Қазақстанның ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі астық тапшылығы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«БАҚ-та шикізат тапшылығына байланысты кейбір ұн тарту кәсіпорындарының қызметін тоқтата тұру туралы бірқатар жарияланымдар тарады. Бірден астық тапшылығы жоқ деген хабардан бастағым келеді. Республикада астық қоры жеткілікті мөлшерде», деді ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
Оның мәліметінше, елімізде 6,4 млн тонна астық бар. Бұл көлем ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың бір бөлігін экспортқа жіберу үшін жеткілікті.
«Айта кетсек, біз жыл сайын шамамен 3 млн тонна ұн өндіреміз, бұл көлемнің жартысы экспортқа жіберіледі. Ішкі нарықта тапшылықтың туындауын және ұн тарту кәсіпорындарының жүктелуін болдырмау мақсатында ведомствоаралық комиссия 2022 жылғы 1 сәуірден бастап 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортына квоталауды енгізу туралы шешім қабылдады. Бидай квотасының көлемі – 1 млн тонна, ұнға - 300 мың тонна», деп түсіндірді Айдарбек Сапаров.
Бұдан басқа, ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін ведомство Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлерде бидайдың бар-жоғын түгендеу бойынша жұмыс жүргізуде.
«Ұнға келетін болсақ, 7 сәуірдегі жағдай бойынша қорлар 118 мың тоннаны құрайды, оның ішінде 10 мың тонна – тұрақтандыру қорларында, 22 мың тонна – айналым схемасы шеңберінде, 48 мың тонна – өндірушілерде, шамамен 20 мың тонна – қоймаларда және 18 мың тонна - сауда объектілерінде. Көрсетілген көлем ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар, «Азық-түлік корпорациясының» ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болған жағдайда тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады», деп Нақтылады Айдарбек Сапаров.