Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар өңірлерге сапары кезінде тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қарау нәтижелері бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдады. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған бірқатар Үкімет мүшелері арнайы келді.
Әр мәселенің артында адам тағдыры тұр
Отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы депутаттардың өңірлердегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.
Депутаттар еліміздің барлық өңіріне барып, сайлаушылармен 1600-ге жуық кездесу өткізді. Олар түрлі әлеуметтік нысандарда, кәсіпорындар мен базарларда, шалғай елді мекендерде болып, еңбек ұжымдарының проблемаларымен танысты. Барлығы мыңнан астам мәселе жинақталып, Үкіметке жіберілді. Соның ішінде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектеп құрылысы, жол жөндеу, интернет сапасын жақсарту мәселелері бар. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, проблемалардың бәрі нақты әрі жүйелі түрде шешілуге тиіс. Оларды депутаттар жіті бақылауына алмақ.
«Әрбір мәселенің артында адамдардың тұрмысы мен тағдыры тұр. Осыны әр депутат, министр мен жергілікті билік өкілдері терең түсінуге тиіс», деді Ерлан Қошанов. Сондай-ақ Палата спикері Парламент пен Үкіметтің мәселелерді шешу бойынша жаңа форматтағы жұмысы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
Бұдан кейін депутаттарға келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов баяндап берді.
«Қазіргі таңда Үкімет тарапынан Мәжіліс депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс істеу дәстүрге айналды. Өздеріңізге белгілі, Үкімет Amanat фракциясымен партияның бағдарламасын іске асыру бағытында қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Депутаттардың өңірге сапары алдында «Жаңа Қазақстан» тобымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені бірге қарағанбыз. Бұдан бөлек, Үкіметте Қазақстан халық партиясының, «Ақжол» партиясының фракцияларымен жеке кездесулер өткізіп, сайлаушыларды толғандырып жүрген мәселелер бойынша нақты жұмыс бағыттарын айқындадық», деді Е.Тоғжанов.
Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралғанын жеткізді. Осы мәселелердің негізгі тақырыбы Үкіметке азаматтардан тікелей келіп түскен 1800 өтініште баяндалған талап-тілектермен сәйкес келіп отыр.
«Бұл өңір тұрғындары шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелер. Оларға қатысты мемлекеттік аппараттың жан-жақты зерделенген шешімі қажет. Бұл сұрақтардың шешімі бүгінгі отырысқа қатысып отырған Үкімет мүшелері жұмысының күн тәртібіне енгізіліп, министрлердің өңірлерге сапарлары аясында нақты қаралады. Бұл бағытта депутаттық корпусты бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Осы орайда «Жаңа Қазақстанның күн тәртібі – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс тапшылығын жою, жұмыс орындарын құру және инфляцияны тежеу» деген Мемлекет басшысының сөзі алдымызда тұрған негізгі міндет екенін атап өткім келеді», деді Е.Тоғжанов.
Басты бағыт – табысты арттырып, кедейлікті төмендету
Премьер-Министрдің орынбасары тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға кеңінен тоқталды.
«Сұрақтардың негізгі блогы нақты табысты арттыруға, кедейлік деңгейін төмендетуге бағытталған. Өздеріңізге белгілі, пандемия, жаһандық экономикалық дағдарыс халық кірісінің төмендеуіне әсер етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халық табысын арттыру бағдарламасында азаматтар кірісін көтеруге бағытталған нақты шаралар қарастырылған», деді Е.Тоғжанов.
Спикердің айтуынша, біріншіден бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру қажет. Екіншіден, экономиканың барлық саласында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орынының табысын арттыру керек. Соның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру жоспары бар. Фармацевтика, биотехнология, IT-технология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары 5-ші және 6-шы деңгейде өңдеуге негізделген өңдеуші өнеркәсіпті дамыту арқылы іске асырылады.
Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру көзделеді. Бұл бүгін көтеріліп отырған сұрақтар емес. Талай елдің көкейінде жүрген мәселелер. Төртіншіден, «Бақытты отбасы» секілді жобалар арқылы көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орнын құру қажет. «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» жобалары және гранттар беру арқылы 160 мың жасты жұмысқа тарту қарастырылған.
«Әлемдегі геосаяси жағдайды ескере отырып Импортты алмастыру бағдарламасы әзірленді. Тізімге 88 мың жаңа жұмыс орнын құру мүмкіндігі бар 444 импортты алмастыру жобасы енгізілді. Ауыл шаруашылығы өндірісі тиімділігін арттыру мақсатында 5 жыл ішінде 4,5 трлн теңгеге 934 инвестициялық жоба іске асыру жоспарланып отыр.
Қоғам жиі назар аударатын мәселелердің бірі – экология. Бүгінгі таңда бұл бағытта экобелсенділермен бірлесіп 485 іс-шараны қамтитын 17 жол картасы іске асырылып жатыр. Оның ішінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 ірі өнеркәсіптік объект эмиссияларды 20-дан 30 пайызға дейін төмендету бойынша міндеттемелер қабылдады.
Сонымен қатар бүгінде 204 қала мен ауданның 134-інде қалдықтарды бөлек жинау, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді. Жалпы, қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 21 пайызға жетті. Алдағы уақытта оларды кәдеге жарату үлесін 34 пайызға дейін, ал өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 46 пайызға дейін арттыру міндеті тұр», деді Е.Тоғжанов.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары депутаттық корпустың назарындағы басым бағыттардың бірі әлеуметтік салаға тоқталды. Оның айтуынша, халықты әлеуметтік қамсыздандыруға 4 трлн теңге қарастырылған. Бұл былтырғы сомамен салыстырғанда 230 млрд теңгеге артық.
Үкімет басшысы инфляция дәлізінің 8-10 пайыз деңгейінде өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы 4 пайызға индекстеу көзделіп отырғанын жеткізді. Осылайша, барлық әлеуметтік төлемдер 2021 жылмен салыстырғанда 9 пайызға, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері 11 пайызға артпақ. Мұндай әлеуметтік төлемдер 4,2 млн адамды қамтиды. Бұл мақсатқа нақтыланған бюджет аясында қосымша 111 млрд теңге қарастырылған.
«Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі – аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бүгінде осындай көмекті 95 мың отбасы алып отыр. Азаматтардың талап-тілектері ескеріліп 2020 жылы атаулы көмекті тағайындау механизмі өзгертіліп, 25 табыс түрлері мен әлеуметтік төлемдер алынып тасталды.
Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса атаулы көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуына жол бермеуге бағытталған. Атаулы көмек – табысы жан жақты тексеріле отырып, тұрмысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттік қолдау.
Бұл ретте Үкімет тарапынан мемлекеттік қолдауды қажет ететін отбасыларды тұрақты қамқорлыққа алып, қажет кезінде проактивті форматта көмек көрсету үшін мемлекеттік органдардың 20 цифрлы қосымшасын интеграциялау арқылы Отбасының цифрлы картасы әзірленеді», деді Е.Тоғжанов.
Осы орайда, Е.Тоғжанов Екібастұз қаласындағы резонансты оқиғаны тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл жағдай аз қамтылған отбасыларды қамқорлыққа алудың проактивті форматын енгізу қажет екенін көрсететінін жеткізді.
«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталығын салу жоспарланған, оның 5-еуінің құрылысы былтыр басталды. Сондай-ақ «Қамқорлық» жобасы аясында аутизммен сырқаттанатын және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашу жоспарлануда. Осындай 17 орталық былтыр ашылып, қолданысқа берілді», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Еңбек даулары азаймай тұр
Бұдан кейін мінбердегі спикер еңбек қатынастарына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, еңбек дауларын шешу бойынша жедел шаралар кешені жүзеге асырылған. Мәселен, жыл басынан бері 140 проблемалық кәсіпорын анықталып, оның 91-інде мәселе шешілді. 49 кәсіпорында әлі де мәселе бар. 800-ден аса заң бұзушылық жойылып, 10 мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалды.
«Екіншіден, 200 кәсіпорында 2,7 мыңнан аса жұмыскер жалақысы бойынша берешекті өтеу қамтамасыз етілді. Үшіншіден, 1 млн-нан аса жұмысшының жалақысы 5-тен 50 пайызға дейін көтерілді. Қызмет көрсетуші компаниялар қызметкерлерінің жалақысы негізгі компания қызметкерлерінің орташа жалақысының 70 пайызына теңестірілді.
Соңғы кездегі еңбек жанжалдары – еңбек қатынастарын реттеуде жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуы жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Олардың ұжым ісінен оқшаулану проблемалары бар екенін көрсетті. Осыған байланысты Үкімет жанынан Жұмыс берушілер бірлестіктерінің қызметін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобы құрылды», деді Е.Тоғжанов.
Үкімет басшысының орынбасары денсаулық сақтау саласы бойынша көтерілген мәселелер жөнінде де әңгімелеп берді. Спикер келтірген мәліметтерге сүйенсек, 1,5 млн ауыл халқы медициналық сақтандырумен қамтылмаған. Бұл мәселені шешу үшін қала мен ауыл тұрғындары арасындағы медициналық көмекке қолжетімділік теңсіздігін қысқарту мақсаты тұр.
«Осы мақсатта биыл ауыл тұрғындарын, оның ішінде бірінші кезекте балаларды кешенді профилактикалық тексеруден өткізу басталады. Екіншіден, 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 420 медициналық мекеме салу, ауылдық дәріхана пункттерін құру жүзеге асырылады. Үшіншіден, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелерін нақты шешу мақсатында 20 ауданаралық перзентхана, 17 диагностикалық орталық ашылады.
Төртіншіден, кадр тапшылығын азайту мақсатында дәрігерлердің орта медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. 2022 жылы тапшы мамандықтар бойынша гранттар саны 43 пайызға ұлғайтылды және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру көзделіп отыр. Осы шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерді консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 47-ден 100 пайызға дейін жеткізіледі», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Мектептерді жаңғырту жалғасады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады. Үкімет басшысының орынбасары бұл үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге және демографиялық өсімнен туындайтын оқушы орындарына тапшылықты жоюға бағытталғанын атап өтті.
«2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледжде білім алу 100 пайыз тегін болады. Жоғары оқу орындарына берілетін гранттар саны 75 мыңға дейін ұлғайтылады. Оның ішінде техникалық және ІТ салаларға гранттар 60 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар экономикаға нақты қажетті кадрлар даярлауға басымдық беріледі. Бүгінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұған қоса Қазақстанда 129 мамандық жойылып барады, 95-і трансформацияға ұшыраған, 239 жаңа мамандық пайда болды. Осыған орай, халықаралық тәжірибеге сәйкес жұмысқа тұрудың тиімді жолы ретінде Павлодар облысының 15 колледжі базасында Жаңа кәсіптер атласы әзірленіп, тәжірибеден өтті. Нәтижесінде, кадрларға қажеттіліктің 17 өңірлік картасы әзірленіп қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ мектептерде 7 сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі», деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құру іске асырылып келеді. Осындай тәсіл сәтті іске асқан Ақтөбе қаласындағы Экономика, бизнес және құқық колледждің 188 студентінің 144-і оқуын оқи жүріп жұмысқа орналасқан. Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса Карьералық орталық құрылады.
«Мәдениет және спорт 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 259 мәдениет үйін салу және жөндеу жұмыстарымен 1241 мәдениет нысанын қамту жоспарланған. Бұл өте қажетті бағыт. «Ел іші – өнер кеніші». Сондықтан ұлтымыздың өнегелі өнерін заманауи мәдениетпен ұштастырып, елдегі өнерлі жастарды қолдау үшін бұл жұмыстарға ерекше көңіл бөлеміз. Сондай-ақ тұрғындарды спорт кешендерінің жетіспеушілігі алаңдатады. Шындығын айтқанда бұл қуантарлық жағдай. Көпшіліктің дене шынықтыруға деген қызығушылығының артуының нақты көрсеткіші деп білемін. Былтыр 21 млрд теңге кәсіпқой спорттан бұқаралық спортқа қайта бағытталды. Қаражат негізінен балалар спорт секцияларын қаржыландыруға және спорт инфрақұрылымын салуға жұмсалды.
Нәтижесінде, 275 мыңнан астам бала мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін секциялармен қамтылған. 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қазіргі күні 2025 жылға дейін спорт инфрақұрылымын дамытудың кестесі әзірленуде, оған сәйкес елді мекендерде 115 спорт нысанын салу жоспарланып отыр», деді Е.Тоғжанов.
Премьер-Министрдің орынбасары коронавирус пандемиясы денсаулықтың маңызын көрсеткенін атап өтті. Осы орайда, саламатты өмір салтын дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы денсаулық саласына жұмсалатын 300 млрд теңге қаражатты үнемдеуге болатынын жеткізді.
Инвестициялық жоба саны – 747
Бұдан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өнеркәсіп, көлік, құрылыс және жер қойнауын пайдалану салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан нақты шаралар туралы баяндады. Ведомство басшысының айтуынша, жалпы сомасы 20 триллион теңге болатын 747 инвестициялық жоба жасақталған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда, 135 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құрылмақ.
Министр сонымен қатар құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, баспанамен қамтамасыз ету мәселесінде ауқымды шаруа тындырылғанын атап өтті. Сондай-ақ ауылдық жерлерден мамандардың кетуін азайту үшін қызметкерлеріне үй салған жұмыс берушілерге субсидия төлеу жүйесі енгізілетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, қалаларда ғимараттардың тығыз және ретсіз салынуы сияқты күрделі проблеманы шешу жасалған нақты қадамдарға тоқталды. Көлік саласын дамыту шеңберінде жүйелі өзгерістер жөнінде де әңгімелеп берді. Министр автожол жобалары тақырыбын да қозғады.
«Ел халқын толғандыратын маңызды мәселенің бірі автожолдарды салу және жаңғырту жобаларын аяқтау болып отыр. Әлеуметтік маңызды барлық жобалар Министрліктің тұрақты бақылауында. Барлығын мерзімінде аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді Қ.Өскенбаев.
Келесі қосымша баяндаманы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жасады. Ведомство басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі дағдарысқа қарсы бірқатар жүйелі және жедел шараларға тоқталды. Министрдің сөзіне сенсек, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастаған.
«Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық құнынан 12-15 пайызға төмен бағамен 400,2 мың тонна бөлінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Отандық тауар өндірушілер тұқым материалымен қамтамасыз етілді. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы қамтылды. Сұрып жаңарту мақсатында Ресей Федерациясынан тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталды. Келіссөздер жүргізіліп, тұқымдарды шығаруға салынған шектеулер алынып тасталды.
Минералды тыңайтқыштарға келсек, Үкімет қолдауының арқасында диқандардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл ретте аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендетілді», деді министр.
Ведомство басшысы агроөнеркәсіптік кешен саласында субсидиялаудың жаңа тетігі 2023 жылы енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, көкөністер мен қант қызылшасын өндіру мен өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша 8,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат заманауи суару жүйелерін сатып алуға, қажетті инфрақұрылым тартуға жұмсалмақ.
«Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның ауқымын ұлғайту аясында өз бизнесін ашу және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің қызметін кеңейту мақсатында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындарына микрокредит беруге 40 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл ең кемінде 8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша заңнамалық актілердегі олқылықтарды, коллизиялар мен қайшылықтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою көзделген.