Бүгін Нұр-Cұлтан қаласында Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығымен бірлесіп «Мұстафа Шоқай мұрасы отандық және шетел ғалымдарының зерттеулерінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алқалы жиын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан автономиясының жетекшісі болған Мұстафа Шоқай мұраларының зерттелуі және саяси-қоғамдық қызметінің ғылыми еңбектерде көрініс табуы мәселелеріне арналды.
Конференция аясында Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы Мұстафа Шоқайға қатысты еңбектерден тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде шоқайтанушы-ғалымдардың ғылыми еңбектері, кітаптары мен баспасөз бетінде жарық көрген мақалалары қойылды. Сонымен бірге, ҚР Ұлттық мұрағат қорындағы Мұстафа Шоқай қолжазбаларының көшірмелері де көпшілік назарына ұсынылды.Келелі кездесуді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды.
Жиынға қатысушылар өткен ғасырда тұтас Түркістанның азаттығы үшін күрескен Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасы мен идеясы жөнінде кеңінен сөз өрбітіп, пайымды пікірлерін ортаға салды.
Офлайн және онлайн форматта өткен іс-шараға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы, Ш.Ш. Уәлихановатындағы Тарих және этнология институтының Дүниежүзілік тарих бөлімінің меңгерушісі Гүлжауһар Көкебаева, ҚР Орталық архивінің директоры Сәбит Шілдебай, Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Ресей Аймақтық мәселелер институтының директоры Дмитрий Журавлев, Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институты Ғылыми кеңесінің мүшесі Александр Кадырбаев, РҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Ахат Салихов, Өзбекстан Ғылым академиясы Тарих институтының бөлім меңгерушісі Кахрамон Раджабов, Баку мемлекеттік университетінің профессоры Абид Тахирли,
Қырғызстан Кітап палатасының жауапты қызметкері Кушубек Качибеков және басқа да алаштанушы, шоқайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.