Қазақстандық теннисшілер Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Марракеш (Марокко) ATP 250 жарысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Турнирдің 1-ракеткалары болып тіркелген Андрей Голубев франциялық Фабрис Мартенмен бірге бастапқы кездесуін нидерландылық Таллон Грикспур және Ботик Ван де Зандшульппен өткізді. Тартысты өткен матчта бірінші партияда нидерландылық жұп тай-брейкте сәтті ойнады. Екіншісінде Голубев пен Мартен есе қайырды. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-франциялық жұп 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге доданың 2-ракеткалары саналған бельгиялық Сандер Жилле және Йоран Флиген жұбын бір сағаттан астам уақытта 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Недовесов пен Куреши 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Бельгиялық жұп 4 эйспен шектелді. Қазақстандықтардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.