ш.Сариевтің замандасы әрі жерлесі, ардақты ұстаз Өтепқали Зұлқашев былай деп еске алады: «Шаймарданмен бір мектепте оқыдық. Мектепте жүрген кезінде-ақ суретті шебер салатындығымен көзге түсіп еді. Шаймардан дарынды суретші еді, көзі тірісінде өзінің лайықты бағасын ала алмады ғой». Ал құрбысы Нұреден Есмағанбетов: «Марқұм Шаймардан Тіле­місұлы қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дара тұлға, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, жарық жұлдыздай жарқ етіп, жанып, сөнген құбылыс еді», деп тебіренеді.

Айтса айтқандай, біз оны көзі тірісінде құрметтей алмадық, өнер құдіретін бағалай алмаған екенбіз. Облыс немесе республика көлемінде де ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасай алмағанымыз да өкінішті.

 

 

Аяпберген САЛИХОВ,

журналист