Шетелдік азық-түлікті шектеу керек. Бұл – отандық тамақ өнеркәсібі өкілдерінің талабы! Айналамызда орын алып жатқан түрлі ахуал оларды айрықша алаңдатып отыр. Сол себепті сала өкілдері Үкіметке отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған шаралар кешенін ұсынды. Статистикалық деректерге назар аударсақ, ішкі нарықта отандық тамақ өндірушілерді алаңдататындай жағдайлар жоқ емес.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің мәліметінше, 2021 жылы азық-түлік импорты шамамен 4,9 млрд долларды құраған. Елімізге әкелінген азық-түлік өнімдерінің жартысынан көбі Ресейге тиесілі. Мәселен, іргедегі көршімізден 300 млн долларға конфет пен печенье, 200 млн долларға қант импорттап отыр.
– Қазір отандық бизнес қиын кезеңді бастан кешіп жатыр. Сондықтан бизнеске қолдау керек. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін де маңызды. Соңғы айлардағы жағдайлар азық-түлік нарығымыздың импортқа тәуелді екенін анық байқатты. Көлік байланысына, сауда қатынасына сызат түсіп еді, нарық та теңселіп кетті. Сыртқы факторларға дәл осылай тәуелді болған соң «болашақта өзімізді азық-түлікпен қалай қамтамасыз етеміз, немен қоректенеміз?» деген сауал да өзекті бола түсті. Mercedes пен Toyota шығара алмасақ та, сырттан импортталатын азық-түліктің үлесін төмендетуге үлес қоса алатын компаниялар баршылық. Міне, соларды қолдауға тиіспіз, – дейді Ербол Есенеев.
Оның айтуынша, кез келген импорт валюта бағамына байлаулы. Оны соңғы уақытта тұрғындар да анық сезінді. Мысал ретінде қант бағасының шарықтап, дефициттің орын алғанын айтуға болады. Мұндай қиындықтан шығудың бірден-бір жолы – отандық өнімді қолдау. Бұл ретте ел тұрғындарынан да патриоттық талап етіледі. Өйткені отандық өнімді сатып алу арқылы өз өндірісіміздің дамуына үлес қосамыз.
– Жергілікті компаниялардың нарықта жұмыс істеуі үшін жақсы жағдайлар жасау, сауда желілерін отандық тамақ өнімдерін қолдауға және дәріптеуге тарту бірінші кезектегі міндетке айналуы керек. Азық-түлік саласы тиімді мемлекеттік реттеуді қажет етеді. Онда да отандық өндірушілердің мүддесіне басымдық берілуі керек. Азық-түлік өндірісі – стратегиялық сала. Әлемдік тұрақсыздық пен логистикалық байланыстардың үзілуі жағдайында оның маңызы тіпті арта түседі. Әзірге саланың дамуын мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбеуі көрші елдердің тамақ индустриясының алыптарымен тең емес бәсекелестік тежеп отыр, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры.
Қазақстан Сүт одағының басшысы Владимир Кожевниковтің пікіріне қарағанда, өнімді шығаруға басымдық беру аздық етеді. Оны сатуға да көңіл бөлу керек.
– Біздің өндірушілер өнімнің негізгі көлемін ірі сауда желілері арқылы сатады. Дегенмен, өндірушілердің өнімдерін супермаркет сөрелеріне шығару оңай емес. Өйткені олардың нарықтық экономиканың 30 жылында қалыптасқан өз заңдары мен ережелері бар. Сауда желілері үшін жеткізушілерді таңдаудағы басты критерий – сапа емес, сатып алу бағасының төмендігі. Желілер үшін бастысы өнімді арзан бағамен алу. Осының салдарынан қазақстандық сапалы өнімдер дүкен сөрелеріне мүлдем қойылмауы мүмкін.
Отандық сауда желілеріндегі өнімнің жартысынан көбі импорттық тауарлармен толып тұр. Осыны реттеу керек. Мәселен, Ресейде дұрыс жолға қойылған мемлекеттік реттеу саясатының нәтижесінде сауда желілері ассортиментінің 80 пайызы жергілікті компаниялардың өнімдерінен тұрады. Дамыған елдерде өз өндірушілеріне қолайлы жағдай ұсыну тәжірибесі бар. Бұл дегеніміз – сөрелерден жақсы орындар беру, міндетті түрде есеп айырысу үшін қосымша орындар ұсыну, сатылған тауарлар үшін жылдам ақы төлеу және отандық тауарларды ілгерілету. Бізге де осындай тәжірибені енгізу қажет. Әйтпесе, ішкі нарықтағы отандық азық-түлік өнімдерінің үлесі азая бермек. Бұдан елдің азық-түлік қауіпсіздігі зардап шегеді, – дейді Владимир Кожевников.
Оның айтуынша, жергілікті сауда желілеріне кіру үшін отандық өндірушілер шығынға ұшырайды. Ал өнімдерін төмен бағамен сатса, отандық өндірушілер жаңа жабдықтарды сатып алуға, жаңғыртуға, жаңа өнімдер өндірісін игеруге жұмсайтын табыс таба алмай қалады. Даму үшін өндірістің міндетті түрде табысты болуы керек екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
– Тұтынушылық патриотизмге тәрбиелеу, отандық өнімдерді тұтынудың пайдасы мен артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Ел тұрғындарына сапалы және бәсекеге қабілетті отандық өнімдерді сатып ала отырып, өз өмірін жақсартуға үлес қосатынын түсіндіру маңызды. Тұтынушылар жергілікті компаниялар шығарған өнімдерді сатып алу арқылы ел экономикасының дамуына үлес қосады. Бұл доллар бағамына тәуелділіктің төмендеуіне, ел бюджетіне түсетін салық түсімдерінің өсуіне, отандық өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады. Сонымен қатар жергілікті өнімдер импорттық тауарларға қарағанда жаңа, табиғи әрі пайдалы болатынын ескеру керек, – дейді Қазақстан Май және тоң май одағының президенті Константин Невзоров.
Бүгінде отандық тамақ өнеркәсібі индустриясында 2,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 2021 жылы олар 2,2 трлн теңгеге азық-түлік өнімдерін өндірді. Қазақстан үшін тамақ өнеркәсібі – ұлттық қауіпсіздіктің стратегиялық маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан аталған сектордың дамуы ұлттық экономика үшін маңызды. Демек, бізге дамыған елдердегідей отандық өнімді саудалау үшін басым жағдайлар жасауды көздейтін тамақ өнімдерін өндіру мен өткізудің заманауи бағдарламасын әзірлеу қажет. Сала өкілдерінің негізгі ойы да осы.