• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Сәуір, 2022

Орталық сайлау комиссиясы – Алматы облысында

620 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Алматы облысы бойынша шығып қалған депутаттың орнына Парламент Сенатының депутатын сайлау жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Сайлау 2022 жылдың 22 сәуірінде өтеді деп жоспарланған, деп хабарлады ОСК-ның баспасөз қызметі.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Əбдіров, Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман, сондай-ақ ОСК мүшелері Сəбила Мұстафина мен Шавхат Өтемісов отырысқа Талдықорған қаласындағы жұмыс іссапарлары барысында шақырылды.

Ортсайлауком төрағасының орынбасары К.Петров, ОСК мүшелері А.Щегорцова жəне А.Смағұлов отырысқа Нұр-Сұлтан қаласынан бейнеконференц байланыс режімі арқылы қатысты. Сондай-ақ отырысқа Алматы облысының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Алматы облысынан Сенат депутаттығына кандидаттар, өңірдің жастары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Н.Əбдіров отырысты ОСК-ның көшпелі отырысы алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтті. Отырыста Ортсайлауком мүшелері Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну жəне тіркеу қорытындылары, Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан өтелетін шығыстарының мөлшерін белгілеу жəне дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау мəселелерін сөз етті.

Отырыстың бірінші мəселесі бойынша сөз сөйлеген Алматы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дəуітов Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне сайлау науқаны барысында өзін-өзі ұсыну тəртібімен 7 кандидат ұсынылғанын, оның ішінде 1 кандидатты Панфилов жəне Ұйғыр аудандық мəслихаттары қолдағанын баяндады.

Жеті кандидаттың ішінен 2 – қоғамдық бірлестіктердің, 2 – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 1 – облыстық мəслихат хатшысы, 1 – мемлекеттік қызметші, 1 – банк секторының қызметкері. Партияға қатыстылығы бойынша: 3 – Amanat партиясының мүшелері, 1 – «Ақ жол» ҚДП мүшесі, 3 – партиялыққа қатыстылығын көрсетпеген. Гендерлік құрамы бойынша: ерлер – 5, əйелдер – 2.

Алматы облысына сапары кезінде Н.Əбдіров аумақтық сайлау комиссиялары мүшелері, Сенат депутаттығына кандидаттар, жастар жəне БАҚ өкілдерімен кездесті. ОСК басшысы сондай-ақ өңір жастарымен жеке кездесу өткізіп, басқосу барысында құқықтық мəдениетті дамыту жəне жастардың электораттық белсенділігін арттыру мəселелері талқыланды.

Кездесуде ОСК Төрағасы жастарды əртүрлі деңгейдегі сайлауда қолданылатын сайлау жүйелерімен, еліміздегі сайлау органдарының жұмысымен, сайлау комиссияларының құрамын қалыптастырудың өкілеттіктері мен принциптерімен таныстырды.

Сондай-ақ басқосу кезінде жастар сайлау процесінің негізгі мəселелері бойынша онлайн сауалдамаға қатысты. Сауалдама нəтижелері бойынша сұралғандардың 54,5%-ы компьютер, смартфон, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтықтан электронды дауыс беруді енгізуді қолдайтынын білдірген. Ал 27%ы аралас электронды (стационарлық жəне қашықтықтан) дауыс беруді жөн деп санады. Респонденттердің 63,6%-ы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі қажет жəне лингвистикалық емтихан міндетті деп санайтынын алға тартты. Сұралғандардың 54,5%-ы соттылығы бар азаматты Президент, депутат, əкімдердің сайланбалы қызметтеріне кандидат ретінде ұсынуға болмайды деп жауап берген. Респонденттердің 45,5%- ы партиялық тізім бойынша сайланған депутаттың бір партиядан екіншісіне ауысуына жол берілмеуге керек деген ойларын білдірді.

Кездесу соңында Нұрлан Əбдіров жастарға алға қойған мақсаттарына қол жеткізу жолында табыс тілеп, оларды Конституциямен берілген сайлау құқығын белсенді пайдалануға шақырды.

Жұмыс сапары аясында Н.Əбдіров І.Жансүгіров атындағы мəдениет үйінде саяси партиялар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер жəне Алматы облысы сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Төрт жүзге тарта адам қатысқан кездесуде ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген сайлау процесін жаңғырту жөніндегі ұсыныстары талқыланды.

Осы күні Ортсайлауком өкілдері Көксу ауданының Мұқыр ауылдық округінде болып, əкімнің ауылды дамыту жөніндегі жұмысымен танысты, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесті. Жалпы, ауыл тұрғындары өздері сайлаған əкімнің қызметіне оң баға беріп, ауыл əкімдігінің бюджетін қалыптастыру көздерін кеңейту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ Орт сайлауком Төрағасы Көксу ауданының Еңбекші ауылдық округінде болып, Амангелді ауылының №664 учаскелік сайлау комиссиясының осы жылдың 3 сəуіріне белгіленген ауылдық округ əкімін сайлау бойынша дауыс беруге дайындық жұмыстарымен танысты. Кездесу соңында Н.Əбдіров сайлау заңнамасына сəйкес алдағы ауыл əкімі сайлауының ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.