1956-1991 жылдар аралығында КСРО халықтары спартакиадасының жалауы 10 мәрте желбіреді. Қазақ елінің боксшылары сол жарыстардың барлығына қатысып қана қоймай, мол олжаға кенелгенін де жанкүйерлер жақсы біледі. Тіпті жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастаған кезіміз де жоқ емес. Сол жарқын жеңістердің алтын бастауында білікті бапкер Шоқыр Бөлтекұлынан тәлім-тәрбие алған Владимир Кәрімов, Анатолий Кадетов, Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов сынды асыл азаматтардың тұрғанын бүгінгі таңда біреулер білсе, біреулер білмеуі де мүмкін.
1956 жылы Мәскеуде тұсауы кесілген Спартакиадада Балқаш қаласында туып-өсіп, Меңгерей Хайрутдинов пен Николай Ли сынды білікті бапкерлердің қол астында жаттыққан Владимир Кәрімов 57 кило салмақта қола медальды иеленді. Бұл – жерлестеріміздің осы байрақты бәсекеде олжалаған тұңғыш жүлдесі. 1959 жылғы додада үш былғары қолғап шеберіміз жеңіс тұғырына көтерілді: Анатолий Кадетов бас жүлдені олжалады, Мақсұт Омаров күміспен күптелсе, Әбдісалан Нұрмаханов қола медальды мойнына ілді. 1963 жылы А.Кадетов үшінші орынды қанағат тұтса, Юрий Селиверстов та үшінші сатыға табан тіреді. 1967 жылы да дәл сондай нәтижеге қол жеткіздік. Бұл жолы Ә.Нұрмахановпен бірге Виктор Минаков үздік үштікті түйіндеді.
1971 жылы алты бірдей жерлесіміз Спартакиадада табысты өнер көрсетті. Олег Гуров – бірінші, Жандос Көкімов – екінші, Марат Жақсыбаев, Әбдірашид Әбдірахманов, Юрий Хрянин және Виктор Гребенюк үшінші орындарды еншіледі. 1975 жылғы жарыс Ташкентте ұйымдастырылды. Өзбекстанның бас шаһарында Василий Плакущий мен Александр Шевченко күміске қол созса, Төлеуғазы Тұрсынханов қола медальды иеленді. 1979 жылы Қазақстанның екі боксшысы алтын тұғырға көтерілді. Олар – Кәміл Сафин мен Виктор Демьяненко. Серік Нұрқазов пен Валерий Рачков финалда ұтылса, Қанат Жақсыбаев пен Серік Қонақбаев қола медальды мойындарына ілді. Соның арқасында жерлестеріміз жалпы есепте үшінші сатыға жайғасты.
1983 жылы Қазақстан құрамасы командалық сайыста екінші орынға көтерілді. Виктор Демьяненко мен Ерік Хакімовке тең келер ешкім табылмаса, Рашид Кабиров пен Алексей Черепанов шешуші тұста ұтылды. Шухрат Ахметжанов, Жұматай Түсіпов және Серік Нұрқазов жартылай финалда сүрінді. 1986 жылы сол нәтижені қайталадық. Игорь Ружников – бірінші, Әмзелі Ақылбаев, Евгений Зайцев және Александр Мирошниченко – екінші, Кәрімжан Әбдірахманов, Станислав Смирнов және Тимофей Чернов үшінші орындарға табан тіреді.
КСРО-ның соңғы Спартакиадасы 1991 жылы Минскіде өтті. Беларусь астанасында Болат Теміров, Қанатбек Шағатаев, Игорь Шишкин және Николай Кульпин теңдессіз деп танылса, Мереке Жүсіпов, Нұржан Сманов және Анатолий Кушков күміске қол созды. Мұрат Қасенов, Болат Ниязымбетов және Михаил Юрченко қола медальды иеленді. Нәтижесінде, аталған жарыстың командалық есебіндегі бас жүлде біздің жігіттерге бұйырды.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жер-жаһанның ең үздік боксшылары бас қосқан Олимпия ойындарында күш сынасу құрметіне ие болдық. Бұл мүмкіндікті отандастарымыз ұтымды пайдаланды. 1996-2021 жылдар аралығында алауы тұтанған жеті жарыстың үшеуінің жалпыкомандалық есебінде үздік үштіктің санатына ендік. Осындай орасан зор табысқа 1996 жылы Атланта, 2000 жылы Сидней және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қол жеткіздік. 2004 жылы Афинада Таиланд құрамасымен бірге үшінші және төртінші орындарды өзара бөлістік. 2012 жылы Лондонда төртінші сатыға жайғастық. 2008 жылы Бейжіңде жетінші орынды қанағат тұттық. Біз үшін тек былтыр Токиода өткен сайыс сәтсіз аяқталды. Небәрі қос қола медальды қоржынға салған отандастарымыз қалың топтың арасында қалып қойды.
Жалпы, бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының Олимпиадалардағы көрсеткішіне көңіліміз толады деп еш қымсынбай айтуға болады. Отандастарымыздың арасынан Олимпия ойындарында мына боксшыларымыз олжаға кенелді: Алтын – Василий Жиров (1996), Бекзат Саттарханов (2000), Ермахан Ыбырайымов (2000), Бақтияр Артаев (2004), Бақыт Сәрсекбаев (2008), Серік Сәпиев (2012) және Данияр Елеусінов (2016). Күміс – Болат Жұмаділов (1996, 2000), Мұхтархан Ділдәбеков (2000), Геннадий Головкин (2004), Әділбек Ниязымбетов (2012, 2016) және Василий Левит (2021). Қола – Болат Ниязымбетов (1996), Ермахан Ыбырайымов (1996), Серік Елеуов (2004), Еркебұлан Шыналиев (2008), Иван Дычко (2012, 2016), Сәкен Бибосынов (2021) және Қамшыбек Қоңқабаев (2021). Одан бөлек Жиров, Артаев және Сәпиев сынды үш бірдей саңлағымыз Олимпиаданың ең үздік боксшысына тиесілі Вэл Баркер кубогын иеленді.
Әлем чемпионаттарындағы табысымыз да толағай. 1993-2021 жылдар аралығында аталған жарыстың жалауы 15 мәрте желбіреді. Жерлестеріміздің алдында үш команда ғана бар. Олар – Куба, АҚШ және Ресей. Қалған алпауыттар артымыздан сығалап қалды. Әлем чемпионатының командалық есебінде отандық былғары қолғап шеберлеріміздің көрсеткіштері мынадай: 1-орын – 2013 жыл. 2-орын – 2021 жыл. 3-орын – 2003, 2005, 2017, 2019 жылдар. 5-орын – 1999, 2007 жылдар. 7-орын – 2011 жыл. 8-орын – 1997, 2015 жылдар. 9-орын – 1995 жыл. Ал 1993, 2001 және 2009 жылдары «ТОП-10» команданың қатарына қосыла алмадық.
Әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты есімдері төменде аталған боксшыларымызға бұйырды: Алтын – Болат Жұмаділов (1999), Галиб Жафаров (2003), Геннадий Головкин (2003), Серік Сәпиев (2005, 2007), Ердос Жаңабергенов (2005), Біржан Жақыпов (2013), Мерей Ақшалов (2013), Данияр Елеусінов (2013), Жәнібек Әлімханұлы (2013), Қайрат Ералиев (2017), Бекзат Нұрдәулетов (2019), Теміртас Жүсіпов (2021) және Сәкен Бибосынов (2021). Күміс – Болат Жұмаділов (1995), Ермахан Ыбырайымов (1997), Мұхтархан Ділдәбеков (1999), Галиб Жафаров (2001), Серік Сәпиев (2011), Әділбек Ниязымбетов (2011, 2013), Иван Дычко (2013, 2105), Данияр Елеусінов (2015), Әбілхан Аманқұл (2017), Қамшыбек Қоңқабаев (2017, 2019), Махмұд Сабырхан (2021) және Серік Теміржанов (2021). Қола – Василий Жиров (1993, 1995), Болат Жұмаділов (1997), Ермахан Ыбырайымов (1999), Біржан Жақыпов (2005), Мират Сәрсембаев (2005), Бақтияр Артаев (2005, 2007), Еркебұлан Шыналиев (2007), Серік Сәпиев (2009), Ғани Жайлауов (2011), Иван Дычко (2011), Қайрат Ералиев (2013), Берік Әбдірахманов (2013), Ержан Жомарт (2017), Абылайхан Жүсіпов (2017, 2019, 2021), Василий Левит (2017, 2019), Сәкен Бибосынов (2019) және Тұрсынбай Құлахмет (2019).
Олимпия ойындарының нәтижесі
(1996-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
11
4
17
32
2.
Қазақстан
7
7
8
22
3.
Өзбекстан
5
2
8
15
4.
Украина
4
4
7
15
5.
Беларусь
0
2
0
2
6.
Әзербайжан
0
1
8
9
7-8.
Молдова
0
0
2
2
7-8
Армения
0
0
2
2
9-10.
Литва
0
0
1
1
9-10.
Грузия
0
0
1
1
11-15.
Қырғызстан, Тәжікстан, Латвия, Эстония, Түрікменстан
0
0
0
0
Әлем чемпионаттарының нәтижесі
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
26
21
22
69
2.
Қазақстан
14
15
22
51
3.
Өзбекстан
9
15
19
43
4.
Украина
7
12
11
30
5.
Әзербайжан
7
4
11
22
6.
Армения
1
1
6
8
7.
Грузия
1
1
4
6
8.
Беларусь
0
2
6
8
9.
Литва
0
1
3
4
10.
Тәжікстан
0
0
3
3
11-15.
Қырғызстан, Түрікменстан, Литва, Эстония, Молдова
0
0
0
0