Соңғы уақытта ел ішінде, сондай-ақ әлемде болып жатқан жағдайлар қоғамды алаңдатуда. Бұл кезеңді еңсеру үшін халқымызға ерік-жігер мен табандылық қажет екені сөзсіз. Сындарлы уақытта қоғамды алға жетелейтін де, жаңғыртатын да әлеует – ғылымда. 12 сәуір – Ғылым күніне орай Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновпен әңгімелескен едік.
– Мұрат Жұрынұлы, қазіргідей қысылтаяң уақытта мемлекеттің алдағы бағыт-бағдарын анықтап, стратегиялық басымдықтарды атап көрсеткен Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланды. Ел келешегін айқындайтын маңызды құжатты ғылыми қауымдастық қалай қабылдады?
– Еліміз қаңтар қасіретінен енді-енді ес жия бастаған тұста, халықаралық жағдайға байланысты экономикалық қиындықтарға тап болдық. Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы экономикалық диверсификациясы әлсіз, Қазақстан сияқты елдерге әсері болмай қойған жоқ. Дағдарысты кезеңде басты басымдықтарды, ірі ұлттық жобаларды ел экономикасын дамытуға, яғни азық-түлік, технологиялық және биологиялық қауіпсіздікті нығайту қажеттігіне меңзеп отыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған инновациялық бастамалармен қатар, әлеуметтік мемлекеттің талаптарына толығымен сәйкес келетін маңызды құжат ретінде ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Президент «Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік» дей отырып, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшуді ұсынды. Мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгертуге, пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табуына мән бергендігі демократияны дамыту және азаматтық қоғамды күшейтудегі рөлі зор. Сот жүйесіндегі, Сенат пен ҚХА өкілеттігіндегі өзгерістер, әкімдердің саяси партиялар басшылығынан бас тартуы, әділетті сайлаумен қатар, елдің алтын қорын қадағалау, теңгенің тұрақтылығын сақтау сияқты басымдықтардың орын алуы тәуелсіз мемлекет азаматтарының көңіліне зор сенім ұялатқаны анық. Ендігі кезекте осы міндеттердің кәсіби тұрғыда жүзеге асқаны маңызды. ҰҒА президиумы Президент Жолдауын талқылап, қызу қолдады.
– Халқымыздың маңдайалды ғалымдары бастауында тұрған Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына да 75 жылдан асып барады. Еліміз ғана емес, халықаралық кеңістікте жоғары беделге ие болған Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін бекіту туралы мәселе әлі күнге басы ашық күйінде қалып отыр. Академияның алдағы уақыттағы бағыт-бағдары қандай болады?
– Ғылымды дамытудың негізгі жолы қаржыландыру мен сапалы мамандар екені белгілі. Ұлттық ғылым академиясы өз тарихында 75 жылдық даңғыл жолды еңсерді десек, осы уақытты 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Даму тарихындағы өзгерістермен қатар, бұл қасиетті орданың мәртебесі де өзіндік сипат алып отырды. Соның біріншісі, дәстүрлі, кеңестік жүйеге негізделді. Осыған орай, барлық ғылыми-зерттеу институттары академияның қарамағында құрылып, академияның өзі мемлекеттік орган ретінде, ғылым саласын дамытып, мемлекетке есеп беріп отырды. Бұл кезең 1995 жылға дейінгі ұзақ жылдармен байланысты. Екіншісі, Ғылым министрлігімен бірігу кезеңі («ғылым министрлігі – Ғылым академиясы»), осы жылдарда Ғылым академиясы ғылымның басым бағыттарын айқындай отырып, гранттарға конкурстар өткізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын сараптау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру және басқа да міндеттерді қамтитын мемлекеттік мекеме ретінде қызметін жүзеге асырды. Алайда үш жыл өткеннен кейін академия Білім және ғылым министрлігінен бөлініп, дербес даму жолына түсті. Нәтижесінде, барлық 45 ғылыми-зерттеу институты министрліктің еншісінде қалып қойды. Үшіншісі, 2003 жылы Францияның, АҚШ-тың Ұлттық Ғылым академияларының тәжірибесі бойынша академияны мемлекеттік емес қоғамдық ұйымға айналдырумен байланысты болатын. Алайда осы елдердің үлгісін толығымен қабылдау мүмкін болмады. Өйткені аталған елдердің заңдары ғылыми ұйымдардың мемлекеттік мәртебесі бар-жоғына қарамай, олардың рейтингтік деңгейіне сәйкес қаржыландырылады. Осы себепті Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы тікелей қаржыландырудан айырылды. Себебі Конституцияның 5-бабына сәйкес қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуына жол берілмеген.
– ҰҒА қызметін әрі қарай дамыту үшін қандай елдердің тәжірибесін басшылыққа алған тиімді?
– ТМД елдерінде барлық академиялар өз мемлекеттерінің басқаруында қалды. Олардың әрқайсысы академия туралы тиісті заңды және өз Жарғысын басшылыққа ала отырып жұмыс істеп келеді. Ал біздің академия тек өз Жарғысымен ғана жұмыс істейді. ТМД елдерінің ғылым академияларындағы дәстүрлі мәртебеге қайта оралуымыз қиындап кетті. Академиялық институттардың жартысы әр мекемеге бөлініп, ал кейбіреулері жекеменшікке сатылып кетті. Қазіргі кезде бізге бірінші кезекте қолжетімдісі – Беларусь ұлттық ғылым академиясы немесе Ресей ғылым академиясының үлгілері. Беларусьтық үлгінің дәстүрлі кеңестік үлгіден айырмашылығы – ҰҒА басшысын академиктердің арасынан мемлекет президенті тағайындайды. Ол лауазымның аты – ҰҒА президиумының бастығы (председатель). Бірақ президиум мүшелерін академияның Жалпы жиналысы жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Беларусь ұлттық ғылым академиясы үкімет құрамына кіреді. Тиімділігі жағынан екінші кезектегі Ресей ғылым академиясының үлгісі – ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтау, сараптама жүргізу, ғылыми жобаларды бекіту, ғылымды насихаттау, ғылыми кадрларды даярлау және басқа да бағыттарды жүзеге асырумен айналысады. Бірақ РҒА-ның құрамына институттар кірмейді. Зерттеу институттары Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрлігі қарамағына өткен. Ресей ғылым академиясының президенті жалпы жиналыс арқылы сайланып, оны Ресей Федерациясының президенті бекітеді. Ол Ресей Федерациясы үкіметінің құрамына кіреді. Ал үшіншісі, академия меншігінің 50 пайызын мемлекеттік органға немесе мекемеге беріп, квазимемлекеттік мәртебе ұстану, Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысы бекіткен Жарғысы негізінде және мемлекеттік серіктеспен бірлесе отырып, Ғылым академиясының қызметін мемлекеттік тапсырыстар алу арқылы қамтамасыз ету. Бұл мәселелер Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы мүшелерінің арасында кейінгі он шақты жылдар бойы талқыланып келеді. Бұл нұсқалардың қайсысын ел Үкіметі қолдайтыны әлі белгісіз. Бірақ олардың бәрі Ұлттық ғылым академиясының қазіргі жағдайынан әлдеқайда қолайлы.
– Соңғы уақытта ғылым саласындағы заңнаманың жетілдірілуі саладағы оң өзгерістерге жол ашқаны белгілі. Заңнама аясында бұрын-соңды ғылымға кедергі болып келген қандай мәселелерді шешу мүмкіндігі туды?
– Заңнамадағы өзгерістердің барлығы ғалымдар үшін қолайлы жағдай жасау, отандық ғылымның жетістігін арттыруға бағытталып келеді. Көпшілікке белгілі 2021 жылы Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында Үкіметке ғылымда қордаланған мәселелерді шешуге, жыл соңына дейін ғылым туралы заңға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын. Парламент, мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық бұл тапсырманы қысқа мерзім ішінде іске асырды. Заң аясында Президент тапсырмасына орай базалық қаржыландыруға аға ғалымдардың еңбекақысы енді, іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми ұйымдарды, ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды және бағдарламаларды 5 жылға дейін қыржыландырумен қатар Ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне байланысты аппеляциялық институт енгізіліп, ғылыми тәжірибеден өтудің нормативті базасы қарастырылды. Бұл өзгерістер 1 мыңнан аса ғалымды тұрақты жалақымен қамтамасыз етуге, іргелі ғылыми-зерттеулермен айналысатын, әсіресе, әлеуметтік-гуманитарлық саладағы мықты ғалымдарды, жастарды ғылыми-зерттеу институттарының жұмыстарына тартуға, ғылыми мектептерді құру мен дамытуға бағытталып отыр. Бұл ережелер барлық ғалымға және ҒЗИ-ға бірдей қолжетімді болуға тиіс. Яғни олардың мемлекеттік немесе жекеменшік мекемеде қызмет атқарғаны емес, ғылыми жетістіктері маңызды болуы керек. Өйткені олар тапқан ғылыми жаңалықтардың пайдасын барлық қоғам мүшелері бірге көреді. Сонда ғана ғылым қоғамға технологиялық серпіліс әкеледі. Конкурстардың нәтижесінде Білім және ғылым министрлігі биыл республикалық бюджеттен 1 036 жоба мен 59 ғылыми-техникалық бағдарламаны қаржыландырып отыр. Осы орайда Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауларындағы білім және ғылым салаларына қатысты тапсырмаларды осы сала министрі А.Аймағамбетовтің бұлжытпай орындап келе жатқанын атап өткеніміз орынды.
– Білім мен ғылым жастардың келешегін айқындайтын күре жол. Отандық ғылымның бастауында тұрған ғалым ретінде оның даму барысына қандай баға берген болар едіңіз?
– Білім министрі лауазымында қызметте жүрген кезімде Американың, Еуропаның алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындары, колледждері мен мектептерінің жұмысымен таныстым. Салыстыра қарағанда, сол жылдарда техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі төмен болғанымен, біздің түлектеріміздің білімі шетелдік оқушылардан төмен еместігіне көз жеткіздім. Біз білімді, оның жоғары сатысы – ғылымды дамытуды әрі қарай жоспарлап, жедел дамытуымыз қажет. Жеріміз қазба байлыққа бай, дәулетті елміз. Ендігі кезекте сол қазба байлықты өзіміз, жаңа ғылыми жетістіктерді, заманауи технологияларды қолдана отырып, өңдеп, экспортқа шығарып, ұлттық қазынамызды толтыратын кез келді. Сонда ғана санаулы жылдарда өзін-өзі қамтамасыз ететін, барлық салада жетістікке жеткен, дамыған елге айналарымыз сөзсіз. Президентіміз Қ.Тоқаев мұны Қазақстан халқына әр Жолдауында тереңнен мән беріп, дәріптеп келеді. Сондықтан барлық мақсатымыз орындалуы үшін Президент бастаған Жаңа Қазақстанды құру барысында жетекші ғалымдарымыз алдыңғы шептен көрініп, жас ғалымдармен бірге аянбай еңбек етуі керек. Оған мемлекетіміздің де, ғалымдарымыздың да әлеуеті толығымен жетеді.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»