• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Наурыз, 2022

Өкілді билікті мықты тұлғалар қалыптастыруға тиіс

103 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, Нұр-Сұлтан қаласының сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға 357 адам қатысты, деп хабарлады ОСК-нің баспасөз қызметі.

Кездесуде Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында айтылған саяси реформалар талқыланды. Атап айтқанда, сайлау процесін жаңғырту мəселелері: Мəжіліс жəне облыстар, елорда, республикалық маңызы бар қалалар мəслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде аралас сайлау жүйесін, сондай-ақ қалалық жəне аудандық мəслихаттарды қалыптастыру кезінде мажоритарлық жүйені енгізу мəселелері қозғалды. Нұрлан Əбдіров: «2007 жəне 2018 жылдары пропорционалды сайлау жүйесін енгізудің мақсаты республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде партиялық жүйені дамыту болды. Мажоритарлық сайлау жүйесі, өз кезегінде, қандай да бір партияда тұрмайтын, жалпы саяси бəсекелестіктің дамуына ықпал ететін мықты тұлғалардың өкілді билік органдарына өтуіне мүмкіндік береді», деді. Сондай-ақ ол өкілді билік аралас сайлау жүйесі қағидаты бойынша қалыптасатын болса, халықтың сұраныстарын шешуді көздейтін жан-жақты əрі сан алуан пікірлер палитрасы қалыптасатынын айтты. Бұдан басқа, электронды дауыс беруді енгізу, мəслихаттар депутаттығына кандидаттарға жəне ауыл əкімдеріне қатысты заңнамалық талаптарды жеңілдету, ұлттық байқаушылардың мəртебесін, олардың құқықтары мен өкілеттіктерін арттыру, сайлау учаскелерінде дауыстарды санау рəсімдерін оңтайландыру жөнінде пікірталас өтті.

Сондай-ақ Орталық сайлау комис сиясының төрағасы «Шарапат» əлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Аталған орталықтың ғимаратында сайлау учаскесі бар. Ол учаскелік сайлау комиссиясының сайлау кезінде атқаратын жұмысымен танысты, сондай-ақ орталықтағылардың дауыс берулері үшін тиісті жағдай жасау қажеттігіне назар аударды. Себебі олардың басым бөлігі қарт адамдар, ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар.

Н.Əбдіров ОСК қабырғасында елордалық жастардың өкілдерімен кездесті. Кездесуді аша отырып, ол қазіргі уақытта ОСК еліміздің барлық өңірлеріне арнайы сапарға шығып, сайлау процесін жетілдіру мəселелері бойынша жұртшылықтың пікірін зерделеу жұмыстарын қолға алып отырғанын атады. Ал өз кезегінде, жастар сайлау шылардың 36% жуығын құрайтынын, яғни олар электораттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып отырғанын атап өтті.

Кездесу барысында пропорционалды жəне мажоритарлық сайлау жүйелерін енгізу, сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын жəне пікірсайыстарды ұйымдастыру кезінде əлеуметтік желілерді пайдалану, сондай-ақ жастарды сайлау науқанымен хабардар ету мəселелері белсенді түрде талқыланды. Жастар ұйымдарының өкілдері жас буын арасындағы құқықтық сауаттылықты жəне сайлау мəдениетін арттыру мақсатында оларды арнайы оқытуды көздейтін тиісті іс-шараларды қолға алуды ұсынды. Нұрлан Əбдіров жастардың ұсынысын қолдап, Президенттің өз Жолдауында ел азаматтары арасында саяси мəдениетті арттыру қажеттігіне баса назар аударғанын, ал электораттық мəдениет оның маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Сондықтан ОСК бұған ерекше назар аударатын болады.

Кездесуде Орталық сайлау комиссиясы жастар арасындағы сайлау процесінің кейбір маңызды мəселелері бойынша онлайн-сауалдама жүргізді: сауалдамаға жауап берген жастардың 54,5%-ы компьютер, смартфон, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтықтан, яғни электронды əдіспен дауыс беру жүйесін енгізуді қолдайтындарын білдірді. Ал олардың 10,1%-ы сайлау учаскелерінде стационарлық электронды əдіс арқылы дауыс беруді орынды деп санаса, 27,8%-ы аралас электронды дауыс беруді (стационарлық жəне қашықтықтан) жөн деп санады. Сондай-ақ жастардың 7,6%-ы қағаз бюллетені бойынша, яғни дəстүрлі түрде дауыс беру əдісін қолдады. Кездесу қорытындысы бойынша жастар өкілдері ОСК төрағасына сайлау процесінің өзекті мəселелері бойынша ашық диалог ұйымдастырып отырғаны үшін алғыстарын білдірді.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы: «Мен осы дəуірімізде баршаңызбен замандас екенімді, сонымен бірге өз елімізді, осындай қаламызды жəне саяси сауатты, белсенді əрі креативті жастарымызды əрдайым мақтан тұтамын», деп жастарға өз ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ осы күні Нұрлан Əбдіров IKOMEK 109 қалалық мониторинг жəне жедел əрекет ету орталығында болып, call-орталықтың сайлау кезіндегі жұмысымен танысты.