Осы жылғы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырамын», деп еді. Президенттің нақты тапсырмасынан кейін мен сияқты 40 жыл өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған зейнеткерлер арасында түрлі ой туындады. Өйткені соңғы жылдары жайылым тапшылығы барлық аймақта өте өзекті мәселеге айналып отыр.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда жайылым мәселесін шешуге бағытталған заң жобасын таныстырды. Осы арада ендігі негізгі мәселенің марғасқасы, осы дайындалған заң жобасына жеке қосалқы шаруашылықтардың малын шұрайлы, құнарлы жайылымдармен қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар белгіленуге тиіс. Атап айтар болсақ, біріншіден, ауыл әкімшілігінің бекітілетін бюджеттерін жоспарлағанда, сол жоспардың ішіне міндетті түрде ауыл әкіміне тікелей бағынатын коммуналдық шаруашылық ұйымдастырылып, құрылуы қажет. Осы коммуналдық шаруашылықты керекті техникамен, арнайы құрылғысы бар тракторлармен, автомашиналармен, қамтамасыз етіп, оны білікті жақсы мамандармен толықтыру керек. Бұл ұжымның мүшелері ауыл тұрғындарына өздері шөп шауып, егін, мал шаруашылығымен толық айналыса алатын, ал қыс мезгілінде жол, көшелерді өз күшімен тазарта алатын дәрежеде болып, керек кезінде ұсақ жеке меншік иелеріне, әсіресе зейнеткер, аурушаң, тұрмысы төмен отбасыларға қысы-жазы керекті ағашын, көмірін қолжетімді бағамен сатып және тасып бере алса, міне, сонда ғана ел мерейі көтеріліп, әлеуметтік жағдайдың дұрысталуына үлкен септігі тиетіні айдан анық.
Осы кезек күттірмейтін мәселелер аталған заңда дұрыс шешімін таппаса, онда «баяғы жартас, сол жартас» болып қала бермек, ел тұрғындары дарақылық, дәйексіз, даурықпа сөздерден айырыла алмай, бүк түсіп бүгілген күйінде қала береді.
Мұның негізгі себеп-салдарына келетін болсақ, жыл сайын таласатын тендер жарысы. Осындай елге де, жерге де тіптен тиімсіз пайдасы жоқ қисынсыз істі ауылдық жерде мүлдем жабу керек. Неге десеңіз, сол тендерге бөлінген ақша қоры кесіле-кесіле шолақ күректей болып, қарымды, нәтижелі жұмыс істеуге жұмсалмай, аяғы іріген-шіріген дүниелерге барып тіреліп жатады.
Сондықтан осы айтылған түйткілді тақырыпты майшаммен қарап, батыл да, дұрыс шешімдер қабылданса нұр үстіне нұр болар еді. Заң сүзгілікті сынақтан өтсе ғана ел өміріне сенімді серпін беретіні сөзсіз.
Жаңбыршы ТІЛЕУҒАБЫЛОВ,
зейнеткер
Қостанай облысы,
Рудный қаласы