• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2022

Газға қосылу құны қалай реттеледі?

522 рет
көрсетілді

Алматы облысы тұрғын­дары­ның табиғи газбен қам­тылуына қатысты ахуалды бұған дейін де бірнеше рет көтерген едік. Қуанышқа орай, енді аймақтағы ең өткір мәселенің бірі ретінде қа­растырылып отырған көгіл­дір отынға қосылу жайы­на қа­тысты жұмысқа жан бітетін сияқты.

Оның ішінде әлі де көгілдір отын желісі жетіп үлгермеген аудандардың жағдайы мен газ құбырынан қол созым жерде отырған ауылдардағы желіге жалғаудың бағасына қатысты да нақты шешімдер бар. Өйткені Жетісуды көгілдір отынмен қамтуға мемлекет бюджетінен қыруар қаржы жұмсалғанымен, жобаның жүзеге асуы ұзаққа созылып кеткені рас. Облыстағы осы салаға жауапты адамдар мұны абоненттерді құбыр желісіне қосу тарифінің жоғары болуынан, құрылыс жұмыстарының сапасыздығынан, тараптардың құ­қығын белгілейтін құжат­тар­дың бол­мауынан және уәкілетті мем­­­лекеттік орган тарапынан ба­қы­­лаудың осалдығынан туында­ған кемшілік екенін мойындайды.

Яғни осы себептің бәрі Жетісу өңірін газдандыру қарқынын бәсең­детуге әкеп соқтырған. Шыны­­мен де, аймақтағы 1,3 млн адамның табиғи газ пайдалануына жағдай жасау үшін бөлінген қаржы көлемінің ауқымдылығына қарамастан, қазір көгілдір отынды облыстың 702 мың­нан астам тұрғыны ғана тұтынып отыр. Бұл болуы тиісті көрсеткіштің 54 пайызы ғана екен.

– Елді мекендерді газдандыру мен халықтың тұрмыс сапасын жақ­сар­ту бағытындағы негізгі мақсатқа қол жетпей отыр. Газдандыру­дың сылбыр жүруіне әсер еткен тағы бір себеп – жобалау жұмыстарының осалдығы. Қазір «ЖетісуОблГаз» мекемесінің базасында жобалау кезеңін бақылап отыратын білікті мамандардан арнайы бөлім құруды ұсынудамыз. Сонда уақытты да үнемдейміз, жобалау барысындағы кемшіліктерді де дер кезінде түзеп отырамыз. Қиындық туғызған жобалаушы және мердігер ұйымдар­дың қызметі бізге енді керек емес. Олар­ды «қара» тізімге енгіземіз. Құры­лыс монтаж жұмыстарына тек­серіл­ген, лицензиясы бар, тиянақ­тылығымен оң пікірге ие болған компанияларды ғана жіберу керек. Газға қосу бағасына қатысты да «ЖетісуОблГаз» компаниясы тиісті есеп жасап, оны инвесторлармен бірге талқылап, содан соң әкімдік қаулысымен бекітеміз. Яғни барлық тарапқа жұмыстың жаңа қарқынына көшу керек, бірлескен жұмысымыздың жемісін жуық арада халық сезінуге тиіс. Тұрғындар бізден нәтиже күтіп отыр, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Жалпы, облыста көгілдір отынмен қамтылуға тиісті 742 елді мекен болса, оның ішінде 473 ауыл­ға әлі газдың иісі де жетпеген екен. Магистралды газ құбыры тар­тылған аудандардың өзінде газ­ға қосылу құнының тұрғындарға тиім­сіз болуының кесірінен әлі күнге от жағып, күл шығарып жүрген жұрттың қарасы көп. Ал Жетісуды газдандыру жұмысы басталғалы бері, яғни 2014-2020 жыл аралығында бұл салаға 101,1 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Бұл қаржының 74,1 млрд теңгесі бюджеттен бөлінсе, 12,5 млрд теңге қаражат «ҚазТрансГаз» компаниясының үлесінде. Ал 14,5 млрд теңге жеке инвестиция көздерінен құйылған қаржы.

– Әрине, бұл бағыттағы жұмыс­қа бір жақты қарауға болмайды. Мысалға, аумақта жеткізу және газ тарату жүйелерінің техникалық жағдайына қатысты проблемалар да бар. Олардың көпшілігі бюджет есебінен салынғанымен және пайдалануға берілгенімен, әлі күнге іске қосылмай тұр. Осыған бай­ла­нысты, Іле, Талғар, Жамбыл, Қара­сай, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Бал­қаш аудандарындағы 14 елді мекен газға қол жеткізе алмай отыр. Бұл нысанның тоналуы мен бұзылу қаупін туындатып қана қоймай, ең бастысы әлеуметтік шиеленіс ту­ғы­зып, экологияға кері әсер етуде. Дегенмен жақсы жаңалықтар да бар. Биыл жыл қорытындысы бо­йын­ша газға облыстың 33 елді мекені қосылып, 78 мың адам газдың игі­лігін көреді деп жоспарланған. Рес­пуб­ликалық және жергілікті бюджет есебінен іске асырылған жобалар Қаратал, Ескелді, Көксу, Балқаш, Жамбыл, Талғар аудандарының елді мекендерін қамтиды. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберін­де жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асты. Олар Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылын, Талғар ауданы Жалғамыс, Ақтас, Ақдала ауылдарын, Балқаш ауданы Бақанас ауылын қамтыды. Бүгінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізу үшін «Талдықор­ған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда, – дейді «ЖетісуОблГаз» ЖШС бас директоры Зияш Қияқбаев.

Газға қосылу бағасының ша­рықтауына аудан әкімдіктері мен инвесторлардың бірлесіп жұмыс істемеуі де әсер етіп отырғаны жасырын емес. Атқарушы билік өкілдері негізінен жылдам шешілетін ұсақ мәселелерге жиі назар аударып, соның нәтижесімен мақтануға құмар. Ал мұның зардабын жергі­лік­ті тұрғындар тартатыны сөзсіз. Мәселен, Талғар ауданына Кіші Байсерке ауылы тұрғындарының инвесторлар жұмысына көңілі толмайтыны туралы баспасөзде бірнеше рет жазылды. Мұндағы мәселе де инвестор белгілеген бағаның халық үшін қымбат болуынан шығып отыр. Ал бұған арласып, ортақ мүддені қорғауға тырыспаған аудан әкім­дігі елді мекенді газдандандыруды тезірек аяқтап, жоғарыға есеп беруге асыққан. Соның кесірінен тартылған құбыр желісінен техникалық ақау шығып, тіпті заң бұзушылық та анықталған екен.

– Мұндай жағдайдарды бол­дыр­мауға болар еді. Яғни аудан әкімдері құрылыс сапасына жауап­кер­шілікпен қарап, бақылауды босаң­сытпауға тиіс. Қалай болғанда да газға қосылу құнын аспандатпай, қолжетімді етуіміз керек. Ол үшін бюджет есебінен газдандыруды жалғастырамыз, мүмкіндік болса инвесторларды тартамыз. Бұл ретте уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылау болуы керек. Инвесторлардың шығынға батпай, салған қаржыларын қайтарып алғаны маңызды. Дегенмен газға қосылу құны халықтың қалтасына ауыр салмақ салмайтындай болуға тиіс, ол үшін бәсекелестік қалып­тасуы керек, – дейді бұл жайында облыс әкімі Қ.Бозымбаев.

 

Алматы облысы