Түркістан облысында қоймадан 10 миллион теңгенің тауарын ұрлаған күдікті ұсталды. Ол Қазығұрт ауданының тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Сайрам аудандық полиция бөліміне киім-кешек өндірумен айналысатын жеке кәсіпкерден арыз түскен.
«Ер адам Батыс Еуропа–Батыс Қытай тас жолының бойында орналасқан киім қоймасынан тауардың бір бөлігі жоғалып кеткенін түсіндірді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен – 10 миллион теңге», деді Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция бұл фактіні Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексiнің 188-бабы бойынша тіркеді.
«Жедел уәкілдер қоймаға барғанда жол бойынан ер адамды ұстады. Ол ұрланған тауарды көлікке тиеп, қашып кетпекші болған. Қазығұрт ауданының тұрғыны, жәбірленушінің жүк көлігін айдаған қызметкері екені анықталды», деп қосы баспасөз қызметі.
Күдікті Сайрам ауданында жұмыс істеп жүріп, бұрын үш рет басқа адамның мүлкін ұрлаған.
«Бірінші жағдайда ол жарықтың жоқтығынан бейнебақылау камераларының өшіп қалғанын пайдаланып, екі қап киім-кешек ұрлап кеткен. Кейін ер адам ұрланған мүлкін Шымкентте сатып жіберген. Кейінгі екі жағдайда қылмыскер бейнебақылау камерасын өшіріп, «оңай ақша» табу үшін мүліктерді ұрлаған. Күдікті ұрланған киімдерді 3 миллион теңгеге сатып, ақшаны өз қажетіне жұмсаған», деп мәлімдеді Түркістан облысы Полиция департаменті.
Қазір күдіктіге қатысты «бөтеннің мүлкін ұрлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар екені анықталған.