Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері төрт облыста 185 тұрғын үйді су басып, құтқарушылар мыңнан астам азаматты эвакуациялады, бес облыста жолдарды су басты, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында 185 тұрғын және 78 саяжай үйді, 2 әлеуметтік нысанды еріген қар суы басты. Барлық 185 тұрғын үйден, 2 әлеуметтік нысаннан және Ақтөбе облысындағы 63 саяжай үйден су сорып шығарылды. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы 15 саяжай үй бақылауда тұр», делінген хабарламада.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстарында барлығы 1 165 адам эвакуацияланды, оның 676-ы уақытша эвакуациялау пункттерінде, 480 - туыстарының үйлеріне орналастырылды, 9-ы үйлеріне оралды.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша алдағы тәулікте Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Нұр-Сұлтан қалаларында жаңбыр түрінде аздаған жауын-шашын күтіледі, күндізгі уақытта ауа температурасы +6 +20С-қа дейін, түнгі уақытта 0-ден +10С-қа дейін көтеріледі. Осыған байланысты өзен бассейндерінде қарқынды қар еруі, еріген ағын қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін.