• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 11 Сәуір, 2022

Мұрат Жұрынов: Ғылым – қоғамға технологиялық серпіліс әкелетін үлкен күш

960 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта ел ішінде, сондай-ақ әлемде болып жатқан жағдайлар қоғамды алаңдатуда. Бұл кезеңді еңсеру үшін халқымызға ерік-жігер мен табандылық қажет екені сөзсіз. Сындарлы уақытта қоғамды алға жетелейтін де, жаңғыртатын да әлеует – ғылымда. 12 сәуір – Ғылым күніне орай Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновпен әңгімелескен едік.

– Мұрат Жұрынұлы, қазіргідей қы­­сылтаяң уақытта мемлекеттің ал­­дағы бағыт-бағдарын анықтап, стра­­тегиялық басымдықтарды атап көр­­сет­кен Мемлекет басшысының Жол­дауы жарияланды. Ел келешегін ай­қындайтын маңызды құжатты ғылыми қауымдастық қалай қабыл­дады?

– Еліміз қаңтар қасіретінен енді-енді ес жия бастаған тұста, халықаралық жағдайға байланысты экономикалық қиындықтарға тап болдық. Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге салған санкциясы экономикалық диверсификациясы әлсіз, Қазақстан сияқты елдерге әсері болмай қойған жоқ. Дағдарысты кезеңде басты басымдықтарды, ірі ұлттық жобаларды ел экономикасын дамытуға, яғни азық-түлік, технологиялық және биологиялық қауіпсіздікті нығайту қажеттігіне меңзеп отыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған инновациялық бастамалармен қатар, әлеуметтік мем­лекет­тің талаптарына толығымен сәйкес келетін маңызды құжат ретінде ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Пре­зидент «Қазақстанды түбегейлі жаң­ғыртуға, трансформациялауға көш­тік» дей отырып, басқарудың супер­прези­денттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік респуб­ликаға біржола көшуді ұсынды. Мәсли­хаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгертуге, пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табуына мән бергендігі демократияны дамыту және азаматтық қоғамды күшейтудегі рөлі зор. Сот жүйесіндегі, Сенат пен ҚХА өкілеттігіндегі өзгерістер, әкімдердің саяси партиялар басшылығынан бас тартуы, әді­летті сайлаумен қатар, елдің алтын қо­рын қадағалау, теңгенің тұрақтылығын сақ­­тау сияқты басымдықтардың орын алуы тәуелсіз мемлекет азаматтарының көңі­ліне зор сенім ұялатқаны анық. Ендігі кезек­те осы міндеттердің кәсіби тұрғыда жү­зеге асқаны маңызды. ҰҒА президиумы Пре­зидент Жолдауын талқылап, қызу қолдады.

– Халқымыздың маңдайалды ға­лым­дары бастауында тұрған Ұлттық ғы­лым академиясының құрылғанына да 75 жылдан асып барады. Еліміз ғана емес, халықаралық кеңістікте жоғары бе­делге ие болған Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының мәртебесін бекіту туралы м­әсе­ле әлі күнге басы ашық күйінде қа­лып отыр. Академияның алдағы уа­қыт­тағы бағыт-бағдары қандай болады?

– Ғылымды дамытудың негізгі жолы қаржыландыру мен сапалы мамандар екені белгілі. Ұлттық ғылым академия­сы өз тарихында 75 жылдық даңғыл жол­ды еңсерді десек, осы уақытты 3 ке­зең­ге бөліп қарастыруға болады. Даму та­ри­хындағы өзгерістермен қатар, бұл қа­сиет­ті орданың мәртебесі де өзіндік си­пат алып отырды. Соның біріншісі, дәс­түрлі, кеңестік жүйеге негізделді. Осы­ған орай, барлық ғылыми-зерттеу инс­тит­уттары академияның қарамағын­да құ­ры­лып, академияның өзі мемлекет­тік ор­ган ретінде, ғылым саласын дамы­тып, мемлекетке есеп беріп отырды. Бұл кезең 1995 жылға дейінгі ұзақ жылдар­мен байланысты. Екіншісі, Ғылым ми­нистр­лігімен бірігу кезеңі («ғылым ми­нистр­лігі – Ғы­лым академиясы»), осы жыл­дарда Ғы­лым академиясы ғылымның б­асым ба­ғыт­­тарын айқындай отырып, грант­тар­ға кон­курс­тар өткізу, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­тарын сараптау, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын ұйымдастыру және басқа да мін­деттерді қамтитын мем­лекеттік ме­ке­ме ретінде қызметін жүзе­ге асырды. Алай­да үш жыл өткеннен ке­йін академия Білім және ғылым ми­нистрлігінен бө­лініп, дербес даму жолына түсті. Нә­ти­­же­­сінде, барлық 45 ғылыми-зерттеу инс­­ти­­туты министрліктің енші­сінде қа­­лып қойды. Үшіншісі, 2003 жы­лы Фран­ция­ның, АҚШ-тың Ұлттық Ғы­лым ака­де­мияларының тәжірибесі бо­йын­ша ака­де­м­ияны мемлекеттік емес қоғам­­дық ұйым­ға айналдырумен байла­ныс­ты болатын. Алайда осы елдердің үлгі­­сін толығымен қабылдау мүм­кін бол­­ма­ды. Өйткені аталған ел­дердің заң­дары ғы­лыми ұйымдардың мем­лекет­тік мәртебесі бар-жоғына қарамай, олар­дың рей­тинг­тік деңгейіне сәйкес қар­жы­­лан­­ды­ры­лады. Осы себепті Қазақ­стан­­ның Ұлттық ғылым академиясы тіке­лей қаржыландырудан айырылды. Се­бе­бі Конституцияның 5-бабына сәйкес қоғам­дық бірлестіктердің мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылуына жол берілмеген.

– ҰҒА қызметін әрі қарай дамыту үшін қандай елдердің тәжірибесін басшылыққа алған тиімді?

– ТМД елдерінде барлық академия­лар өз мемлекеттерінің басқаруында қалды. Олардың әрқайсысы академия туралы тиісті заңды және өз Жар­ғы­сын басшылыққа ала отырып жұмыс іс­теп келеді. Ал біздің академия тек өз Жар­ғы­сымен ғана жұмыс істейді. ТМД елдері­нің ғылым академияларын­дағы дәстүр­лі мәртебеге қайта оралуы­мыз қиын­­дап кетті. Академиялық институт­тар­­дың жартысы әр мекемеге бөлініп, ал кейбіреулері жекеменшікке сатылып кетті. Қазіргі кезде бізге бірінші кезек­те қолжетімдісі – Беларусь ұлт­тық ғылым академиясы немесе Ресей ғылым академиясының үлгілері. Бе­ларусь­тық үлгінің дәстүрлі кеңестік үлгіден айырмашылығы – ҰҒА басшысын академиктердің арасынан мем­лекет президенті тағайындайды. Ол лауа­зымның аты – ҰҒА президиумының бастығы (председатель). Бірақ президиум мүшелерін академияның Жалпы жи­налысы жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Беларусь ұлттық ғылым ака­демиясы үкімет құрамына кіреді. Тиім­ділігі жағынан екінші кезектегі Ресей ғылым академиясының үлгісі – ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтау, сараптама жүргізу, ғылыми жобалар­ды бекіту, ғылымды насихаттау, ғылыми кадрларды даярлау және басқа да бағыттарды жүзеге асырумен айналысады. Бірақ РҒА-ның құрамына институттар кірмейді. Зерттеу институттары Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрлігі қарамағына өткен. Ресей ғылым академиясының президенті жалпы жиналыс арқылы сайланып, оны Ресей Федерациясының президенті бекітеді. Ол Ресей Федера­циясы үкіметінің құрамына кіреді. Ал үшіншісі, академия меншігінің 50 пайызын мемлекеттік органға немесе мекемеге беріп, квазимемлекеттік мәртебе ұстану, Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысы бекіткен Жарғысы негізінде және мемлекеттік серіктеспен бірлесе отырып, Ғылым академиясының қызметін мемлекеттік тапсырыстар алу арқылы қамтамасыз ету. Бұл мәселелер Қазақстанның Ұлттық ғылым академия­сы мүшелерінің арасында кейінгі он шақты жылдар бойы талқыланып келеді. Бұл нұсқалардың қайсысын ел Үкіметі қолдайтыны әлі белгісіз. Бірақ олардың бәрі Ұлттық ғылым академиясының қазіргі жағдайынан әлдеқайда қолайлы.

– Соңғы уақытта ғылым саласын­дағы заңнаманың жетілдірілуі сала­дағы оң өзгерістерге жол ашқаны белгілі. Заңнама аясында бұрын-соңды ғылымға кедергі болып келген қандай мәселелерді шешу мүмкіндігі туды?

– Заңнамадағы өзгерістердің барлығы ғалымдар үшін қолайлы жағдай жасау, отандық ғылымның жетістігін артты­руға бағытталып келеді. Көпшілікке бел­гілі 2021 жылы Президент «Халық бір­лігі және жүйелі реформалар – ел өр­кен­деуінің берік негізі» Жолдауында Үкі­­метке ғылымда қордаланған мәсе­ле­­лер­ді шешуге, жыл соңына дейін ғы­лым туралы заңға өзгерістер енгізуді тап­сыр­ған болатын. Парламент, мемле­кет­тік органдар, ғылыми қауымдастық бұл тап­сырманы қысқа мерзім ішінде іске асы­р­ды. Заң аясында Президент тап­­сыр­­­масына орай базалық қаржы­лан­ды­ру­ға аға ғалымдардың еңбекақысы енді, іргелі ғылыммен айналысатын ғы­лы­ми ұйымдарды, ғылыми, ғылы­ми-тех­­­ни­калық жобаларды және бағдар­ла­ма­ларды 5 жылға дейін қыржы­лан­дыру­­мен қатар Ұлттық ғылыми кеңес ше­шім­­­деріне байланысты аппеля­ция­лық институт енгізі­ліп, ғылыми тәжіри­бе­­ден өтудің норма­тив­ті ба­засы қарас­ты­­рыл­ды. Бұл өзгеріс­тер 1 мың­­нан аса ға­­лым­ды тұрақты жалақы­­мен қам­­та­ма­­сыз етуге, іргелі ғылыми-зерт­­теу­лер­­мен айналысатын, әсіресе, әлеу­мет­­тік-гуманитарлық саладағы мық­­ты ғалымдарды, жастарды ғылыми-зерттеу институттарының жұмыстарына тартуға, ғылыми мектептерді құру мен дамытуға бағытталып отыр. Бұл ережелер барлық ғалымға және ҒЗИ-ға бірдей қол­жетімді болуға тиіс. Яғни олардың мем­лекеттік неме­се жекеменшік мекемеде қызмет атқар­ғаны емес, ғылы­ми жетістіктері ма­ңызды болуы керек. Өйткені олар тапқан ғы­лы­ми жаңа­лық­тардың пайдасын барлық қо­ғам мүше­лері бірге көреді. Сонда ғана ғы­­лым қоғамға технологиялық серпіліс әке­­леді. Конкурстардың нәтижесінде Білім жә­не ғылым министрлігі биыл рес­пуб­­ли­ка­лық бюджеттен 1 036 жоба мен 59 ғы­­лыми-техникалық бағдар­ламаны қар­­жы­­ландырып отыр. Осы орайда Пре­­зи­д­ент Қ.Тоқаевтың Жолдау­ларын­да­ғы білім және ғылым салаларына қатыс­ты тапсырмаларды осы сала ми­нистрі А.Аймағамбетовтің бұлжытпай орындап келе жатқанын атап өткеніміз орынды.

– Білім мен ғылым жастардың келешегін айқындайтын күре жол. Отандық ғылымның бастауында тұрған ғалым ретінде оның даму барысына қандай баға берген болар едіңіз? 

– Білім министрі лауазымында қызметте жүрген кезімде Американың, Еуропаның алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындары, колледждері мен мек­теп­терінің жұмысымен таныстым. Салыс­тыра қарағанда, сол жылдарда техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі төмен бол­ғанымен, біздің түлектеріміздің білімі шетелдік оқушылардан төмен еместігіне көз жеткіздім. Біз білімді, оның жоғары сатысы – ғылымды дамытуды әрі қарай жоспарлап, жедел дамытуымыз қажет. Жеріміз қазба байлыққа бай, дәулетті елміз. Ендігі кезекте сол қазба байлықты өзіміз, жаңа ғылыми жетістіктерді, заманауи технологияларды қолдана отырып, өңдеп, экспортқа шығарып, ұлттық қазынамызды толтыратын кез келді. Сонда ғана санаулы жылдарда өзін-өзі қамтамасыз ететін, барлық салада жетіс­тікке жеткен, дамыған елге айналары­мыз сөзсіз. Президентіміз Қ.Тоқаев мұны Қазақстан халқына әр Жолдауында терең­нен мән беріп, дәріптеп келеді. Сон­дықтан барлық мақсатымыз орындалуы үшін Президент бастаған Жаңа Қазақ­станды құру барысында жетекші ғалым­дарымыз алдыңғы шептен көрініп, жас ға­лым­дармен бірге аянбай еңбек етуі керек. Оған мемлекетіміздің де, ғалымдарымыздың да әлеуеті толығымен жетеді.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»