• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2022

Жоба жолда қалмаса екен...

320 рет
көрсетілді

Павлодар облысында суармалы алқап туралы әңгіме қозғалса, жергілікті билік Ертіс-Успен каналының құрылысын алға тартады. Себебі ауқымды жоба 10 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, бүгінде каналдағы құрылыс жұмыстары тұралап қалған. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобаның аяқталуына шамамен 4 млрд 600 млн теңге қаражат қажет.

Жобаның үйлестірушісі – «Қаз­су­шар» кәсіпорнының Павлодар об­лыс­тық филиалы. Аталған меке­ме­нің бөлім басшысы Серік Мұстафин қажетті қар­жының бөлінгеніне сен­ді­ріп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында орын тепкен бас кеңседегі басшылық солай депті. Сәйкесінше, жоба биыл жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Естеріңізге салсақ, аталған жоба­ның құрылысы 2020 жылы басталған еді. Каналдың ұзындығы 12,5 шақырымға тең. Әзірге 7,5 мың шақырымы ғана дайын тұр. Алты аванкамераның біреуі салынған. Әу бас­та бюджеттен бөлін­ген 5 млрд 800 млн теңге қаражат толы­ғы­мен иге­рі­ліп­ті. Қалған соманы алу үшін тиісті ми­нис­трлікке өтініш жолданған. Өкі­ніш­­ке қарай, пандемияға байланыс­ты түрлі себеп айтылып, өтініш кері қай­та­рылған. «Қазсушар» кәсіпор­ны­­ның Пав­лодар облыстық филиалы бас­шы­лығы биыл көптен күткен 4 млрд 600 млн теңге қаржы бөлінді деп жар салса, әзілдемегені болар. Жобаның маңыздылығын су саласының ардагері Леонид Баталов айтып берді.

– Жобаның құрылысы КСРО уақы­тын­да қолға алынған-ды. Бірақ кейін тоқырау салдарынан жұмыстар аяқсыз қалды. Төселген плиталар талан-тараж­ға түсті. Каналды қайта жаңғырту жұ­мыс­тары жалғасын табуға тиіс. Егер осы қа­лыпта 1-2 жыл тұрса, эрозия пайда болып, канал іші құмға толып қалуы әбден мүмкін. Шөп қаулап өсіп кетуі де ғажап емес. Қаржыландыру жалғаспаса, осы уақытқа дейін жұмсалған мемлекет қаржысы суға сіңді дей беріңіз. Мемлекет басшысының суармалы алқап­ты дамыту жөніндегі тапсырмасы жүзеге асуы керек. Жер, су – бәрі да­йын. Шаруалар каналдың іске қосылуын асыға күтіп отыр, – дейді Л.Баталов.

Иә, жобаның артықшылығы көп. Тіпті шаруалар тариф мәселесіне де бас ауыртып отырған жоқ. Канал құрылысы аяқталса, диқандар бөркін аспанға ататыны сөзсіз. Бар үміт – бұл іске жауапты министрліктердің құзырында.

Жалпы, өңірде суармалы алқапты да­мыту бағытында қолға алынған жо­ба­лар көп. Бұл – агроөнеркәсіп ке­шенін жандандыру арқылы облыс экономикасын әртараптандыруға мүм­кіндік береді. Жобалардың жүзеге асуы­на «Қазсушар» мекемесі атсалысып жат­қа­нын атап өткен жөн.

Аталған компанияның дем беруі­мен облыста 5 инвестициялық жоба қолға алынған. Железин ауданындағы жұ­­мыстар аяқталып та қойған. Ал Ақто­ғай, Павлодар және Май аудан­да­рындағы жобалардың тағдыры уа­қыт еншісінде. Барлық жоба сәтті іске қо­сыл­са, 17,5 мың гектар суармалы ал­қап пайда болмақ. Суармалы ал­қап­ты дамыту арқылы картоп, кө­кө­ніс өнімдері, мал азығы молынан жи­налмақ.

– Жобалар жүзеге асса, мал бор­да­­қы­лау алаңдары, тауарлы сүт фермалары, көкөніс қоймалары көптеп са­лынатыны түсінікті. Қайта өңдеу бағытында да оң өзгерістер орын алатынына сенім мол. Бастысы, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобалардың әрқайсысы қолға алынбас бұрын экологтердің, өзге де сала мамандарының пікірі назарға алынды. Тиімділігі есептелді. Түптеп келгенде, суармалы алқапты дамыту ел Президентінің тапсырмасы екенін естен шығармаған жөн, – дейді Серік Мұстафин.

Бірден айтайық, инвестжобаларға қаражат мемлекеттен бөлінген. «Қаз­су­шар» мекемесі қаржының мақ­сат­­­­ты жұмсалуын қадағалап, үкімет пен шаруаның арасында алтын кө­пір болып отыр. Жоғарыда атап өтке­ні­міздей, Железин ауданында ба­с­тал­­­ған жұмыстар толығымен аяқ­тал­­ған. Жобаның тиімділігіне көз жет­­­­кізу үшін Прииртышск ауылдық окру­гіне қарасты Үрлітүб ауылында ор­наласқан «Болашақ-Агро» се­рік­тес­ті­гінің құрылтайшысы Қуат Ана­фин­­мен хабарластық. Оның айтуынша, инвестбағдарламаға ілігу оңайға соқ­паған. Тиісті құжаттарды реттегенше біраз уақыт өткен. Қайта жергілікті әкімдік, «Атамекен» кә­сіп­керлер палатасы, «Қазсушар» кәсіпорнының Павлодар облыстық филиалы мамандары қолдау көрсетіп, «пойыздың соңғы вагонына» үлгеріп қалыпты.

– Жобаға сәйкес, 721,1 гектар жер суармалы алқапқа айналды. Бұған дейін қу тақыр болатын. Жоба құны – 355,9 млн теңге. Ол қаражатқа 4 су сорғыш стансасы, кешенді транс­фор­ма­торлық қосалқы станса салынды. Бір су сорғыш стансасы Ертіс өзенінен сағатына 400 текше метр суды алуға қауқарлы. Бұдан бөлек, өзеннен егіс алқабына дейін құбыр төселді. Осы жерден мемлекеттің «миссиясы» аяқ­талды. Бұдан кейін өз қаражатыма егіс алқабына құбырлар тарттым. 5 жаңбырлатқыш техника сатып алынды. Қажетті ғимараттар салынды. Қыс­қасы, жобаны соңына дейін жет­кізу үшін 1 млрд теңге қа­­ражат жұм­салды, – дейді Қуат Анафин.

Көп жағдайда мемлекет өзіне тие­­сілі шаруа­ларды тындырып, ары қа­­­­рай шаруа­лар қаржының жет­кі­лік­­­сіздігін алға тартып, жобаны аяқ­­­сыз қалдыратын көрінеді. Айт­па­­ғы­мыз, құзырлы органдар шаруа­лар­­­ға жобаны соңына дейін аяқтауға жәрдем­де­сіп, бағыт-бағдар көрсетсе екен. Фер­мерлерді қаражатпен қамту бір бө­лек, оны тиімді игеруге атсалысу маңызды.

 

Павлодар облысы