Жексенбі күні Францияда президент сайлауы өтті. Бірінші турдың қорытындысы толық шықпағандықтан, үш жолақты елдегі саяси бәсекеде кімнің аты озатынын шолып көрмекпіз. Десе де, қазіргі президент Эммануэль Макронның шоқтығы басқалардан биік тұр.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Франциядағы саяси дода түрлі оқиғаларға толы болды. Десек те, сарапшылар биылғы бәсекенің бұрынғылардай тартысты болмағанын алға тартады. Бұған біріншіден Украинадағы соғыс әсер етіп отыр.
Сайлау кампаниясының сапасыз өткенін, нақты реформалар ұсынылмағанын халықтың көпшілігі де мойындаған. Ifop жүргізген сауалдамаға сүйенсек, француздардың 80 пайызы науқанды «сапасыз» деп санайды. Электораттар екі жылға созылған коронавирус пандемиясы, Ресейдің Украинаға басып кіруі және өмір сүру құнының қиындауы секілді өзекті мәселелерге қатысты үміткерлердің нақты жоспары жоқ екеніне наразы.
Жалпы, биылғы сайлауда президенттікке басты үміткер – екеу. Қазіргі мемлекет басшысы Эммануэль Макрон мен оңшыл «Ұлттық алаң» партиясының төрағасы Марин Ле Пен. Әрине, саяси бәсекеде олардан басқа да кандидаттар тіркелді. Дегенмен, түрлі сауалдамаларға сүйенсек, президенттікке негізгі талас Макрон мен Ле Пен арасында өтпек.
Politico Research жүргізген сауалдамаға сәйкес, бірінші турда Макрон 26 пайыз, Ле Пен 23 пайыз қолдауға ие болмақ. Осылайша, 24 сәуірде екінші тур өтуі тиіс. Бұл кезеңде Макрон 53 пайыздық көрсеткішпен қайтадан Франция президенттігіне сайланады дейді болжамшылар.
Эммануэль Макрон кейінгі 20 жылда екінші мәрте президенттікке сайланған алғашқы ел басшысы атануы әбден мүмкін. Қазіргі президент үгіт-насихат жұмыстары кезінде салықты төмендетуді жалғастыруға, зейнетақы жасын 65-ке дейін көтеруге және халықты жаппай жұмыспен қамтуға уәде берді.
Оның үстіне Макронды Францияда қолдайтындар өте көп. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол елдегі саясат таразысын тепе-тең ұстай білгенімен ерекше. Көптеген демократиялық елде саясат барған сайын полярлана түскен. Солшылдар мен оңшылдар бір-бірін жақтырмайды. Ал Макрон қалыпты центристік ұстанымды сақтап қалды. Қазіргі таңда да ол ұстанымынан айнымайтынын көрсетіп келеді.
Екіншіден, Макронның бәсі жоғары тұруына Украинадағы соғыс та ықпал етуі мүмкін. Оның басты қарсыласы Марин Ле Пен басшылық жасайтын «Ұлттық алаң» партиясы Ресей президенті Владимир Путинге жылы қабақ танытатыны, Еуропа интеграциясына скептикалық көзқараспен қарайтыны белгілі. Сондықтан Ресейдің Украинаға шабуылы мен ондағы әскери қылмыстарын қатаң айыптайтын француз халқы Макронды таңдауға шешім қабылдауы әбден мүмкін.
Рас, қазіргі президент үгіт-насихат науқанына кеш араласты. Бұған да себеп – Украинадағы соғыс. Ол аталған елдің басшысы Володимир Зеленский, Ресей президенті Владимир Путинмен қайта-қайта сөйлесіп жүріп, ішкі науқанға көңіл бөлуге уақыты жетпеді. Бұл дауыс беру нәтижесіне айтарлықтай әсер етуі ықтимал.
Жалпы, Э.Макрон қиын сәтте жол тауып кетуімен танымал. Мысалы, ол 2017 жылғы сайлауда сол кездегі ахуалды тиімді пайдалана отырып, қарсыластарын қапы қалдырған еді. Бес жыл бұрынғы саяси бәсекенің алдында солшылдардың негізгі кандидаты, президент Франсуа Олланд беделінен айырылып, оның рейтингі мерзімі аяқталуға бір жыл қалғанда 4 пайызға дейін түсіп кетті. Соған байланысты ол сайлауға түсуден бас тартты. Ал оңшылдардың негізгі кандидаты Франсуа Фийон ақша жымқырды деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Осындай сәт Макронның оң жамбасына дәл келді. Ел ішінде солшылдар мен оңшылдардың радикалдануының күшеюі жиі айтылып жүрген-ді. Соны еске ұстаған ол алаңдаған центристік ұстанымдағы халықтың қызу қолдауына ие болды. Макронның командасы сайлау науқаны кезінде «медиан сайлаушы» стратегиясына сүйене отырып, центристікке жақын көзқарас ұстанатын солшылдардың да, оңшылдардың да даусын жеңіп алды.
Дегенмен Ле Пенді естен шығаруға болмайды. Ол бұған дейін екі мәрте президенттікке таласып көрген. Бірақ екеуінде де жолы болған жоқ. Әйтсе де «Ұлттық алаң» партиясының жетекшісі біртіндеп алға жылжып, халықтың қолдауын иемденіп келеді. Мәселен, 2012 жылғы сайлауда ол бірінші турда 6,4 миллион дауыс жинап, үшінші орынға тұрақтады. Естеріңізде болса, сол жылы Франсуа Олланд пен Николя Саркози тиісінше 28,6 және 27,1 пайыз дауыс жинап, екінші турға өткен еді. Ақырында «үш жолақты елдің» тізгінін Олланд мырза ұстаған.
Ле Пеннің 2012 жылғы сайлаудағы нәтижесі бір нәрсені анық аңғартты. Францияда оңшыл ұстанымдағылар саны көбейіп келеді. Мысалы, 2014 жылғы муниципалды сайлауда «Ұлттық алаң» партиясы 7 пайыз қолдауға ие болып, елдегі үшінші күшке айналды. Сол жылы мамырда өткен Францияның Еуропа Парламенттері сайлауында озық шығып, 25,4 пайыз дауыс жинады. Осылайша, «Халықтық қозғалыс үшін одағы» мен Социалистік партияны шаң қаптырып кетті. Нәтижесінде, тұңғыш рет Францияда әсіре оңшыл көзқарастағы партия жеңіске жетті.
Келесі 2017 жылғы президенттік сайлауда да Марин Ле Пен бәсекеге түскен. Бұл жолы да жолы болған жоқ. Әйтсе де, оның екінші турға өткенін айта кеткен жөн. Бірінші турда Марин ханымды 7,6 миллион тұрғын қолдап дауыс берді. Бұл – жалпы электораттың 21,3 пайызы. Ол тек Эммануэль Макронға ғана (24 пайыз) есе жіберді. Екінші турда қалған үміткерлердің бәрі Ле Пенге қарсы екенін айтып, қолдаушыларын Макронға дауыс беруге шақырған. Салдарынан «Ұлттық алаң» жетекшісі 34 пайыз дауысты қанағат тұтты.
Ендеше, биылғы саяси дода Марин ханым үшін не бел, не белбеу кететін сәт. Алда-жалда бұл сайлауда жеңіске жете алмаса, халық алдындағы абыройы біртіндеп түсе беретінін болжау қиын емес. Сондықтан Ле Пен барын салып жатыр. Ол қазіргі таңда партияның көшбасшысы ретінде ұстанымын «Ұлттық алаңның» негізін қалаған әкесі Жан-Мариден өзгеше екенін көрсетуге талпынды. Тіпті партияның атын өзгертті.
Ле Пен ханым кейінгі уақытта бүкіл халықтың көңілін тауып, оңшылдардың ғана емес, бүкіл француздың көшбасшысы атануға лайық екенін көрсетуге талпынып жүр. VA+ арнасына берген сұхбатында жеке көзқарасы мен отбасы туралы әңгімелеп берді.
«Сауытымды шешетін мезгіл жетті. Француздар мені жақынырақ тануы тиіс. Осылайша маған жақсырақ баға бере алады. Бәлкім, саяси бәсекеге араласатын әйел ретінде саяси соққы қабылдайтындықтан, уақыт өте келе қатал көріне бастайсың. Меніңше, бүгінде осы қаталдықты тастайтындай деңгейге жеттім. Жауынгердің артында ананың тұрғанын көресіз», деді ол.
Марин ханым өмір сүру құнына ерекше назар аударатынын бірнеше рет айтты. Оның антимиграциялық бағдарламасы қызу талқыланды. Ол қоғамдық орындарда мұсылманша орамал тағуға тыйым салмақ. Марин ханым иммиграция мәселесін жалпы халықтың таңдауына ұсынып, референдум жасауды көздейді. Оның ұсынған құжатында заңсыз иммигранттар мен заң бұзған босқындарды елден шығару көзделген. Әйтсе де, Ле Пен өз партиясының бұған дейін талай мәрте көтерген бір жынысты неке мен жасанды түсік жасатуға қарсылықты ескермеген екен.
Бір қызығы, сайлауда күтпеген нәтиже де тіркеліп қалуы ықтимал. Әсіре оңшыл эссеист, тележүргізуші Эрик Земмур президенттік сайлауға қатысты. Былтыр күзде жүргізілген сауалдамалардың бірінде ол айды аспаннан бір-ақ шығарып, 17 пайыз қолдауға ие екенін көрсеткен. Журналист исламға, иммиграцияға, білім берудегі сәтсіздіктерге сын айтып, сондай-ақ француз өркениеті құлдырап барады деп дабыл қағып жүр. Бірақ соңғы сауалдама оны қолдайтындар саны 9 пайыздан аспайтынын көрсетті.
Саяси доданың көркін қыздыратын тағы бір үміткер – Жан-Люк Меленшон. Ол бағаның өсуін тоқтатып, президенттік жүйені қайта құруға уәде берді. Сондықтан шығар оны қолдайтындар саны күн санап артып барады. Соңғы сауалдамада электораттың 17 пайызы оған дауыс беретінін айтқан.
Қысқасы, Франциядағы президенттік сайлау Украинадағы соғысқа қарамастан бүкіл Еуропа көз тіккен оқиғаға айналып отыр. Үш жолақты елдің тізгінін кім ұстайтыны қарт құрлық үшін ғана емес, Украинаға да, әлемге де маңызды болмақ.