• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 06 Сәуір, 2022

БЖЗҚ 1,7 миллиондай өтінішті орындады

294 рет
көрсетілді

2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өткен жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға берген зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 317 739 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор-банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,1 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,7 пайызы), Нұр-Сұлтан қаласы­ның (13,4 пайызы), Маңғыс­тау облысының (11,6 пайызы) тұр­ғындары тарапынан жолданған.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар – Отбасы банкі, «Қазақстан Халық банкі», «Altyn Bank», «Банк ЦентрКредит» және «Банк Фридом Финанс Қазақстан». Орындалған өтініштердің едәуір (жалпы санының 95,30 пайызы) бөлігі Отбасы банкі арқы­лы берілген. Қалған банктер­дің үлесі келесідей: «Қазақстан Халық банкі» – 3,23 пайыз, «Банк ЦентрКредит» – 1,39 па­йыз, «Altyn Bank» (0,05 па­йыз) және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» (0,03 пайыз).

Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу), жеке тұрғын үй салуға (меншікте жер телімі бол­ған жағдайда) бағытталған. Бұл бағы­тта шамамен 2 трлн тең­геге (жалпы соманың 64,4 пайызы) 469 628 өтініш орындалды.

Тұрғын үй құрылыс жинақ­тары жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға (құры­лысты қоспағанда), оны толық және ішінара өтеуге және қайта қар­жыландыруға, сондай-ақ тұр­ғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бо­йынша жеке тұрғын үй салуға (жер телімін сатып алуды қосқанда) жалпы сомасы 402,2 млрд теңгеге (13 пайыз) 276 303 өтініш орындалды.

(Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»)

Тұрғын үй сатып алуға ипоте­калық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті толық, ішінара өтеуге және оны қайта қаржыландыруға 378,6 млрд теңге (12 пайыз) аударылды. Бұл дегеніміз – 261 128 өтініш.

Тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымды толықтыруға әрі қарай жинақтау үшін 249,2 млрд теңгеге (8 пайыз) 274 506 өтініш орындалды.

Тұрғын үйді сатып алу құқы­ғы­мен ұзақ мерзімді жалға алу шарт­тары бойынша толық және ішінара төлем жасау, жеке­ше­лендіру, төлемді бөліп төлеу ар­қылы сатып алу және сату, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық (біржола есеп айырысу) нысаналы мақсаты бар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша жер телімін меншікке сатып алуды қамтитын өзге мақсаттарға 75,2 млрд теңге (2,4 пайыз) аударылды.

Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 422,1 млрд теңгеден аса қаражат қайтарылған. Себебі қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Сонымен қатар БЖЗҚ емделуге берілген 293,5 млрд теңгеге 380 996 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,8 млн теңге. Салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына уәкілетті оператордан (Отбасы банкі) 26,9 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.

Емделуге берілген өтініштер­дің едәуір бөлігі тіс емдеуге – 284,5 млрд теңгеге 365 751 өті­ніш (емделуге берілген өтініш­тер­дің жалпы санының 96 пайызы) бағытталды. Сондай-ақ офталь­моло­гиялық қызметтерге 5,1 млрд теңгеге 10 844 өтініш және орфан­дық ауруларды емдеуге 1,1 млрд теңгеге 1 251 өтініш орындалды.

2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға 7,9 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 4 975 өтінішті орындады. Аударым­ның орташа сомасы – 1,6 млн теңге. Қазіргі уақытта БЖЗҚ зей­нет­ақы активтерін сенім­гер­лік­­­пен басқару­ға қатысты төрт ин­­вес­тиция­лық портфельді басқару­шымен шарт жасасты. Айта кетейік, 7,9 млрд теңгенің 45,59 па­йызы немесе 3,6 млрд теңгесі Jusan Invest-ке, 28,05 пайызы немесе 2,2 млрд теңгесі Halyk Global Markets-ке, 15,90 па­йызы немесе 1,3 млрд теңгесі BCC Invest-ке, 10,46 пайызы немесе 0,8 млрд тең­гесі «Сентрас Секьюритиз» ком­паниясына аударылған.